Қалалық қоғамдық-саяси газет

«LOTO Club» құмар ойынына қалай құрық саламыз?

0 574

Тараз қаласында «LOTO Club» деген жазуы бар орталықтарды көріп, байқап жүрген боларсыз. Бәлкім, бұл қандай нысан деп қызыққан да шығарсыз. Бүгінгі мақаламызда дәл осы нысандардың жұмысына тоқталып, оның букмекерлер мен басқа да құмар ойын орталықтарынан айырмашылықтарын саралайтын боламыз.

«LOTO Club» – бұл лотерея билеттері таратылып, лотерея ойындары тіркеліп, ұтыс ойындарының нәтижелері жарияланатын және ұтыстар төленетін ойын-сауық орталығы. Қазақстандағы лото клубтары 2018 жылдың 1 қазанынан бастап ұлттық лотерея операторы – «Сәтті Жұлдыз» АҚ бақылауымен жұмыс істейді. Иә, бұл ресми мәлімет. Бірақ оны ешбір мекеме тексере алмайтындығын және ондағы жұмыстың барысы туралы көлеңкелі тұстардың көп екенін қалың көпшілік біле бермейді. «Шешінген судан тайынбас» демекші, не болса да бәрін көзбен көруді жөн көрдік. Қаланың ірі көшелерін айтпағанда, 20-дан астам кеңсені көзіміз шалды. Клубтың жұмысын көзбен көру мақсатында ойыншы ретінде сондай кеңселердің біріне бардық. Ішке кіріп, кассаға беттедік. Табалдырықтан бастап қымбат кілем төселген клубтың іші көздің жауын алады. Алдымен кассаға өтіп, жеке куәлік арқылы билет алып, ұтысқа тігетін ақшамызды ұсындық. Содан не керек, бірінші қабатқа беттедік. Іші тып-тыныш, жанның рақаты дерсің. Кіреберісте шылым шегетіндерге тегін темекі таратылатынын, ішке енген соң сусынды да тегін ішуге болатынын білдік. Бір қарағанда, бұдан артық не керек деп ойлайтының сөзсіз. Әртүрлі жанып-өшкен қызыл-жасыл мониторлар «мені ойна, маған ақша сал» деп «жалмаңдап» тұрғандай. Өзіміздің «новичок» екенімізді білдіріп қоймайық деп ұсынған сусындарын ішіп, асықпай ойланып, бір мониторға жақындадық. «LOTO Club»-тарда мынадай тираждық лотереяларды ойнауға болады екен: Bingo Club, Naval Battle, Bingo Club 38, Keno Club, Bingo Club 37. Ешқайсысын түсінбей, жүрек дүрсілдеп тұр. Тіккен ақшамыз аса бір қомақты да емес. Дегенмен еңбекақың ғой. Ұтылып қалсаң да болмайды. Содан қасымыздағыларды әңгімеге тартып, олардың ойындарын бақылап, сәл кідірдік. Лото клубтың айырмашылығы – букмекерлерде ұтысқа ие болу үшін өзіңіз бәс тігетін жарыс немесе спорт жайлы хабардар болуыңыз қажет, ал лотереяда ұтыс мөлшері ойыншылардың санына байланысты анықталады, әдетте мұнда жеңіске жету мүмкіндігін болжап білу мүмкін емес. Бұл дегеніміз – тіпті жаңа ойыншы да жеңімпаз атана алады деген сөз. Бір айта кетерлігі, «LOTO Club»-тарда сіз әлемдегі лотерея ойыншыларымен сайысқа түсе аласыз. Сонымен қатар букмекерлер мен казинода ойыншылар ұйымдастырушыларға қарсы ойнаса, лото клубтарда ойнатылатын лотереяларда қатысушылар өзара бәсекелестікке түседі. Әдетте лотереяларда ұтыс сомасы алдын ала белгілі болады. Ал букмекерлерде ұтыс сіздің болжамыңызға тәуелді. Спортқа бәс тігуден қомақты сома ұту үшін тіккен ақшаңыздың көлемі де жоғары болуы шарт. Ал лотереяларда 100 теңгеге билет сатып алып, 1 миллион ұтып алуға да болады екен. Бұған біз де сол тұста көз жеткіздік. Жанымызда қатар тұрған мониторға үңіліп үнсіз отырған жас жігіт айқай салғанда шошып кеттік. «Алақай, ұттым!», – деді. Содан не керек, қасына барып ойынның барысын сұрадым. «Бір ай болды ұтылып келемін. Бүгін 40 мың ұтылып тұрған жерден 600 мың теңге ұтып алдым. Оған дейін талай ұтылғанмын. Берілмей, сәттілікке сеніп, бүгін жеңіске жеттім», – деп риза болған жігіт өзін таныстырмады. Ақшаны тікпей тұрып, бір топ жастардың ішіне кірдік. Мұнда 18 жасқа толмаған азаматтарды кіргізбейді екен. Тек жеке басын куәландыратын құжаты бар азаматтар ғана ойнай алады. Тіпті бұл ойынды телефонға жүктеп, сол жақтан ақша тігіп, ұтып та, ұтылып та жатқандарды көз көрді.
