Қалалық қоғамдық-саяси газет

Наурыз айы туғанда…

0 884

Осымен екінші жыл қатарынан Ұлыстың ұлы күнін жамбылдық жұртшылық 9 күн тойлады. Амал күнінен басталған мереке әз-Наурыз мейрамымен түйінделді. Наурыз тойында Таразда бірқатар жаңа нысандар пайдалануға берілді.

Арайлым ШАБДЕНОВА, Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ, Суреттерді түсірген Ю.КИМ

«Балқарағайдың» бал шайы

Наурыз мерекесі қарсаңында облыс басшысының идеясымен жеке кәсіпкер Қадырхан Абдуллаев қолға алған «Балқарағай» фито-бар емдеу-сауықтыру орталығы ашылды.

Таразда тұңғыш рет ашылып отырған денсаулық кепіліне негізделген орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, емдік сусындармен танысып қана қоймай, дәмін де татып көрді. Сондай-ақ орталықтың ашылу рәсімінде облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, медицина ғылымдарының докторы, Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының директоры Сейітхан Жошыбаев фито-бар емдеу-сауықтыру орталығының ерекшелігі мен пайдасына тоқталып, халық денсаулығын арттыруға зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Деннің саулығы, тән тазалығына баса назар аударылған орталықта тәулігіне 150-200 адамды қабылдауға болады. Емге дауа іздегендер мұнда негізінен емдік шөптерден дайындалған шайлармен емделу шараларын жүргізбек. Сонымен қатар сауықтыру фито-бардың, аты айтып тұрғандай, ауласы қарағайдан сап түзеген бақта серуендеп, көңілін көтеріп, таза ауада тыныстап қайтуға да зор мүмкіндік туып тұр.

– Айта кетер болсам, тағамдар мәзірінде диеталық өнімдерге басымдық беріледі. Емдік шөптерді пайдалануда «Зерде-Фито» ЖШС-мен бірлесіп еңбек етеміз. Мұнда 100-ден астам шөп түрлерінің емдік қасиеттері пайдаланылады. Ол шөптер еліміздің әр түкпіріндегі таулы аймақтардан теріледі. Орталық ғимаратының аумағы 700 шаршы метрді құраса, маңында жалпы аумағы 1,8 гектарды құрайтын саябақ орналасқан. Бұл жерде бас-аяғы 30-35 адам жұмыс атқарады. Олардың қатарында шөппен емдейтін, педиатр, терапевт дәрігерлер бар. Қазақстан Республикасы бойынша мұндай үлкен орталық тұңғыш рет ашылып отыр, – деді орталықты өз қолына алған кәсіпкер Қадырхан Абдуллаев.

Бұл фито-барға емдік өсімдікті тасымалдап, фито-шайларды қораппен безендіріп, жеткізіп берумен «Зерде-Фито» ЖШС айналысады.

– Біздің компания дәрілік шөптерді өңдеп, қорапқа өлшеп салып, бөліп, бөлшектеп, дәріханаларға таратады. Фито-барға өнім ұсыну туралы ұсынысты қуана қабылдадық. Біздің өнімдеріміз нарықта жоғары көрсеткішке ие. Мұнда дәрілік өсімдіктің 170 түрі бар. Басты мақсат – деннің саулығына өз септігімізді тигізу, – деді «Зерде-Фито» ЖШС өндіріс жөніндегі орынбасары Мақсат Жұматаев.

Емдік шайлардың қатарында шайқурай, түймедақ, жолжелкен сынды көпке емдік қасиетімен бұрыннан танымал өсімдіктермен қатар, «Зерделей-похудей» атты артық салмақтан арылуға арналған сусындар да көпшіліктің назарына ұсынылды.

– Мен бұл орталыққа арнайы келдім. Себебі бұрын-соңды мұндай орталықты көрмегенбіз. Мен денсаулығыма байланысты диеталық тағам пайдаланамын. Арнайы асханасы және дәрігерлерімен қамтылған фито-бар, әсіресе, денсаулығында ақауы бар адамдар үшін таптырмас демалыс орталығы болмақ. Фито-шайларды демдеп ішіп, қай мезгілде, қалай қолдану керектігі жөнінде де кеңес алып тұруға таптырмайтын маңызды орталық болып тұр, – деді өз сөзінде фито-бардың ашылу салтанатына арнайы келген қала тұрғыны Айгүл Шамшединова.

