Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Арыстанбек Мұхамедиұлымен түрмеде таныстық»: қамаудағы жігіттің хаты

0 162

Фейсбук әлеуметтік желісінде қазір қамауда отырған Азамат Көшенов есімді азаматтың хаты жарияланды. Ол өзінің Арыстанбек Мұхамедиұлының ісіне байланысты жазықсыз түрмеде отырғанын мәлімдеді деп жазды turkystan.kz.

«Сәлем, достар. Түрмедегі ой. Міне, түрмеде отырғаныма 2 айдай уақыт өтіпті… Тұңғышбай Жаманқұловқа хат. Ассалаумағалейкум, Тұңғышбай аға! Үй іші, бала-шаға, мал-жан аман ба? Сіз мені мүлде танымайсыз, мен де сізді танымаймын. Тек актёр ретінде ғана білемін. Бірақ, өмірде жолымыз түйіспесе де, менің пешенеме сізді тану, білу жазылыпты… Менің аты-жөнім – Азамат Көшенов. Әрине, бұл есім сізге мүлде таныс емес, бірақ сіз танымайтын адамға жала жапқаныңыз қызық болып тұр. Мені танымасаңыз да, сіз Арыстанбек Мұхамедиұлын жақсы тануыңыз мүмкін. Араларыңызда біраз теке-тірес болғаны бәріне мәлім. Кезінде артыңызға адам салып қылмыстық іс қозғатып, абыройыңызды айрандай төгіп, біраз ығырыңызды шығарып еді. Сол кек сізде сақталып, бүгінгі күні өмір алма-кезек болып, Мұхамедиұлының өзі істі болып отыр. Сіздің арызыңыз шенділер мен құқық қорғау органдарының құлағына шалынып, Мұхамедиұлының талай қылықтары мен байлықтарының арты ашылып, тергеліп жатыр. Әділдік деген осы шығар. Ол тек Құдайға мәлім. Бірақ, ағасы сіз Мұхамедиұлын атамын деп, ол кісіге қатысымыз да, таныстығымыз да жоқ айдалада жүрген Exponat компаниясының қызметкерлерін атқаныңыз дұрыс болмады. Арызыңызда тіпті мені Мұхамедиұлының жақын танысы, сыбайласы ретінде көрсетіп, жалған ақпарат беріпсіз. Ия, қазір ол кісіні мен жеке танимын, түрмеде таныстық. Әрине, егерде Арыстанбек ағамыз тәні таза адам болса, бұл қылмыстық іс қозғалмауы да мүмкін бе еді? Егерде бұл кісі Ұлттық музейде емес, басқа мекемеде басшы болса, сіздің бізге қатысты өтірік жалаңыз басқа компанияның шекесіне тиетініне сенімдімін. Сіз де біреудің қуыршағы шығарсыз, біреудің тапсырмасын орындап отырған шығарсыз, кім білсін? Әрине, танымайтын адамның үстінен жала жабу әр кезде болған, бірақ адам баласы кез келген әрекетіне Құдай алдында жауап беретінін ұмытпаңыз. Сіздің әрекетіңіз Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» повесінің кейіпкерлері Әбуталип Құттыбаевтың үстінен арыз жазған ревизордың әрекетіне дәл келіп тұр. Менің де артымда қалған бала-шағам «әкеміз әні келеді, міне келеді» деп жылап үйде күтуде. Әрине, ол заман мен бұл заманды салыстыруға болмайды, бірақ әр заманның адамдарының іс-әрекетін, пиғылын салыстыруға болады екен. Бірақ сіз танымайтын адамдардың үстінен арыз жазуды әбден меңгерген адам шығарсыз, кім білсін? Сондықтан кінәсіз адамдардың артынан қалған аналары, жұбайлары, бала-шағаларының көз жасының обалына қаламын деген ойда болмаған шығар? Құдай қаласа, мен де, әріптестерім де пешенемізге түскен қиындықты абыроймен көтеріп шығармыз деп ойлаймын… Сіз біздің құқық қорғау органдар істің ақ-қарасын ажыратып, дұрыс-бұрысын әділ анықтайды деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ олар да сіз сияқты тек қарасын, тек бұрысын ғана анықтап, шаш ал десе бас алатын азаматтар. Ұйып отырған ұжымның қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қорқытып, мойындатып, өтірік жала жаптыруды әбден меңгергеніне көзім анық жетті. Кезінде сіздің басыңызға іс түскенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан жалынып-жалбарынып, ез болып кешірім сұрағаныңыз елдің есінде… Өткендегі Мұхамедиұлының Президент Тоқаевқа арналған үндеуі де есімізде… Сіздердей ағалар арамызда аз болса, бір арманымның орындалғаны болар еді. Бұл жерде сіздерге жамандық тілеп отырғаным жоқ, жақсы ағалар көп болсын! Үлгі алатын ағалар көп болсын деген мағынада жазып отырмын. Тағы бір арманым: Құдай маған қайда жүрсем де, кім болсам да абырой берсін!

Ешқашан ешкімнің етігінің астына түсіртіп, кешірім сұратпаса екен… Әрине, арызыңыздың саяси астары бары түсінікті, өйткені біздің компания бұл жобаны 2017-2020 жылдар аралығында атқарған. Ал сіздің арызыңыз 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін жазылып тұр. Бірақ, мен де, әріптестерім де саясатпен айналыспаймыз. Біз бизнес саласының өкілдеріміз және Мұхамедиұлының байлығына қатысымыз жоқ екенін тағы да мәлімдеймін. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасының аясында біздің компанияның атқарған жұмысын жоққа шығарып, жемқор жүйемен байланыс іздестіріп, абыройымызды мың жерден төккіңіз келсе де, мен бұл жобаға өз үлесімді қосқанымды, жобаның жоғары деңгейде өткізуге атсалысқанымды мақтан тұтамын! «Бұл хатты не үшін жазды, мәні неде?» деп ойлауыңыз мүмкін… Бұл хаттың мәні: сіз сияқты ағалар барда, әлі талай ананың, талай баланың, талай жұбайлардың көз жасы тыйылмасы анық… Бұл хаттың мәні: сіздің әріптестеріңіз, сіз тәлім беріп отырған шәкірттеріңіз сіздің іс-әрекеттеріңізге баға берсін, білсін, ойлансын деген оймен жазылып отыр. Егер ФБ достарымның арасында адамгершілік,  әділдік, абырой деген ұғымды ұмытпаған азаматтар болса, осы хатты Тұңғышбай ағамызға жеткізеді деген сенімдемін. Ізгі ниетпен, ініңіз Азамат Көшенов» деп жазылған хатта.

Бұл хаттың электронды нұсқасын әлеуметтік желіге күйеуінің айтуымен қамаудағы азаматтың әйелі жүктеген болуы мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.