– Шыны керек, о баста ұттым. Ұтқан сайын азартқа кіріп, тағы ұтсам деген ниетпен бар ақшамды салдым. Оны да ұтылдым. Ұтылған ақшамды шығару үшін үйдегі байлаулы тұрған ірі қараны саттым. Астымдағы көлікті саттым. Ақша салған сайын шығыным көбейді. Жан-жақтан қарызға ала бастадым. Тіпті пайызға ақша беретін адамдардың алдына қалай барғанымды білмей қалдым. Ақыры қарызым 3 миллионға жетті. Бір аптада шашымның қалай ағарып кеткенін білмей қалдым. Тығырыққа тірелдім. Соңында үй-іші, ағайын-туыс – барлығы біліп, абыройсыз қалдым. Ақыры не керек, пайызға алған ақшамды бауырларым шығарып берді. Қалған ақшамды несие алып жаптым. Енді ай сайын несие төлеп отырмын. Құмар ойынға енді жоламаспын, – дейді А. есімді қала тұрғыны.
Бұл тек бір адамның басынан өткені. Ал Ж. есімді азамат отбасының ақшасын түгел салып, ұтылғанына әлі өкінетінін жеткізді.
– Менде тұрақты жұмыс жоқ. Бұл орталыққа достарымның айтқанына қызығып, мен де пайда тапсам деп келдім. Жалдамалы жұмысшымын. Отбасымды сол тапқан-таянғаныма асырап отырмын. Үш балам бар. Әйелімнің төртіншісіне аяғы ауыр. Жақында, Жаңа жылдың алдында қолыма қомақты қаржы түсті. Әйелім дастарқан алып, балаларды киіндіремін деп риза болды. Мен оған айтпай телефон арқылы тапқан ақшамның жартысын тіктім. О баста ұтып келе жаттым. 60 мың салып, 100 мың теңгеге дейін қолым жүрді. Содан не керек, түн жарымда кеңсеге ақшамды шешіп алуға бардым. Ішіне кіргенде таныстарымды көріп, монитордың алдынан қалай шыққанымды білмей қалдым. Сөйтіп, ұтып отырған ақшамның бәрін салдым, одан бөлек, тапқан нәпақамды да салып жібердім. Үйге жаяу қайттым. Одан кейін ұрыс-керіс, айқай-шу, – деп Ж. есімді азамат өзінің басынан өткенімен бөлісті.
Соңғы кездері бүкіл Қазақстан бойынша «LOTO Club» құмар ойынханасы саңырауқұлақша қаптап кетті. Бейресми деректерге сүйенсек, елімізде ресми түрде тіркелген 400-ге жуық лото клубы жұмыс істейді екен. Және олардың саны жыл сайын артып келеді.
– Біздің балаларымыз, іні-ағаларымыз, әкелеріміз, тіпті әйел адамдар да осы ойынхананың құрбаны болып отыр. «LOTO Club» ойынханасы жастарымыздың санасын әбден улап бітті, қарызға кіргізіп, белшеден несиеге батырып, одан қалса қылмысқа итермелеп жатыр. Өз көзімізбен көріп жүрміз, қаншама жас жігіттер осы «LOTO Club» ойынханасында бүкіл ақшасын ұтылып жүр. Бұл айтылғандар тек басты проблемалар, біз білмейтін қаншама жағдайлар болып жатыр осы құмар ойындарының кесірінен. Үйімізден береке, тыныштық кетті, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық. Қазақстан Республикасының заңы бойынша құмар ойындары тек 1-2 қалашықта рұқсат етілген, ал қазіргі таңда «LOTO Club» ойынханасы бүкіл Қазақстан облыстарында ашылуда. «LOTO Club» қызметкерлерінің айтуынша, «тек жай ғана лотерея ойнатамыз және біздің ойындар ешқандай құмарлық казино ойындарына жатпайды» деп ақталуда. «LOTO Club» ойынханасында «Keno», «Bingo 37», «Bingo 38» ойындары бар, яғни бұлар нағыз казино ойындары, бұл ешқандай лотерея емес. Онымен қоса ішімдік беріп, кешке таман стриптиз және массаж