Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ботулизмнің алдын ал!

0 2  266

Тамақтан уланудың қай түрі болса да, ол тасымалдау, сақтау және пісіру кезіндегі тиісті санитарлық сақтық талаптарын білмегендіктен, не болмаса осы талаптарға салғырт қарау салдарынан болады. Ботулизм – тамақтан уланудың аса ауыр түрі. Ботулизммен адам аяқ астынан, маринадталған саңырауқұлақ, қияр, тұздалған, көбінесе үй жағдайларында дайындалған, қолдан жасалған, қақталған саңырауқұлақ, қияр, балық, баклажан, көкөністен, жемістерден, еттен жасалған консервілер, үйде дайындалған шұжықтар сияқты сапасыз тағамдарды ішіп-жегеннен кейін ауырады.

Ботилинус микробы балық және мал етінің арасында, қайнатылып дайындалған шұжық ішінде, дұрыс зарарсыздандырылмаған консервілерде, яғни ауа бармайтын жерлерде жақсы өніп, жетіледі. Ботилинус уы 10-15 минут қайнатқанда бұзылады, бірақ микробтың кейбір споралары 100 градус температурада 5 сағат қайнатқанда да бұзыла қоймайды. Ботулизм микробының споралары бар тағамды қайнату барысында оның уы бұзылғанымен, сақталып қалған споралары қолайлы жағдай туғанда қайтадан өніп, уы түзіледі. Ботулизм қоздырғыштары бар тағамдардың, консервілердің ешбір бұзылғандық белгісі, жағымсыз иісі болмайды, консервілердің қақпағы, түптері көтерілмейді, сырт көзге сапасыз тағам сияқты көрінбейді. Ботулизм уы адам қанымен органдарға тарайды, әртүрлі тканьдердің жасушаларын зақымдайды, солардың ішінде алдымен нерв жүйесі қатты зақымданады. Аурудың алғашқы белгілері ботилинус микробы бар тағамдарды ішіп-жегеннен кейін 3-4 сағаттан соң, кейде 8-9 тәуліктен кейін басталады. Ботулизмге тән белгілер: ауырған адам әлсіздененді, басы ауырады, асқазаны толып, жүрегі айниды, құсады, үлкен дәреті жүрмейді немесе іші өтеді. Дене қызуы әдетте көтерілмейді. Ботулизммен ауырғанда нерв жүйесінің зақымдануының ерекшелігі сол – адамның көзінің көруі нашарлап, бұлдырайды, заттар қосарланып көрінеді, көздің қабағы түсіп, дауысы қарлығады, тіпті дауысы шықпай да қалады. Тамақтың жұтынуы және бұлшық еттерінің қозғалысы ауырлайды. Жүректің жұмысы нашарлап, көбіне оның соғуы жиілейді, ал жүрек соғуының баяулауы сирек болады, тыныс алу ауырлайды. Ботулизммен ауырған адам есінен айырылмайды. Адам тыныс алу орталығының параличінен өліп кетеді, ал ботулизммен жеңіл ауырғанда адамның өзі өте баяу айығады, тіпті мүгедек болып қалуы да мүмкін. Ботулизммен ауырған адамда иммунитет болмайды, сондықтан оның қайтадан ауыруы мүмкін.
Ботулизмнің алдын алудың ең маңызды жолдарын айтатын болсақ, олар:
1. Тағамдарды ботулизм қоздырғыштарының түсуінен қорғау.
2. Тағамдарды дұрыс қайнатып, пісіру.
3.Дайын тағамда микробтардың спораларының өнуіне, көбеюіне және олардың уының түзілуіне жол бермеу.
Сонымен қатар үй жағдайында консервілеу кезінде, ыдыстарды, қақпақтарды және тағамдарды ыссылау тәртібін сақтау керек. Үй жағдайында дайындалған консервілерді салқын жерде, тоңазытқышта сақтап, қақпағы, түптері көтерілген консервілерді сұрыптап алып, тастау керек. Консервілерді пайдалану алдында қайнату, булау, қайта қайнату ботулизмнің алдын алуда өте маңызды шара болып есептеледі.
Тұрғындардың назарына! Ботулизм- нен сақтану үшін тамақты үй жағдайында консервілеу кезінде тазалық ережелерін сақтаңыздар. Үйде консервіленген тамақтарды қолдан сатып алмаңыздар. Құрметті тұрғындар, өз денсаулықтарыңыздың өз қолдарыңызда екенін әсте естен шығармаңыздар!

Н.Б.Кожашова,
Тараз қалалық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау
басқармасының жетекші маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.