Қалалық қоғамдық-саяси газет

Совет Әлімқұловтың сырлы әлемі

0 784

Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы оқырмандардың қазақ тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген ықыласын арттыру және көркемсөз оқу шеберлігін шыңдау мақсатында жыл сайын облыстық байқау ұйымдастырып келеді.

Бұл жоба 2017 жылдан бері дәстүрге айналған болатын. Алғаш қордайлық ақын Ескен Елубаевтың өлеңдерін оқудан бастау алса, 2018 жылы Сұлтан Қалиевтің жырлары насихатталды. Ал 2019 жылы Пернебай Дүйсенбиннің, былтыр Әлдихан Қалдыбаевтың туындылары дәріптелді. Айтулы шара биыл да өз жалғасын апты.
Жуырда «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Көне Тараз» этномәдени орталығында «Өрімтал», «Сыбызғы», «Ықылас» және «Көзмоншақ» сынды жыр жинақтары мен «Нұрлы дүние» пьесасының авторы, балалар жазушысы Совет Әлімқұловтың оқулары өтті. Байқауға 8-12 жас аралығындағы аудандық іріктеу кезеңдерінен суырылып шыққан 12 оқырман қатысты.
«Мен талантты оқырманмын», «Портрет галереясы», С.Әлімқұловтың шығармаларынан сахналық қойылым қою, «Әдеби бәйге» кезеңдерінен құралған сайысқа Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы, белгілі ақын Ғайни Әлімбекқызы, Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова, 2017 жылы өткен Е.Елубаев оқуларының жеңімпазы Нұрлан Нұргерім қазылық етті.
Гульфайруз Қапарқызының айтуынша, мұндай байқаулардың балаларға берері мол екен.
– Біздің кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен осымен бесінші рет өткізіліп отырған «Әлемді кітап арқылы танимын!» байқауы жергілікті балалар жазушыларының өмірі мен шығармашылығын тереңірек оқыту, көркем әдебиетті оқуға ынталандыру, сонымен қатар ең көп оқитын оқырмандарды анықтап, қолдау көрсетуді көздейді. Болашақ жастардың қолында. «Ғаламтор бір күндік, кітап мәңгілік» деген сөз бар. «Кітапхана – білімнің күн шуағы» десек, «ізденсем, білсем» деген балаға кітапхананың есігі әрқашан ашық. Бұл байқауға қатысушылардың саны жыл сайын артып келе жатқаны қуанта- ды, – дейді кітапхана директоры.
Қазылар алқасының ұйғарымымен байқаудың бас жүлдесін Меркі ауданы Жауғаш батыр атындағы №15 орта мектептің 6-сынып оқушысы Айгерім Мұратқызы олжалады. Ал Жуалыдан келген үміткер Камила Мұстафа 2-орын иегері атанса, Сарысу ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының 5-сынып оқушысы Бекасыл Балтабек 3-орынға қол жеткізді. Қалған қатысушылар Алғыс хатпен марапатталды.
– Аудандық іріктеуден іркілмей өтіп, облыстық кезеңге жолдама алдым. Мен үшін бұл өте қуанышты жайт. Мені осы байқауға баптаған ата-анама, ұстаздарыма, «Ақ жол» кітапханасына зор алғысымды білдіремін. Өзім жалпы Мағжан Жұмабаев, Ыбырай Алтынсарин, Мұқағали Мақатаев секілді ақындардың өлеңдерін сүйіп оқимын. Әрі достарымды да кітап оқуға үнемі шақырамын, – дейді байқау жеңімпазы Айгерім Мұратқызы.
Шара соңында Совет Әлімқұловтың ұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл радиосының жетекшісі Бақытжан Советұлы сөз алып, ақжарма тілегін жолдады. Соңында балаларға өз кітаптарын тарту етті.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.