Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өмірін қазақ тілінде оқулықтар жазуға арнады

0 2  002

Қазақта ұлт мүддесі үшін қызмет еткен қайраткерлер аз емес. Дегенмен соның ішінде бірегейі – ұлтымыздың рухани көсемі болған, өткен ғасырдың басында оқу-ағартуға, қазақ халқының ғылым-білімге бет бұруына ерекше еңбек сіңірген ұстаз Ахмет Байтұрсынұлы. Биыл ұлт абызының 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде, яғни ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек.

Ол – ғалым, ол – ұлт қайраткері, ол – ұстаз, ол – қазақ грамматикасының атасы. Кейбірі «Ахмет туралы зерттелмеген еш нәрсе қалмады» деуі де ғажап емес. Алайда ұлт ұстазының өшпес еңбегін халыққа одан әрмен таныту, маңызын ұқтыру – бізге парыз.
Ахметтің нақты туған күніне байланысты түрлі деректер келтірілген. Бірде ол 1873 жылы 15 не 28 қаңтарда дүниеге келді деп жазса, енді бірде оны қыркүйектің 28, тағы бірде осы айдың 5-інде дүниеге келген деп көрсеткен. Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің жетекшісі Райхан Сақыбекқызы оның нақты туған күні 1872 жылдың 5 қыркүйегі екенін анық айтты. Оған дәлел болатын құжат Ахметтің 1929 жылы өз қолымен орыс тілінде жазған өмірбаяны екенін ғылыми тұрғыда негіздеді. Содан кейін бұл даулы сұрақтың нақты нүктесі қойылды. Сол себепті осы күні тілдер мерекесі ретінде енгізілді.
Ахмет Байтұрсынұлын қазақ грамматикасының атасы дейміз. Ол алғаш рет араб таңбаларын қазақ фонетикасына икемдеп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын дайындады. Кейіннен, дәл осы жазу бойынша халықтың сауатын ашар әліппені жазды. Ахметтің бұл еңбегін сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу зиялы қауым қолдады. Соның нәтижесінде 1911-1912 жылдары Уфа мен Орынбор қалаларының баспаханаларында Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 7 рет қайта басылып шықты. Онда ол қазақ тілі грамматикасындағы бүгінде қолданылып жүрген терминдерді талдап, ережелерін жазып, халыққа түсінікті етті. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы – ғалымның жазып кеткен мұрасы деп білеміз. Бұл турасында Ахмет Байтұрсынұлы өз жазбаларында былай деп түсініктеме береді: «…Орынборға келгеннен кейін ең алдымен қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім. Одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім; үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым».
Орынборға Ахмет Байтұрсынов алғаш 1891 жылы оқу іздеп барған. Ал кейіннен 1910 жылы туған жерден аластатылып, осында өмірінің 7 жылын өткізді. Дәл сол кезде ол қазақ тілінің, оның ғылыми негізінің мәселесін қозғап, зерттеуге кіріскен. Орынборда өткізген бұл кезеңі ұлт ұстазы үшін ең жемісті жылдарға айналды.
Ахмет Байтұрсынұлы ғылымға бет алғанынан кейін, әсіресе қазақ қоғамына қызмет жасаймын дегенінен бастап, өкіметтен опық жеп, қудалауды көп көрді. Ақырында ату жазасына да кесілді. «Қайтсем де қазақ үшін пайдамды тигізсем» деген ниетін сол кездегі саяси басқыншы билік өкілдері қауіп санап, ізденімпаз ғалымның жолына мүмкіндігінше бөгеттер көп қойды. Оған тағылған басты айыптың бірі – «Алашшылсың». «Алашшыл» дегені – «ұлтшылсың» дегені. Оның өкіметке қаупі неде?! Шын мәнінде, билік оның күн санап халық арасында өскен абыройынан да секемденді, сауатты халық айтаққа жүрмей, дегенге көнбесінен қорықты. Өйткені отаршыл елдің ол кезде көздегені – кіші халықтардың көзін жойып, байлығын иемдену ғана болғаны тарихтан мәлім.
Совет өкіметі орнағаннан кейін де, Ахметтің ағартушылық қызметінен қауіптенгендер аз болмады. Себебі ол негізгі мақсатын жүзеге асыру үшін қоғамның саяси өміріне белсене араласа бастайды. «Алаш» идеясын қолдап, Әлихан Бөкейханмен, Міржақып Дулатовтармен бірлесіп, мүдделес болды. Алайда 1919 жылы Ахмет Совет билігіне бет бұрып, партия қатарына кіреді. Онысын өз жазбаларында былай деп түсіндірген: «Мен «Алашорданы» алғашқы құрушылардың бірімін және осы ұйымның ішінен Кеңес өкіметін бірінші болып мойындаған да мен едім…
Мен қазақтар арасында жүргізілетін мәдени істердің ішінде қазақ тілінде оқулықтар жазу жөніндегі жұмысымды өзімнің басты қызметім санай отырып, өзге жұмыстарға тек аса қажеттілік туғанда ғана белгілі мөлшерде уақыт бөліп отырдым. Мен РКП программасын ұзақ уақыт бойы қазақ халқын азат етудің жолдарын іздестіруден соң барып қабылдаған едім».
Ахмет Байтұрсынұлының пайымында азаттық дегенді білімді, сауатты болу деп те ұқты. Сондықтан ол қазақтың тіл білімінің негізін қалап, қазаққа ғана тән тілдік ерекшеліктерді сақтай отырып, оқулық дайындады.
1929 жылдың маусым айында Ахмет Байтұрсынұлы мынандай мәлімдеме жасайды: «Әдеби еңбекті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады. Ұлтының қажетін өтейді сөйтіп… Қазақ оқу-ағарту наркомында, Орынборда, Қызылордада «Мәдениет тарихынан» дәріс оқып, адамзат қауымын ілгерілетер демеуші күш ғылым мен техникада жатқанын қадап айттым», – дейді. Ахметтің мұндай мәлімдемелерінен кейін оның жаулары қайта оянды.
Оның алғаш қудалануының себебі – 1905 жылы 14 500 адам қол қойған жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелерін көтерген Қарқаралы петициясының авторларының бірі болуы.
Бұл қудалау 1929 жылы 2 маусымда қайта жанданып, Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқынға алынды. Сол жылдың аяғына дейін тергеуде жатқан Ахметті 1930 жылы тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жіберілді. Алдымен ату жазасына кесілген оны 1931 жылы 10 жылға лагерьге жөнелтіледі, кейіннен 1932 жылы жазасы Архангелскіге үш жылға жер аударуға ауыстырылады. Мұнда денсаулығы күрт нашарлаған Ахметке отбасымен қауышуға мүмкіндік беріледі. Оның тұлғалық қасиетін ерекше бағалаған орыс ақыны Максим Горькийдің әйелі Екатерина Пешкованың көмегімен Ахмет Байтұрсынов 1934 жылы отбасымен бірге мерзімінен бұрын Алматыға оралады. Мұнда ол түрлі қызметтерді атқарды. Дегенмен қай жерде болса да Қорқыттың көріне айналған «халық жауы» деген маңдайына жабысқан таңба қыр соңынан қалмай, ақыр соңында 1937 жылы 8 желтоқсанда, 65 жасында ату жазасына кесілді.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.