Қалалық қоғамдық-саяси газет

Деструктивті ағымдармен күрес күшеюде

0 196

Қоғамымызда діни экстремис- тердің қапы қалдырып, талмау тұстан ұрып, есеңгіретіп кетіп жүрген кездері аз кездескен жоқ. Сондықтан да қазіргі таңда діни экстремизмнен төнетін қауіп-қатер қашанда жоғары.

Егер бұл тұжырымымыз дәлелсіз болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтасты-ғы – Тәуелсіздік кепілі» тақырыбында сөйлеген сөзінде діни экстремизмге қарсы күресте жүйелі іс-шаралар кешенін іске асыру қажет екеніне ерекше тоқтала келіп: «Олардың криминалмен, әсіресе қылмыстық-атқару мекемелерінде сыбайласып кетуіне мүлдем жол бермеу керек», – деп алаңдаушылық білдірмеген болар еді.
Расында, елімізде қоғамды дүрліктіріп, халықтың ашу-ызасына тиген, талай жазықсыз жанның өмірін жалмаған лаңкестік әрекеттердің басым бөлігі діни экстремистердің қолымен жасалғанын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Алысқа бармай-ақ күні кеше елімізді есеңгіретіп кеткен «Қасіретті қаңтар» оқиғасында да діни өткір мәселелер желкесін күдірейтіп, айқын көрінгені белгілі. Сондықтан Президент діни экстремизмге қарсы іс-қимылды күшейтуге баса назар аудару керектігін қадап айтты. Осының өзі жат ағымдармен күресті күшейту қажеттігін айқындайды.
Ағымдағы жылы елімізде дін саласында бірқатар өзгерістер орын алғаны мәлім. Оның ішінде ең айтулы оқиға қыркүйек айында елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің өтуі болды. Бұл съезге облысымыздан да делегаттар қатысты. Сондай-ақ биыл Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мерзімі аяқталады. Осыған орай Үкімет деңгейінде «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың мемлекеттік жүйесін 2022-2025 жылдары дамыту» блогы әзірленуде.
Жалпы елімізде, оның ішінде облысымызда діни ахуалдың жай-күйін тұрақты деуге толық негіз бар. Дегенмен проблемалар да жоқ емес екен.
– Облысымыздағы діни жағдайға келсек, еліміздің басқа аймақтарындағыдай түрлі дін өкілдері арасында өзара келісім мен тұрақтылыққа негізделген. Жалпы облыста 11 конфессиядан тұратын мемлекеттік тіркеуден өткен 378 діни бірлестік және филиалмен мемлекеттік-конфессияаралық келісімді нығайту бағытында тығыз қарым-қатынастар орнатылған. Оның 332-сі исламдық, 46-сы христиандық бағытта. Сондай-ақ өңірде дінаралық келісімді нығайту және түрлі сенім өкілдері арасында өзара сыйластықты арттыру мақсатында түрлі бағытта іс-шаралар өткізу қолға алынған.
Басқарма жанында облыстық діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес пен клуб қызметінің аясында діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдерінің қатысуымен тоқсанына 1 рет отырыстар мен кездесулер өткізіліп, түйткілді мәселелер талқыланады. Ал клуб жұмысының мақсаты – түрлі сенімдер мен діндерді ұстанушылар арасында конфессияаралық және дінаралық диалог пен келісімді сақтау және нығайту, өзара түсінісушілікті, сыйластық пен серіктестікті дамыту, өзара келісімді нығайтуда ой бөлісу. Клуб отырысы аясында Алғыс айту күні, Наурыз мерекесі, Конституция күні, Рухани келісім күні, Тәуелсіздік күні сияқты атаулы даталарға орай діни бірлестік басшыларының қатысуымен «TedXtalks», «дөңгелек үстел» форматтарында мәдени, спорттық және т.б. іс-шаралар мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, жуырда «Тараз-Арена» спорт кешенінде облыстағы діни бірлестіктердің өкілдері мен келушілері арасында спартакиада ұйымдастырылды. Клуб аясынан тыс та христиандық бағыттағы шіркеулерге барып, басшылары мен келушілерімен кездесулер өткізіп тұрамыз. Христиандық шіркеулердің қызметі тұрақты бақылауға алынған, – дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев.
