Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәмілегер меңгеруші

0 3  071

Ғұлама тарихшы, әйгілі әдебиетші Мұхаммед Хайдар Дулатиден мынадай тәлімді сөз қалған екен: «Сен әлемді жаулап алма, өйткені, онда сансыз қайғы-қасірет бар, сен одан да адамның жан дүниесін меңгер, оларда қанша әлем бар екенін көресің». Мен сөз еткелі отырған ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, мәдениет саласының үздігі Әуесбай Бақбергенұлын адамның жан дүниесін терең меңгерген үлкен жүректің иесі, білім беру мен әдептілік қағидаларын теңдей ұстанған, кісілік келбетінен айнымаған парасатты жан.

Әукеңмен қызметтес болған 45 жылдан астам уақыт бойы ол кісінің тек имандылық ізгі қалпына иланып келеміз. 3 жас айырмасы болғаны үшін өзіме аға досым тұтқан ұлағатты ұстаз жетпіс жастың белесінде де осы абыройдың заңғар көгінен табылып келеді.
1975 жылы Шымкент қаласындағы өнер институтын бітірген соң Жамбыл қаласына келіп, сол кездегі Карл Маркс мектебінде бір жылдай жұмыс істедім. Бір жылдан соң Абай атындағы педагогикалық училищеге қызмет ауыстырдым. Училище директоры Достай аға Еселбаев мені саз кафедрасының оқытушыларына табыстағаны әлі күнге есімде: «Міне, сендерге жаңадан жас маман келді. Таныс болыңыздар» деді ұжымға қарата маған жылышырай танытып. Содан бері училищеміз, қазіргі гуманитарлық колледжіміз өміріміздің әр жылғы сәулелі шақтарына куә болған екінші отбасымызға айналып кетті. Әуесбай Бақбергенұлымен сыйластық, қамқорлық, жанашырлық сияқты ізгі қасиеттерге құрылған ағалы-інілі әріптестігіміз, әрі достығымыз осы тұста басталып еді. Кафедрамызда қазақ, неміс, грек, орыс сияқты ұлт өкілдерінен құралған 15 шақты оқытушы болды. Баршамыз бір кісідей жұмылып, бір шаңырақтың адамдарындай тату-тәтті әріптес болғанымызды қазір сағынышпен еске аламын. Кейін Әукең 1982 жылы жаңадан құрылған Красногор ауданының мәдениет бөлімінің басшылығына, одан кейін біз Алматыдағы «Қазақконцерт» мекемесіне қызметке бардық. Араға бірер жыл салып, қара шаңырағымызға оралып, педагогикалық жұмысымызды жемісті жалғастырдық.
Әукең училищеде екі рет қатарынан музыка кафедрасының меңгерушісі боп табысты еңбектенді. Бұл қызметінде де ол өзін әділ, әрі білікті басшы, шебер ұйымдастырушы, төзімділік пен табандылықты кәсіби ұстанымы еткен майталман маман ретінде таныта білді. «Білім мен білік – ырыстың тізгіні» деген қағиданы жанына серік етіп, бойындағы білім, ақыл, талап сынды мінездің асыл қасиеттері арқасында ұйымшыл ұстаздар ұжымын ұйыта біліп, қызметтестер арасында абыройлы болды.
Ұжым деген түрлі мінездің басы қосылған мекені ғой. Өмір болған соң жұмыс істейтін орныңда кертартпа келіспеушілік, еңбек дау-дамайы да болмай тұрмайды. Басшы алдына әріптестер әрнені айтып, жиі кіріп-шығып жүретіні әдепкі іс. Сондай кездері әлдебір шағыммен келген әріптестің ашулы жүзін байқап қалса, «қазір қолым босамай тұр еді, бес-он минуттан соң келсең қайтеді? – деп жылы шығарып салушы еді. Сондағы ойы – аздаған уақыт өтіп барып адамның ашуы тарқасын деген ізгі амалы екен. Расында да кабинет сыртында тұрып, сабамызға түскен соң меңгерушімізге не үшін келгенімізді де ұмытып қалушы едік. Біраздан кейін өзі де хабарласып, келуіміздің мәнісін сұрап жататын. Ол кезде алдында айтам деген шаруаңның көбіне маңызы болмай қалатын. Әукең осылайша кім-кіммен болсын мәмілеге келе білетін меңгеруші ретінде танылды. Тағы бір айта кетер қасиеті – жиналыста ешқашан кемшілігіңді көптің көзінше бетіңе басып, сөкпейтін. Мүлт кеткен жерің болса, жеке шақырып алып, өзіңе тіке айтатын адамгершілігі үшін де құрметтейміз.
Мен композитор ретінде жаңа ән шығарсам, әдетте сөзіне Әукеңді қолқалайтынмын. Ол кісінің ұйқас түзіп, буын құрастыратын аздаған ақындық қабілетін біреу білсе, біреу біле бермес. Бірде оған колледж Әнұранын жазып, тыңдатып ем, «Әні жақсы тек сөздері жарнама сияқты жадағай кетіп қалған екен. Өзгерту керек» деп аса жаратпады. Сөйтті де дереу әннің сөзін өзі келістіріп өзгертіп берді. Оқу орнында бір іс-шара өткелі жатса, ат қою, ұран ойлап табу ісіне қатысты да Бақбергенұлына жүгінетінбіз.
Ол шақта училищелер арасында өнер байқаулары жиі өтетін. Сүрлігіп жүріп, апта бойы дайындаламыз. Байқау өтетін күні тәртіп бойынша барлық дәрістен босатыламыз. Мен Құдай ұрғандай, уақытынан жаңылып, байқау өтетін күні өз кабинетімде қаннен-қаперсіз сабағымды өткізіп жатқам. Бір уақытта кабинетке өңі өрт сөндіргендей Әукең қауырт кіріп келді де: «Ойбуй, Секе сабақ беріп жатқаның қалай?! Бес-он минутта байқау комиссиясы кеп отырайын деп жатыр» деді асықтырып. Абырой болғанда комиссия қарауына дайындаған еңбегіміз со күні зая кеткен жоқ. Бірінші орын алып, қара шаңырағымыздың атағын кезекті рет ұшпаққа шығардық. Ұжымымыздың ауызбірлігі мен еңбекқорлығы және кафедра басшысы Әуесбай Бақбергенұлының жауапкершілігі арқасында түрлі өнер сайысынан үнемі бірінші тұғырдан түспейтін ыстық кездер-ай.
«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дейді қазақтың ағартушылық мектебінің көрнекті өкілі ұлы Мағжан. Өмір бір орында тұрмайды, үнемі алға жылжиды. Бір толқынның орнын келесі толқын басады, ұрпақ сабақтастығы үзілмейді. Абай атын иемденген қара шаңырағымыздың қалыптасуына соғыстан кейін туған Әукең бастаған аға буын да өзінің сүбелі үлесін қосқанын қазір зор мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде еліміздің орта кәсіптік білім беру саласында алдыңғы қатардан көрініп отырған колледжіміздің, оның білікті басшысы Айдархан Дүкенбайұлының басқаруында дәстүр жалғастығы сақталып отырғанына ардагерлер әркез тілектес боп қуанамыз.

Серік Қалмағамбетов,
Қазақстан композиторлар одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.