Қалалық қоғамдық-саяси газет

Барлық жағдай жасалады

0 228

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау шараларына қатысуына барлық жағдай жасалады. Жамбыл облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов осылай деді.

Толғанай АТАБАЙ

Ерекше күтімді талап ететін сайлаушылар түрлі кедергіге тап болатыны белгілі. Аумақтық сайлау комиссиясы ұйытқы болған семинарда қарапайым пандустардан бастап, оларға арналған дауыс беру кабиналарын жасақтау мәселелері айтылды.

– Елімізде тұратын кәмелеттік жасқа толған дені сау әрбір азамат сайлауға қатысқаны жөн. Алайда мүмкіндігі шектеулі кейбір жандардың сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге мүмкіндігі жоқ. Осы тұлғаларды сайлау процесіне қатыстыру мақсатында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңына бірқатар өзгерістер енгізілді. Соған орай, биылдан бастап сайлау учаскелерінің барлығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалынатын болады. Сайлау учаскесінде, сайлау пунктінде дауыс беруге арналған үй-жайды жарақтандыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес толықтай қамтамасыз ету мақсатында тактильді көрсеткіштер, мониторлы компьютер, көруі бойынша мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін Брайль қарпімен басылған сайлау туралы ақпаратты қамтыған арнайы папка, аудио форматтағы әдістемелік құралдар, қосымша жарықтандырылған үстел, орындықтар, қаламдар, арнайы үлкейткіштері бар жасырын дауыс беруге арналған кабинамен жарақтандыру шаралары жүзеге асады. Сонымен қатар қазіргі таңда облыста сайлау күні осы азаматтарға қызмет жасайтын көліктердің саны айқындалды. Барлығы толығымен қамтамасыз етіледі. Мәселен, облыс орталығы бойынша сайлау күні мүмкіндігі шектеулі азаматтарды таситын арнайы 8 шағын автобус болады. Ал әр аудандарда 1-2 автокөлік болады. Қосымша көлік қажеттілігі туындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар қамтамасыз етеді, – дейді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Өмірзақұлы.

Бүгінде облыста 32 100 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Оның ішінде 5878-і кәмелеттік жасқа толмағандар. Бұдан өзге азаматтар дауыс беруге құқылы. Кездесу барысында аумақтық сайлау учаскелері мүгедек жандарға қолайлы жағдай жасау үшін жергілікті органдармен бірігіп жұмыс істейтінін атап өтті. Өз кезегінде мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мардымды жауап алынды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.