Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ресейден Бауыржан Момышұлының құнды құжаттары келді

0 2  355

Намысын нанға сатпай, ардың туын әрдайым биік ұстаған қаһарман Бауыржан Момышұлы ерліктің екінші аты, батырлық синонимі іспетті. Сондықтан да ол туралы ел арасында ақиқат та, аңыз да аз емес. Оның өшпес ерлігі – өскелең ұрпаққа үлгі, таусылмас тағылым.

Күні кеше даңқты қолбасшыға қатысты құнды құжаттар елге жеткізіліп, батырдың немере інісі, баспасөз ардагері Бекет Момынқұлға табыс етілді.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында өткен шарада Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин құжаттарды өз қолымен батырдың туысына тапсырды. Подолськіде сақталған мұрағат құжаттарының ішінде Б.Момышұлына рәсімделген жалпыодақтық коммунистік партия мүшесінің тіркеу бланкісі, ЖКП мүшесінің партиялық билеті мен есеп карточкасы, КОКП мүшесі Момышұлының тіркеу бланкісі, Момышұлының есеп карточкасындағы фотосуреті, «Адам соғысуға үйренеді» атты мақаласы, КСРО Жоғары Кеңес Президиумының «Б.Момышұлын «Қызыл Ту» орденімен марапаттау туралы» қаулысы және батырдың қайтыс болуына байланысты «Казахстанская правда» газетінде жарияланған қазанама бар.
– Қазір кейбір әріптестерім «өте құпия құжаттар» деп әсірелеп, жалаулатып жүр. Бірақ бұлардың ешқайсысы құпия емес, ашық құжаттар. Ал бұған қалай қол жеткізгенімізге келер болсақ, осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын атамыздың 100 жылдығы қарсаңында Мәскеуге барған «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері архивте 11 мың парақ құжаттардың сақталып тұрғанын, оны алуға рұқсат бермегенін айтты. Содан, былтыр Мәскеу түбіндегі ұрыстың 80 жылдығына орай Ресейдің «Русский дом», «Россотрудничество», «Российское историческое общество» ұйымдары Бәукеңнің «За нами Москва» кітабын қайтадан басып шығарды. Сөйтіп, сол кітаптың тұсаукесер рәсімінде ұйымның өкілдеріне жоғарыда айтылған құжаттарға қол жеткізуге көмектесулерін сұрадым. Кейінірек Мәскеуден арнайы хабарласып, сол құжаттарды табыстайтындарын жеткізді. Осы орайда бір жайтты ерекше атап өткім келеді. Бауыржан Момышұлы 1956 жылы әскери қызметтен отставкаға кетті. Алайда, соған қарамастан, 1982 жылы Бәукеңнің өзі өмірден өткенге дейінгі барлық тыныс-тіршілігі сырттай бақылауға алынып, құжат түрінде жинақталып отырған. Яғни ол биліктің, бәлкім, қандай да бір ұйымдардың қатаң қадағалауында болған деген сөз. Мені осы қатты таңғалдырды. Бірақ неге олай еткені бізге жұмбақ. Ресей былай тұрсын, өзіміздегі бас мемлекеттік архивте де атамызға қатысты іс-қағаздар өте көп. Оларға да қол жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осы тұста бір тарихи оқиғамен бөлісе кетейін. 1942 жылы жазда Панфилов басқарған дивизияның командирі, полковник Иван Серебряков КСРО мен ҚазКСР-нің Жоғарғы Кеңесінің Президиумына хат жазып, Бауыржанды «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынады. Алайда оған 1 жыл бойы ешкім жауап бермеген соң, Серебряков сол хатты қайтадан жолдайды. Жоғары Кеңесте шешілуі тиіс сол құжат Жуалыдағы ешкімге белгісіз Орақ-Балға колхозындағы жиында талқыланып, сондағы жұрттың қарсылығын желеу етіп, бұл атақ берілмей қалады. Ал енді осы құжат өзіміздің мұрағатта тұр. Бірақ, өкінішке қарай, оны ала алмай отырмыз. Себебі рұқсат жоқ. Тағы бір деректі айтайын, БҰҰ-ның құрылуы қарсаңында Сталин Одаққа кіретін 15 республиканы дербес мемлекет ретінде жариялауды жоспарлайды. Ал ол үшін әр елдің Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктері құрылуы тиіс болатын. Сонда Мәскеу Қазақстанның басшылығына Бауыржан Момышұлына генерал шенін беріп, Қорғаныс істері министрі етіп тағайындау жөніндегі ұсыныс хат жолдайды. Бірақ біздегілер бұған жаппай қарсы шығып, Мәскеуге келіспейтіндіктерін айтып, хат жібереді. Кейін сол хаттың көшірмесін Бауыржанның өзі Подольскіден тауып әкеледі. Сосын оны тарих ғылымдарының докторы Көкіш Рыспаевқа көрсетеді. Бірақ бұл құжат ізім-ғайым жоғалып кетті. Жеке мұрағаттан да, басқа да жерлерден іздестірдік, таба алмадық. Соған қарағанда, хатты біреулер әдейі жойып жіберген болуы керек. Тізе берсек, мұндай деректер жетерлік, – дейді Бекет Момынқұл.
Тағы бір айта кетерлігі, Ресей тарапы батырдың інісіне Подольскідегі мұрағатқа барып, қалған құжаттармен танысуға рұқсат берген.
– Бұл құнды дүниенің тек бір бөлігі ғана. Подольскідегі мұрағатта Бауыржан Момышұлына қатысты өзге де іс-қағаздар баршылық. Ресейдің Қорғаныс министрлігі құжаттарды көріп, зерттеуге маған рұқсат берді. Бұйырса, 3-4 айдан кейін барып, сол жұмысқа кірісетін шығармын. Ол дүниелер табылса, тарихымызға үлкен олжа болады. Осы жаңалықты естіген облыс әкімі Нұржан Нұржігітов мені арнайы қабылдап, Ресейге баруға кететін шығындарды табуға жәрдемдесетінін жеткізді, – деген Бекет Момынқұл бұл құжаттарды таяуда Бауыржан Момышұлының заңды мұрагері, немересі Ержанға табыстамақ ниетте.

Құрбанәлі Аманкелдіұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.