жасайтын жартылай тыр жалаңаш қыздар жігіттеріміздің басын одан сайын көрге тығуда. «LOTO Club» ойынханасы онсызда азып-тозып жүрген ойыншыларға күнде SMS-хабарлама арқылы шақырту таратуда. Сан алуан фото-видео материалдарын «WhatsApp» желісі арқылы таратып, ойыншылардың көзін қызықтырады. Сөйтіп, үйде тыныш отырған балаларымызды азғырып шақырады. Осы себептен Қазақстан Республикасының барлық аймақтарынан «LOTO Club» құмар ойынханасын жабуды талап етеміз. Барлық құмар ойынханасы жабылсын! Соның ішінде «LOTO Club» бірінші жабылсын. Бұл мәселені жай қалдыруға болмайды, мұның соңы жақсылықпен бітпейді. Осы проблеманы қолға алып, барлық «LOTO Club» ойынханасын және телефонда онлайн ойналатын «LOTO Club» қосымшасының (приложение) жабылуын талап етеміз! – дейді баласы құмар ойынның құрбаны болған Сейітхан есімді қария.
Дәл мұндай мысалдарды сансыз келтіре беруге болады. Қаншама адам түзу жолдан тайып, өмірін қор қылып жүр десеңізші. Құмар ойынының қызығына басымен кіріп кетіп жатқандардың есебін кім шығарыпты? Десек те, қолда бар бейресми деректерге сенсек, елімізде жылына 350 мың адам (күніне 900 адам) құмар ойындарының құрбанына айналады екен. Тіпті бір рет жеңістің дәмін татқандар қайта келіп, сол орынды тұрақты мекеніне айналдыратыны жасырын емес. Алайда аждаһаның апанын алыстатсақ та, майда шабақтары сананы улауын тоқтатар емес. Ол – букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтары. Бұған бала да, ересек те бір «сәлем бермей» кетпейді. Құмар ойындарға тәуелділіктен арылу нашақорлық пен маскүнемдікке қарағанда әлдеқайда қиын. «Бұл құмар ойын дерт пе, жоқ әлде кесел ме? Оны емдеуге болады ма?» деген сауалмен дәрігерлерге жүгінген едік.
– Құмарлық ойынға деген тәуелділіктен құтылу оңай емес. Біріншіден, бұл тәрбиеге байланысты. Мүмкін құмар ойынына әуес баланың әкесі сондай шығар. Сосын көп жайт баланың араласатын ортасына да қатысты. Әртүрлі себеп әсер етуі мүмкін. Егер бала психологиялық тұрғыдан әлсіз болса, өзін ұстай алмай, тез еріп кетеді. Негізі, мұндай баламен ұзақ уақыт жұмыс істеу керек. Ойынға деген тәуелділік – аурудың бір түрі. Оны психолог емес, психотерапевт емдейді. Бәріне әлеуметтік жағдай әсер етеді. Қарап тұрсаңыз, ойын автоматтарын көбінесе ақшадан тарыққан адамдар жағалайды. Өйткені олардың сана-сезімінде «тез байысам» деген ой тұрады. Оның оңай жолы – ойын автоматтарынан қомақты ақша ұтып алу деп түсінеді. Бірақ алғаннан салғаны көп болады. Оны мойындағысы келмейді. 1 мың теңге салсам, 2 мың теңге шығарып аламын дейді. Сөйтеді де, барынан айырылады. Тәуелділік деген – ауру. Бұл дерт дендеп кетсе, адамды қылмысқа, тонауға, бопсалауға итермелейді, – дейді психолог Жазира Сұлтанбаева.

Түйін:
Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: «Сен ана бір жас шыбықты жерден суыршы», – дейді. Ол қиналмай-ақ суырып алады. Енді одан жуанын суыруын тапсырады. Ол досын көмекке шақырып қана орнынан қозғапты. Данышпан одан жуан ағашты көрсеткенде, тағы көп адам жиналып ырғаса да, орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? Жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Ал нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен. Сол секілді жаман әдет тамырын тереңге жаймай тұрғанда, саны күн сайын артып келе жатқан клубтарды толығымен жауып, көзін құрту керек.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.