Ұлыстың ұлы күні тойланды

Ұлыстың ұлы күні «Атшабар» скверіндегі абаттандыру жұмыстары аяқталып, «Jastar alleıasy» болып қайта ашылды. Бұл Жастар жылына орай облыс жұртшылығына тамаша тарту болды. Аталған саябақта «Ұлы дала ұландары» стеласы, «Bіlіm alańy», «Jastar» қабілет орталығы, «Kіtap» ескерткіші және «Сахна» алаңшасы ашылды. Мереке күні аталмыш Жастар аллеясы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылып, 700-ге жуық өнерпаздың қатысуымен «Көктем» хореографиялық композициясы және домбырашылар, қобызшы, дауылпазшылардың қатысуымен күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар ұсынылды. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен мерекелік іс-шараларда аудан әкімдері мен облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері қатысты. Бұл күннің басты қонағы дінтанушы, шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі болды.

Желтоқсан көшесінің бойына 9 киіз үй тігіліп, онда өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен мүгедек жандарға арналып дастарқан жайылды. Сондай-ақ Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан шатырлар мен ашық аспан астында 300 метрге жайылған дастарқаннан барша қала тұрғындары мен қонақтары дәм татып, мәре-сәре болды. Мұнда барлығы шамамен 5 мыңға жуық тұрғынға наурыз көже үлестірілді.

Махаббатсыз дүние бос

Үздіккен арманның, үзілмес үміттің мекені болған ғашықтар қаласы күн санап жаңғырып келеді. Шынайы сезімнің символына айналған Қозы мен Баян, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Қарахан мен Айша бибі махаббаты бізге жеткен аңыздар мен әдеби шығармалардан белгілі. Ал Тараз қаласында Махаббат аллеясында бой көтерген Болат пен Айнұрдың махаббат оқиғасы бүгінгі жастың әлі есінде. Махаббат – таусылмайтын әңгіме. Бұл туралы талай шығармалар дүниеге келді, ақын-жазушылардың қайсысын алсақ та, бұл тақырыптан айналып кетпеген. Осы орайда атшабар алаңшасында ашылған «Махаббат» стеласы жастарға үлкен сый болғаны сөзсіз. «Ұлы даланың елі мен жерін сүйген, тарихы мен салт-дәстүрін ардақтаған, ар-намысы мен адал махаббатты ту еткен ұл-қыздарына арналған» деп жазылған стеланың биіктігі 15 метр, ені 3,5 метрді құрайды. Стеланың бір бетіне қазақ батырының, бір бетінде қазақ аруының бейнесі бейнеленген. Ескерткіштің ашылу салтанатында жастар атынан сөз алған ақын Нұржан Қадірәлі жүрекжарды лебізін білдіріп, көпшілікке арнап жыр оқыды.

– Жастар – қай заманда да қазанаттай қоғамды қамшы салдырмай қарыштап дамытатын қозғаушы күш. Байтақ далаға баһадүрлігімен мәшһүр болған Бауыржан Момышұлы, арманын алашқа аманаттап кеткен Қайрат Рысқұлбеков сынды рухы биік қаһарман ұландар – осының сөзсіз айғағы. Бүгінде мыңды жығар білімді, өнерлі жастар да аз емес. Биылғы жыл Жастар жылы деп жариялануы ел жастарын жігерлендірді. Ұлт көшбасшысының Ұлы дала ұрпағына осындай мәртебелі мүмкіндік берген кезеңінде «Махаббат» стеласының ашылуы жастық жігеріміздің іргетасын биік қалап бергендей. Бұл қазақ тарихындағы Қозы мен Баян, Еңлік пен Кебек, Қарахан мен Айшаның шынайы махаббаттарын бейнелеп тұр. Сондықтан Қазақстанның кенже ұрпағына үлкен үміт артып отырған Елбасыға һәм жамбылдық жастардың жанартаудай жауапты тіршілігіне жалын сыйлаған облыс басшылығына Әулиеата жастарының атынан алғыс айтамын, – деді Нұржан Серікханұлы.

