Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қуаныш сыйлау да бақыт!

0 3  918

Айналамыздағы адамдарға қуаныш пен жылулық сыйлай алу – жақсы қасиеттердің бірі. Бір ғана сөзбен көңілді жұбатып, жігерлендіруге және құлазытуға болады. Ал жақсылық жасап өзгенің қуанышын бөлісу көптің қолынан келе бермейтін ізгі іс. Бала бойына дұрыс мінезді қалыптастыру ата-анаға, ұстазға және қоғамға байланысты.

Жастықтың оты жалындап тұрған кезде қалыптасқан қағидалар болашақта да бірге болады. Осыны ескерген Дулати университеті «Экономика және құқық» факультетінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жазира Теңізбаеваның бастамасымен Қайрымдылық акциясы өтті.

  

Үй жағдайында дайындалған түрлі тәттілер нарықтағы бағадан төмен сатылды. Жиналған қор жағдайы төмен отбасыларға жұмсалмақ. Факультет оқытушылары мен студенттерінің атсалысуымен өткен бұл жиын өзгелерге үлгі болары анық. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан акцияда студенттер бірлесіп жұмыс жасауды, ұйымшылдықты, қоғамдық мәселеге араласуды үйренеді.

– Студенттер экономика бағытында оқитын болғандықтан, олардың нарықтан хабары болуы керек. Қазірдің өзінде сатылымнан қандай көлемде ақша түсті, оны қалай жұмсау керек деген сияқты сұрақтарға өздері жауап береді. Біз күз мезгілінде ұйымдастыруды әдетке айналдырдық. Қаламыздағы күнкөрісі төмен отбасылар бір жалақыны күтеді. Азық-түлік, киім-кешек, жылуды да көп талап ететін уақыт – күз мезгілі. Студенттер бүгінгі жиынға екі апта бұрын дайындалды. Бір тауар екінші рет қайталанбаған,-дейді Жазира Теңізбаева.

Қатысушы студенттердің жалынды көздерінен, шуақ шашқан жүздерінен «Жақсылық жасауға дайынмын» деген жігерлілікті көруге болады. Ізгі шараға «Экономика және құқық» факультетінің деканы Қайрат Ернишев те қатысты. Білімгерлерге сәттілік тілеп, белсенді болуға шақырды.

Дулати университетінің медиа-қызметі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.