Сонымен қатар оның айтуынша, жыл басынан бері мемлекеттік тіркеуден 9 діни бірлестік өтіпті. Жалпы облыстағы діни қызмет саласындағы субъектілер қатарында рухани білім беру ұйымы болып табылатын облыстық «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі жұмыс атқарады. Қазір мұнда 37 жас білім алса, былтыр медресені 18 шәкірт тәмамдаған. Бұдан бөлек, діни іс-шараларды ғибадат үйлерінен тыс жерлерде өткізуге арналған 44 үй-жай, оның ішінде 42 исламдық намазхана мен 2 христиандық құлшылық үйі қызмет етеді. Жыл басынан бері Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарында 2 намазхана өз жұмысын бастаған. Сондай-ақ діни әдебиетті және осы мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты 2 үй-жайдың қызметіне рұқсат берілген. Тағы бір айта кетерлігі, өңірде 7 миссионер мемлекеттік тіркеуден өткен. Олардың 4-і Оңтүстік Кореядан, 1-і Германиядан, қалған 1 адам өз елімізден. Аталған азаматтардың жыл сайын тіркеуден өтуі тұрақты бақылауға алынған.
Ресми мәлімет бойынша, аймақта христиандық бағыттағы шіркеулерге келушілердің саны шамамен 3 500 адамды құрайды екен. Оның 700-ге жуығы православтар, 2 000-ға жуығы Иегова, 800-ге жуығы протестанттар. Келушілердің көбісі Рождество, Пасха, Конгресс Иегова және т.б. діни мерекелерде жиналатын көрінеді. Ал мешіттерге келушілер мен олардың санының өсімі әжептәуір байқалған. Мешіттердің өсімі тұрғындардың қажеттілігіне қарай, әсіресе мешіті жоқ ауылдық елді мекендер есебінен жалғасуда. Мысалы, облыс аумағында 2018 жылы – 301, 2019 жылы – 308, 2020 жы- лы – 313, 2021 жылы 323 мешіт болса, биылғы жылы мешіттердің саны 332-ге жетіп отыр. Бұдан бөлек, облыс бойынша мешіттерге жұма намаздарына келуші жамағаттың саны 37 мыңнан астам болса, күнделікті мешітке келушілердің саны 6 мыңнан астам адамды құраған. Қазіргі уақытқа облыста тағы 13 мешіттің құрылысы жүргізілуде екен.
Өңірдегі мешіттерде арнайы бұйрықпен 435 діни қызметкер, атап айтсақ, 309 имам/молда, 56 наиб имам, 37 азаншы, 33 ұстаз жұмыс атқаруда. Өткен жылы 430 діни қызметкер еңбек еткен.
Өткен жылмен салыстырғанда, жоғары білімді имамдар 23 пайыздан 24,6 пайызға, орта білімділер 22,1 пайыздан 24,9 пайызға артқан. Керісінше, сауат ашу курстарын бітірген діни қызметкерлер 54,9-дан 50,5 пайызға кеміген. Имамдардың білімін арттыруда да жұмыстар өз жалғасын тапқан. Мәселен, республикалық және облыстық деңгейлерде, яғни «Нұр-Мүбәрак» университетінде, облыстық семинарларда кәсіби құзыреттіліктерді арттыру курстарынан облыстағы 62 мешіт имамы өткен.
ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігімен бірлесе рухани құндылықтар мен қоғамдық қатынастарды нығайту бағытында өткен жылдан бері бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылған. Мәселен, мешіт имамдарымен «Жеті Рухани қазық» тұғырнамасы барлық аудандар мен Тараз қаласы тұрғындары арасында насихатталып, 679 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Мешіт имамдарының уағыз-насихат жүргізу бағдарламасына ұлттық салт-санаға негізделген тәрбиелік және патриоттық бағыттағы тақырыптар, Абай мен Шәкәрім сияқты ұлт тұлғаларының ой-толғаулары енгізілген. Сондай-ақ облыстағы 108 мешіт имамына қайырымдылық қорлар мен меценаттардан тұрақты айлық беру мәселесі шешіліп, 7 имамға қызметтік үй берілген. ҚМДБ тарапынан алдағы жылдары мешіт құрылысын жүргізуге тізім бекітіліп, облыстан тек 29 елді мекен енген. Сонымен бірге өңірде мешіт құрылысын жүргізуге арнайы алгоритм аясында іске асуда. Мысалы, Қордай ауданындағы Масаншы, Сортөбе, Ауқатты ауылдық округтеріндегі мешіттерде жұмыс атқаратын этникалық дүнген 63 діни қызметкерге қазақ тілін үйрету курсы 1 жыл бойы ұйымдастырылуда. Бүгінде оның 11-і мемлекеттік тілді ортаңғы деңгейде (В1), 27-сі бастапқы деңгейден жоғары деңгейде (А2), 25-і бастапқы деңгейде (А1) меңгеруде. Биылғы жылы өткен «Құрбан айт» діни мейрамында 31 мыңнан астам отбасыға құрбандық еті таратылып, облысымыз республика көлемінде алдыңғы орындардан көрінгенін де айта кеткен абзал.
Ал енді өңірде діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан бағыттарға тоқталып өтсек. Облыста құрамы 125 мүшеден тұратын дін саласындағы 17 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Биылғы жылдың басынан АТТ мүшелерімен офлайн форматта 3 087 іс-шара өткізіліп, оған 99 мыңнан астам мақсатты топ өкілдері қамтылған.
– Жалпы облыста дін саласында жоғары білімі бар 76 азамат қызмет атқаруда. Осы саладағы мамандардың айлық жалақыларының төмен болуы өзекті мәселелердің бірі болатын. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап ДПЗО мамандарының айлықтарын көтеру мәселесі шешілу үстінде. Тағы қоса кетерлігі, «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде облысымыздан 108 студент білім алуда. Бұдан бөлек, дінтану, исламтану және теология мамандықтары бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде облысымыздан 22 студент оқуда. «Талдамалық интернет карта» бағдарламасы арқылы әлеуметтік желілердегі деструктивті діни топтардан 6 449 облыс тұрғыны шығарылды. «Кибербақылау» бағдарламасы арқылы интернет желілерінде 5 260 күдікті парақша анықталып, сараптамаға жолданды. Арнайы «Студия» арқылы «Әулие-Ата» діни танымдық бағдарламасының 28 шығарылымы түсіріліп, «Ютуб» видеохостингінде орналастырылды. Газет редакциялары мен телеарналарда жұмыс атқаратын 18 тілшіден тұратын журналистер пулы құрылып, БАҚ беттерінде дін саласында материалдар үнемі жариялануда. Теолог мамандар мен мешіт имамдарынан құралған арнайы топ жасақталып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталушы азаматтар арасында қоғамға бейімдеу жұмыстарын жүргізуде. Биылғы жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 7 сотталушы қоғамға бейімделді.
Облыстағы діни ахуал шиеленістерінің тәуекелдерін тудырушы басты мәселе – деструктивті діни ағым ұстанушыларының болуы. Олардың идеологиясынан зардап шеккендер арасында қоғамға бейімдеу жұмыстары бір жолға қойылған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылы деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен 108 азамат қоғамға бейімделді. Деструктивті діни контенттерді әлеуметтік желілерде таратқаны үшін 14 азаматтың аккаунты анықталып, оның 6-ына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен теріс қорытынды берілді. Аталған аккаунт иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін облыстық полиция департаментіне ақпарат жіберілді. Діни қызмет саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтік және зерделеу шаралары тұрақты өткізіліп тұрады. Бұл жерде, белгіленбеген орында діни іс-шаралар өткізу, діни әдебиеттер мен материалдар тарату, заңды діни қызметке кедергі келтіру, заңсыз миссионерлік әрекет пен діни курс ұйымдастыру, деструктивті діни контенттерді әлеуметтік желілерде тарату сияқты Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына қайшы әрекеттерді анықтау шаралары кіреді. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453 және 490-баптарына сәйкес, әкімшілік жауапкершіліктер қаралған, – дейді Сәкен Сәрсенбайұлы.