Жаңғырған аллеяда Болат пен Айнұрдың да ескерткіші өз орнында тұр. Сонымен қатар үлкен тасқа қашалып жазылған Фирдаусидің «Сергітер көңіл жарасын, Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген сөзі де көпшілікті сүйсіндірді.

Білімді мыңды жығар

Таңдайы жырға, маңдайы нұрға бөленген шайырлар мекені, ертегіге бергісіз аңыздар алқабы. Ғасыр жаңалықтарының орталығы. Көне шаһарда Наурызда тағы бір алаңшаның ашылуы осының дәлелі болды. Жастар аллеясында ашылған «Bіlіm alańy» рухани ой-сананың нағыз ордасы болмақ. Амфитеатр үлгісінде салынған алаң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің алдында орналасқан. Жастар жылында тараздықтарға жасалған тарту – жастардың жасын ортасына айналары сөзсіз. Мұнда алдағы уақытта әр жылы Білім күні салтанат құрады. Жыр оқылады, әдеби әлемдегі Абай мен Жамбыл, Мұқағали, Әуезов, Мүсірепов секілді, тағы басқа ақын-жазушылардың оқуларын өткізу өз үрдісін табады деп жоспарлануда. Түрлі интеллектуалды пікір сайыстары да осында өтетін болады. Білім алаңының жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды. Онда 600 орындық ашық аспан астындағы амфитеатр орналасқан.

Амфитеатр сахна 14 бағанадан тұратын арка негізінде бой көтерді. Оның ұзындығы – 42 метр, ені – 16 метр. Ал биіктігі – 12 метр. Бағаналар бағалы травертин табиғи тасымен қапталған. Бағана үстіндегі маңдайшаның сыртқы үш жақтауына үш тілде білім туралы қанатты сөздер жазылған. Атап айтар болсақ, латын қарпіндегі қазақ тілінде « Білім – өмір шырағы», көне түркі тілінде «Білімсіз күнің жоқ», ағылшынша «Күш атасы – білімде» деп жазылған. Аталмыш амфитеатрдың орындықтары мен жоғары қарай көтерілетін баспалдақтарының шеттеріне орналасқан тумбаларға көне шаһарымыздың атын әлемге танытқан айтулы тұлғаларымыз – әл-Таразилардың мүсіндерін қою жоспарланып отыр. Бүгінгі күні тарихшылар арнайы зерттеулер жүргізіп, әл-Тарази есімін иеленген 48 тұлға болғанын анықтаған.

«Kіtap» стеласы ашылды

Стеладағы шағын тақтайшаға «Кітап – білім бұлағы» деген аталы сөз айшықталып жазылған. Стеланың қос шетіне шағын кітаптар тізбегі қойылған. Ашылған кітап кейпіндегі ескерткіштің қос парақ беттеріне әл-Фарабидің «Шын білім – ақиқат, анық білім», Ж.Баласағұнның «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді», М.Қашғаридің «Бақыттың белгісі – білім», А.Ясауидің «Кітап аш та, мәнін ұқ», Абай Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба», Ш.Мұртазаның «Мәдениеттің мәйегі – кітап» және т.б. орамды ойлар мен тағылымды сөздер қашалып жазылған. Алаңшаның негізгі нысандарының бірі саналатын стела бағалы травертин табиғи тасымен қапталған. Биіктігі 7,5, ұзындығы 11,8 метрді құрайды. Стелада алып «Кітап» ескерткіші орналасқан. Қызыл граниттен құралған ескерткіштің салмағы – 3,5 тонна, биіктігі – 2,2 метр, ұзындығы – 3 метр. Сонымен бірге қос шетіне шағын кітаптар тізбегі қойылған. Бұл ескерткіш – қала тұрғындары мен қонақтарын, жас ұрпақты кітап оқуға, кітапты құрметтеуге, білім-ғылымға үндеу мақсатында бой көтерген.

