Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тазалық таза ұстаған жерде орнайды

0 130

Соңғы жылдары қаламыз түрленіп, ажары айшықтала түсті. Көптеген әлеуметтік нысандар пайдалануға беріліп, жұртшылықтың игілігіне айналуда. Енді міне, осы ізгілікті жұмысты ары қарай жалғастыру мақсатында қала әкімі жариялаған «Тараз қаласы аумағын абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі күзгі екі айлық өткізу туралы» қаулысын қала ардагерлері де зор ықыласпен қабылдады.

Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауымен тұспа-тұс келуімен қатар, алдағы кезеңде аталып өтетін айтулы мерекелерге де дайындықтың бастауы болатындығын атап өтуіміз керек. Баршамызға белгілі, мемлекеттік салиқалы саясаттың жемісін әрі жеңісін еліміздің әрбір тұрғыны сезініп келеді. Тотыдай таранған, жас желекке бөленген қаламызда көріктендіру, абаттандыру бағытында ауқымды жобалар іске асырылуда. «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ» болса, шаһар көркі сол жасыл желекке бөленген тал-дарақтар екендігі сөзсіз. Олай болса, әрбір саналы азамат өзі тұрып жатқан мекеніне жанашырлықпен қарап, аялай білуі шарт.

Бір айта кетерлігі, тұрғындар тарапынан қаламыздың тазалығы мен көріктендірілуіне деген немқұрайлылық әлі де болса арылмай келеді. Айналасына самарқау қарайтын жандар аз емес. Олай дейтініміз, әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындары тұрмыстық қалдықтарын үйдің шыға берісіне қалдырып немесе кез келген жерге тастап, ең сорақысы, терезеден сыртқа лақтырып жатады. Жылда көпшілікпен ұйымдастырылатын сенбіліктерге мүлдем қатыспайтын үй иелері де баршылық. Осының барлығы, сайып келгенде, сана-сезімге, ортаға деген бейжай көзқарасқа байланысты.

Тұрғындардың ішкі мәдениеті қалыптаспайынша, мұндай кемшіліктен құтылу оңайға соқпайды. Біздің бастамамыз қала тұрғындарының сана-сезіміне тікелей әсер ететініне сенеміз. Себебі барлық адам баласы таза жерде өмір сүргісі келеді. Ал тазалық кіреберістен және әрбір адамның өзінен басталады.
«Тазалық таза ұстаған жерде орнайды» дейді медицина тілінде. Бәрімізге өзгеретін уақыт жетті. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, табиғатты аялай білейік! Қоғамдық орындарда лайықсыз әрекет жасауды тыйып, демалыс орындарын ластап, бүлдіргенді доғарайық. Үйдегі ұл-қыздарымыз бен немерелерімізге ізгі істеріміз арқылы үлгі болайық. Үлгі-өнегені құр ауызша айтып қана қоймай, нақты іс-әрекетіміз арқылы дәріптейік. Яғни көзіміз көрген жерде немқұрайлылық танытпай, азаматтық көзқарасымызды көрсетейік!
Тараз – қашанда жасыл желегімен сүйсіндіріп келе жатқан әсем қала. Сондықтан да біздер, ардагерлер барлық тұрғындарды шаһарымыздың көріктеніп-көгеріштенуіне атсалысуға шақырамыз.

Қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.