2021 жылы діни қызмет саласында құқық бұзған 8 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, жауапкершілікке тартылса, биылғы жылы 4 құқық бұзушылық деректер тіркелген. Осылайша дін саласындағы құқық бұзушылық фактілерінің азаюы байқалуда. Сондай-ақ жыл басынан бері Тараз қаласындағы «Ауыл-Береке» мен «Орталық базар» сауда орталықтарында, «Шефтар» және «Наргиз» дәмханаларында, Қордай ауылындағы «Мега-Планета» сауда орталығында заңсыз намазханалар анықталып, ескертулер берілді. Намазханалар жабылып, иелеріне тіркеуден өту қажеттілігі туралы түсіндірілген.
Әрине, өңірдегі деструктивті діни ағымдармен күрес мұнымен шектелмейді. Пиғылы жат діни теріс ағымдар бұл күнде ғаламдық проблемаға айналып отырғаны шындық. Тоқсан толғаулы тарихымызды парақтар болсақ, халқымыздың қандай да бір діни алауыздықтарға жол бермегенін байқаймыз. Ал қазір Алла атын аузына алып, намазға жығыла бастағандарды көрсек, кәдімгідей қобалжитын жағдайға жеттік. Мұнда мәселе діннің өзінде емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың қитұрқы әрекетінде болып тұр. Осыған орай ҚР ІІМ кешенді жоспарына сәйкес, Тараз қалалық полиция басқармасы экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері облыс орталығының аумағында қоғамдық-саяси жағдайлардың тұрақтылығын сақтау мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді.
Бөлімшенің дерегінше, барлық мешіттер мен діни бірлестіктер ҚР заң талаптарына сәйкес рәсімделген.
Қазіргі таңда экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесі және аудандық полиция бөлімдерімен 730 деструктивті діни ағымның жақтастары бақылауға алынған. Оның ішінде «салафизм» және «Таблиғи Жамағат» ағымының ұстанушылары бар.
Жыл басынан бері атқарылып келе жатқан шаралар нәтижесінде 9 ай ішінде Тараз қалалық полиция басқармасы экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімшесімен экстремистік бағыттағы құқық бұзушылықтар бойынша 28 дерек анықталып, тіркелген. Барлық іс Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданған.
Айталық, Тараз қаласының аумағында ағымдағы жылы террористік тұрғыда осал нысандардың тізіміне енгізілген 445 объектінің орналасқаны белгілі болды. Жыл басынан бері бұл аумақтарға профилактикалық 30 оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар орта және жоғары оқу орнында білім алушылармен, жастармен дәрістер өткізіліп, экстремизмге қарсы күрес бағытындағы жұмыстар да ұдайы ұйымдастырылуда екен.
Соңғы жылдары дінге қатысты мәселелер өзінің өзектілігімен аса өткір тақырыптардың біріне айналып, еліміздің қоғамдық өміріндегі күн тәртібінде алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл, бір жағынан, дінге сенушілер қатарының көбеюінен, екінші жағынан, экстремизм мен терроризм мәселесінің өсе түсіп отыруынан көрініс табуда. Бұл проблемалар өз кезегінде мемлекет пен қоғам алдына нақты шешімін табуды қажет ететін бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерді қойып отыр. Қазіргі күнде шешімін таппаған жекелеген мәселелерге қарамастан, елімізде дін саласына қатысы бар мемлекеттік органдардың жұмыстары жүйелі деңгейде жолға қойылғаны туралы толық сеніммен айтуға болады. Әрине, діни экстремизмнің зорлық-зомбылығынан, терроризм қауіптерінен адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау, қамтамасыз ету өзектілігі күн тәртібінде тұрған бүгінгі таңда атқарушы билікке артылар салмақ, жүк, жауапкершілік жеңіл емес. Мұның үдесінен лайықты шыға білу билікке деген халықтың сенімін едәуір нығайтатыны сөзсіз.
Облысымызда осы мақсатта атқарылған жұмыстар жоғарыдағы сөзімізді растай түседі. Жалпы атқарылған және алдағы жұмыстардың барлығы еліміздің, оның ішінде өңіріміздегі діни ахуалды тұрақтандыруға және дінаралық келісім жағдайын жақсартуға, діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алуға бағытталған. Сол себепті осынау ілкімді істер бұдан әрі де жалғасын табатыны сөзсіз.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.