«Jastar» қабілет орталығы – жастар үшін

Жастар жылында өрендерге тарту болған бірден-бір сый «Jastar» қабілет орталығы болды. Мұнда тек бос уақыт өткізуден бөлек, түрлі іс-шараларды еркін форматта ұйымдастыруға арналған коворкинг орталығы мен сымсыз интернет желісі 24 сағат үздіксіз жұмыс істейді. Ғимараттың салтанатты ашылуында облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен қонақтарға нысанның жұмыс барысы туралы «Табыс жоба» ЖШС-нің ІT-маманы Нұрсұлтан Тұрысбек таныстырды. Ол алдымен ғимараттың кіреберісінде орналасқан көрнекіліктер мен стендтерге тоқталып өтті. Ондағы дүниежүзі мемлекеттері картасы, Тараз қаласының архитектуралық әсем жерлері стенді, сол жақ қабырғаларындағы Цифрлы Қазақстан стендтері туралы баяндады. Ал LED-экран арқылы жастарға қолдау көрсету мақсатындағы жобалар, мемлекеттік бағдарламалар туралы роликтер көрсетілді. Ол роликтерде жастардың жұмыспен қамтылуы, жастардың бизнеспен айналысуы, ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар көрініс тапты. Сондай-ақ ғимарат сөрелерінде тұрған түрлі саладағы кітаптардың таныстырылымы өтті. Орталықта жастар үшін ғаламтор желісіне үздіксіз қосылуға барлық мүмкіндік қарастырылған. Бұл нысан «Табыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен бой көтерген. Мұнда жақын маңдағы бірқатар орта арнаулы және жоғары оқу орындары студенттерінің ғаламтор арқылы өздеріне қажетті ақпараттар іздестіріп тауып, оқу үрдісіне пайдалана алады. Бірегей жобаның жобалық құны 47 миллион теңгені құрайды. Оның жалпы аумағы 288 шаршы метрді алып жатыр. Орталықта 16 адамға арналған коворкинг залы мен 40 адамға арналған асхана жұмыс істейді. Коворкинг залында 8 ноутбук қойылған. «Wi-Fi» желісімен қамтамасыз етілген. Студенттер кітап сөрелерінен қажетті кітаптарын алып, курстық жұмыстарын, рефераттарын да жаза алады. Жастар жылына орай жастарды қолдау мақсатында бой көтерген орталық өскелең ұрпақтың бос уақыттарын тиімді пайдалануға үлкен әсерін тигізетіні сөзсіз.

Ашық аспан астындағы сахна

Айтулы күні Жастар аллеясында ашылған «Сахна» алаңшасы жамбылдықтарға ерекше тарту болды. Ашық аспан астында орналасқан сахнаның ұзындығы 20 метр, жалпақтығы 9 метрді құрайды. Сахнаның артқы жақтауына гранит тастан ойылған сегіз бұрышты композиция нысанға тартымдылық сыйлап тұр. Ал сол жақтауға ендеп орналасқан көлемі 6,72х6,72 метр болатын алып LED-экран сахнаның сәнін еселеп тұр десек артық айтпаймыз. Ол үлкен экранда күндізгі уақытта түрлі әлеуметтік жарнамалар мен роликтер жүргізілетін болса, кешкі уақытта автожүргізушілер үшін кинолар көрсетілмек. Автожүргізушілер сахна алдындағы шағын автотұрақта көліктерінің ішінде отырып, арнайы қамтылған радиобайланыс арқылы LED-экраннан берілетін киноларды тамашалай алады. Тағы бір айта кетерлігі, экранның қос шетіндегі тас тақтайшадағы композиция да сахна декорациясын байытып тұр. Онда ертеректегі қазақ өнерпаздарының сахнадағы өнер көрсету сәттері бейнеленген. Наурыз тойын тойлауға келген қала қонақтары мен тұрғындарға бұл күні Бағдат Сәмединова, Құрмаш Маханов, Ернар Айдар, Әлішер Каримов, Серікбол Сайлаубек, Дана мен Әділ сынды эстрада әншілері әннен шашу шашты.

ТҮЙІН: Жамбылдық жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін аудандар мен ауылды жерлерде 22-25 наурыз аралығында да тойлап, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеп, ат оздырып, көкпар шаптырып, қыз қуып, қазақтың кең даласында ұлан-асыр той жасады. Бұл күндері «Ақ мол болсын!» деген тілекпен әр елді мекенде, қаланың ықшам аудандарында қазан асылып, дастарқан жайылды. Қазақтың Жаңа жылы құтты болсын! Ұлыс оң болсын, ағайын!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.