Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шомылу науқанына дайындық қандай?

Тұрғындар тағы Талас өзенін жағалап жүрмей ме?

0 640

Жылдың маусым, шілде, тамыз айларында күннің күрт ысып, шомылу маусымы басталады. Өкінішке қарай, каналдардың кез келген әрі зерттелмеген жерлеріне, судың салқындығын ескермей, спирттік ішімдік ішіп суға түсу, сонымен қатар жүзе білмегендігі себептен қайғылы оқиғалар да орын алып тұрады. Мәселен, шаһардағы су айдындарында соңғы 2 жылда 3 адам суға батып, қаза болған. Оның екеуі мас күйінде суға түскен ересек азаматтар болса, біреуі ата-анасының қарауынсыз қалған бала.

Осы орайда Тараз қаласындағы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қайғылы жайттарға жол бермеу мақсатында ескерту және тыйым салу белгілері орналасқан жерлерде шомылуға мүлдем болмайтындығын қатаң ескертеді.
Шомылу кезеңі 1 маусымда басталатындығына қарамастан, шаһар аумағында үгіт-насихат және рейд жұмыстары сәуір айының 29-ында басталып кеткен. Осыған байланысты қала аумағында шаһар басшысының орынбасары Жайықбай Шалдаровпен «2022 жылғы жазғы шомылу маусымында Тараз қаласы аумағында су айдындарында судағы төтенше жағдайлардың, адам өлімін болдырмау және алдын алу іс-шараларының бірлескен жоспары» бекітіліп, көрсетілген іс-шараларды бірлесе орындау үшін тиісті мекемелерге тапсырма берілген. Сондай-ақ «Шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік» тақырыбында қалалық төтенше жағдайлар басқармасы білім бөлімімен және облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарының қызметі» мемлекеттік мекемесі жедел құтқару жасағы қызметкерлерімен бірлесіп, №34, №16 және №32 орта мектептерінде арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Кездесу барысында қатысушыларға шомылуға тыйым салынған орындар, белгіленген арнайы демалыс аймақтары жөнінде арнайы ақпарат беріліп, ақпараттандырылып, демалушылардың қауіпсіздігі үшін мекеме қожайындарына тікелей жауапкершілік жүктелетіндігі баса айтылған. Сонымен қоса құтқарушыларға Талас өзенінің жағасында суға кеткен адамды құтқару, зардап шеккендерге дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету бойынша практикалық көрсетілімдер ұйымдастырылып, су айдындарында өзін-өзі ұстау ережелері бойынша ұсыныстар берілген. Бұл жұмыстар оқу жылы аяқталғанша жалғасатын болады. Себебі жазғы демалыста суға шомылатындардың дені мектеп жасындағы жасөспірімдер болмақ. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да сақтық шаралары барынша түсіндірілуде.
Қазіргі таңда қала аумағында жаппай шомылуға арналған Зербұлақ көлі белгіленген. Алайда «Зербұлақ» демалыс орнында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты шаһарда рұқсат етілген шомылу орындары жоқ. Бұл өте өзекті мәселеге айналып тұр. Ал мұндай жағдайда тұрғындар қайда барып шомылады? Бассейндердің жайы қалай, ол жердегі адам өмірінің қауіпсіздігіне кім жауапты? Осыны әкімдік назарға алса дейміз. Ал мұндайда жұрт қауіпті саналатын шомылуға рұқсат етілмеген Талас өзенінің бойындағы «Бөбек» орталығының аумағы, «Тектұрмас» көпірінің тұсы, «Гидроторабтың» төменгі жағы, «Қант зауыты» маңы, «Автобекет» маңындағы көпір сияқты 5 орынға, сонымен қатар сол жағалау (ЛОК) суармалы каналы және «Шөлдала» тұрғын алқабындағы суармалы және тұндырғыш (отстойник) каналына ағылуы мүмкін.
Облыс аумағына оралсақ, жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау және бақылау мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия құрылған. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, барлық білім мекемелерінде онлайн режимінде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында облыстық акция өткізілуде. Акция аясында білім беру мекемелерінде онлайн форматта «Су айдындарындағы қауіпсіздік» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізілген. Облыс аумағы бойынша су айдындарының демалу және шомылуға қауіпті, жабдықталмаған учаскелерінде «Қауіпті аймақ», «Шомылуға тыйым салынған» сынды тақырыпта 200-ден астам ескертетін, тыйым салатын белгілер және 45 ақпараттық стендтер орнатылған. Жазғы шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында 250 рейдтік іс-шаралар мен 25 жиналыс өткен.

Шомылу маусымындағы сақтық шаралары қала әкімдігінде өткен аппараттық жиында да көтерілді. Басқосуда шаһар басшысы Ержан Жылқыбаев «Зербұлақ» демалыс орнында құрылыс жұмыстары жүріп жатуына байланысты орынбасарына басқа орынды дайындауды тапсырды. Қала әкімінің талапты тапсырмасы шомылу маусымы басталғанға дейін орындала ма, ол жағы белгісіз. Алайда қауіпсіз су айдыны дайындалмаса, қалалықтар тағы Талас өзенін жағалайтыны анық. Ал одан қауіп тағы еселене түсетіні белгілі.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.