Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жігері жалындаған Жалғас жастарға үлгі

0 651

«Ерлік білекте емес, жүректе» дейді халқымыз. Тәуекелді ту етіп, батылдықпен жауға бастаған бағзы бабаның сөзі болса керек.

Бірақ бүгінгінің баласы қоңыраулы найза қолға алып, жалаулы найза жанға алып жау қашырмай-ақ, Отан алдындағы борышы саналатын әскерге барудан қашқақтайды. Соңғы жылдары әскери борышын ерікті өтеушілер қатары азайған. Жастардың көпшілігі әскерге барғысы келмейді. Оған себеп жоқ емес.
Кез келген әскерге жарамды Қазақстан Республикасының 18-27 жас аралығындағы азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті. Десек те, соңғы кезде Отан үшін отқа түсетіндердің саны азайып кетті. Басым бөлігі ол жердегі жағдайдан үрейленеді. Орын алып жатқан кейбір жайттар, әрине, ата-аналарды уайымға салары орынды. Солардың қатарында Тараз қаласы №15 ықшамаудан тұрғыны Мұхтар мен Айшаттың тұңғыштары Жалғас бар.
Айшықбеков Жалғас Мұхтарұлы жуырда ғана Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылының әскери бөлімшесіне әскерге аттанды.
2004 жылдың 12 ақпаны күні туған сарбазымыз Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде білім алады. «Әскерге жоғары оқу орнын бітірген соң барарсың» деген ата-анасының сөзіне «уақытылы барайын, әскерге бару – міндетім» деп табандап тұрып алған бозбала әскери бөлімшеге өз аяғымен барған.
Әскерге кетер күні тілдескенімізде Жалғас: «Менің ойымша, әр Қазақстан азаматы Отан алдындағы борышын өтеуі қажет. Менің әкем де әскер қатарында болған. Мен өз еркіммен әскер қатарына алындым. Кейін келісімшарт бойынша қызмет істегім келеді. Себебі әскерге барған адам тәртіпке үйренеді. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп бекер айтқан жоқ қой. Сондықтан әскер ең алдымен ішкі тәртібін қалыптастырып, жауапкершілік жүгін арқалай білуге баулиды. Оның осы қасиеті отбасы құрған кезде айқын білінеді. Өзің тәртіпке бағына білмесең, балаңа «тәртіпті бол» деп қалай айтпақсың? Отбасы жауапкершілігін қалай арқаламақсың? – деп нағыз бас болар азаматтың сөзін айтты.
Жалғас секілді жалынды жастардың көзіндегі отты көріп, тастүлек қыран дерсің. Ашық аспан астында ел тыныштығын сақтау, қар кешіп, мұз жастанып, ат үстінде ұйықтамай, шекараны күзету – олардың жүрек қалауы.
Ал біздегі міндет – сол азаматтардың амандығын тілеп, болашақ ұрпағымызды өз елінің патриоты етіп тәрбиелеу, ауызбіршілікті сақтау.
«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады», – дейді дана халқымыз. «Отанды сүю иманнан», – деп бабаларымыз айтқандай, жүрегінде иманы бар адам ғана өз Отанын сүйе алады.
Өмірге ұл болып келіп, ержетіп азамат болғасын әскер қатарына барып, жеріміздің шекарасын, еліміздің тыныштығын қорғау, бірінші Алланың алдындағы, екінші Отанның алдындағы парыз екенін ұмытпайық, азамат!

Дариха Үмбетиярова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.