Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһардағы нысандар жылыту маусымына дайын ба?

0 220

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша тұрғын жай-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерболат Сейітбеков баяндама жасады.

Бүгінде басты мәселе – Тараз қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйелеріне уақытылы жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі. Соның салдарынан тұрғындар арасында қыс мезгілінде жылу сапасына шағым айту көбейген. Кәсіпорын тарапынан әрбір үйге кемшіліктерін көрсете отырып нұсқаулықтар берілген. Аталған шаралар қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Сүлейменов көшесі бойындағы «Бином» тұрғын үй кешенінің жылу беру қазандықтарын «Таразтрансэнерго» мекемесінің теңгеріміне алу жұмыстары кешеуілдеуде. Біздің бөлім «Таразтрансэнерго» мекемесіне «Бином» тұрғын үй кешенінің қазандықтарын теңгеріміне алу жөнінде хат жолдаған. Бүгінде «Таразтрансэнерго», мердігер «Самұрық Тараз» ЖШС қазандық жабдықтарын орнатып, құрылыс-монтаж жұмыстарының қабылдау актісін жасап, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ-тің қабылдау комиссиясымен берілген кемшіліктерді жойып, қалалық бюджет есебінен жер телімінің актісін рәсімдеп және оған жылжымайтын мүлік объектілерінің техникалық паспортын жасау керек, – деді Ерболат Оразбақұлы.

Шаһар басшысы да өз кезегінде барлық нысандар жылыту маусымына сақадай сай болуы керектігін баса тапсырды.

Басқосуда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша белгіленген жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы мәселесі де назардан тыс қалмады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәурен Әбдіқасымовтың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын жақсарту мақсатында арнайы оңалту құралдарымен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға республикалық бюджеттен – 598,7 миллион теңге, облыстық бюджеттен – 87,3 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 418,1 миллион теңге қаражат қарастырылған. Сондай-ақ бүгінгі күнге мүгедектерді оңалту құралдарымен қамтуға жыл басынан бері 10 338 көмек түріне өтініш түскен. Оның орындалу көрсеткіші 78,7 пайызды құрап отыр екен. Оның ішінде 1737 өтініш бойынша тапсырыс беріліп, орындалуы күтілуде. Ал 524 көмек құралынан бас тартылған. Тағы бір айта кетерлігі, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамдық көлікке қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де өз шешімін табуда екен. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық көлікке қолжетімді болуы үшін төмен еденді жаңа 40 автобус сатып алынып, қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Қосымша тағы 20 автобустың келуі жоспарлануда көрінеді.

Бекболат Әмірбекұлы күн тәртібіндегі мәселелердің өзекті екенін, сол үшін тиісті шешімдер қабылдау керектігін баса айтты.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.