Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қызмет сапалы болса, мәдениет те қалыптасады

0 1  346

Қаңтар айында орын алған дүмпуден соң, бірнеше күн бойы автобус күрт азайып, такси бағасы шарықтап шыға келді. Қара жолды қақ тіліп, жүйткіп жүрген қолжетімді қоғамдық көліктің зары өтті-ау сонда. Әлеуметтік желі іске қосылмағандықтан, телефонға қарай салып, қай көліктің қайда жүргенін, қажетті аялдама түбінен нешеде өтетінін біліп отыратын жұрт әп-сәтте бәрінен бейхабар күйде бірнеше күн сабылып қалды. Міне, сонда халықтың бар шаруасын артық шығынсыз, аз-маз тиынға қажетін өтеп жүрген қоғамдық көліктің тапшылығы жанға батқан-ды.

Жуырда Тараз қаласына жаңа қоғамдық көліктер келе жатқаны туралы ақжолтай хабар жетті. Бұл барша қала тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды. «Әулие-Ата TрансПасс» ЖШС – 10 дана, «City-Bus» ЖШС – 30 дана «Golden Dragon» сыйымдылығы жоғары автобустарын сатып алды. Автобустардың ұзындығы – 12 метр, орын саны – 28, сыйымдылығы бойынша 90 жолаушыға арналған автобустар құны 56,5 миллион теңгені құрайды.
Қоғамдық көліктер қоларбаға таңылған жандарға арналған пандустармен жабдықталған және егде жастағы адамдардың жайлы жүруі үшін едендері төмен орналасқан. Сонымен қатар автобустар желдеткіш, мәліметтерді жазатын және сақтайтын бейнебақылау камераларымен, жүріс желісімен және автоинформаторлардың тоқтау туралы автоматты хабарлауымен жабдықталыпты. «Әулие-Ата ТрансПасс» ЖШС автобустары шекарадан өтіп, құжат рәсімдеу сатысында. Ал «City-Bus» ЖШС автобустары кеденде, Қытай Республикасымен шекарада көрінеді.
– «Әулие-Ата TрансПасс» ЖШС-не берілетін 10 дана қоғамдық көлік ол өзінің №30 бағытындағы үлкен сыйымдылықтағы автобустарды ауыстырады. Ал ескілерін азайған маршруттармен алмастырады. «City-Bus» ЖШС-нің 30 автобусы Талас ауылы, Барысхан, Кірпіш зауыты, Қант зауыты аумағына қатынайтын №9 бағытты қайта іске қосады. Одан бөлек, Шалғай Қарасудан жүретін №37 маршрутының да өз схемасы дайын. Үшінші бағыт жаңа ашылған «Шаңырақ», «Қызылабад», «Арай», «Көктем» массиві арқылы ықшамауданға кіріп, Әл-Фараби көшесі арқылы жүретін жалғыз №23 маршруттың жолымен өтіп, №15 ықшам- ауданды айналып шығады, – дейді көлік және жолаушы тасымалдау секторының меңгерушісі Ғабит Алтаев.
Иә, жаңа автобустардың келе жатқаны жан жадыратады. Алайда қала тұрғындарына қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан қандай арыз-шағымдар жиі айтылады? Қоғамдық көлік пен қара халықтың ортасында тігісі жатпаған қандай мәселе бар? Әлде таңнан қара кешке дейін тұрғындарды тасымалдап, межелі жеріне жетуге бар жағдай жасау үшін тер төгіп, көлік айдаған жүргізушілерге айтар алғысы бар ма?
– Төрт перзентті дүниеге алып келген ана ретінде қоғамдық көліктің қызметіне көп жүгінемін. Өз басым жүрсем де, баламен болсын, қай уақытта да дөрекі сөйлеп, артық қылық танытқан жүргізуші көрмедім. Кондукторлар үлкендер, балалы немесе аяғы ауыр әйелдерге орын алып беруге үнемі атсалысады. Өзім көбінесе №32 және №14 автобустарға жиі мінемін. Ал №57 маршрут кейде жүреді, кейде жоқ болып кетеді. Ең ұнамайты- ны – автобуста ұрылардың көптігі. Жуырда студент сіңілім несиеге алған қымбат ұялы телефонын қоғамдық көлікте ұрлатып алды. Ұры ұсталған жоқ. Ал сіңілім несиесін әлі төлеп жүр. Халықтың обалына қалмас үшін барлық автобустың ішінде бейнекамералар болса, бұлай қиналмас едік, – дейді қала тұрғыны Динара Тұрғынова.
Қоғамдық көліктердің қызметіне қатысты Гүлзада Қырықбаеваның да өз айтары бар.
– Кей-кейде қоғамдық көліктің жүргізушілері жолаушылармен дөрекі сөйлескенін құлағым шалып қалып жатады. Жүйкелері жұқарып жүреді ме, әйтеуір айқайға жақын екені әр сөзінен байқалады. Әсіресе кондуктор. Ал ең сорақысы – лық толы автобусты асығыс айдайтыны. Бір жерге барып, төңкеріліп қалса, кім жауапты? Содан кейін аузы-мұрнына дейін толтырылған көлікте үнемі орын болмайды. «Ауыл-Береке» базарына барған сайын бір аяқпен әзер сыйып тұрған ығы-жығы адамнан жүрегің қысылады. Бұл бұрыннан айтылып келе жатқан мәселе екенін білемін, – дейді Гүлзада.
Жуырда интернет өшіп, қайта қосылған жағдайдан кейін біз мінген қоғамдық көлік «TulparCard» жұмыс істемейтінін, салынған ақша түспей жатқанын алға тартып, жолаушылардан қолма-қол ақша ұсыну керектігін ескертті. Алайда ұялы телефонында желі жүйесі 4G жылдамдығын тартып тұрған қала тұрғындары бұл мәселеге сенімсіздікпен қарады. Тіпті көз алдымда жүргізуші мен кондукторды тыңдамаған бір азамат картасын аппаратқа тақаған сәтте ақша түскен белгі ретінде әуен ойнай жөнелгенде, қоғамдық көліктегі жұрт «ақша түсіп тұр, көлік жүргізушісі алдап жатыр» деп жапа-тармағай карталарын аппаратқа басып, өз аялдамаларынан түсіп кетіп жатты. Бұл оқиғаның қаншалықты рас екенін білу және басқа да түрлі сұрақтарға жауап алу мақсатында қалалық тасымалдаушы мекеме басшыларына хабарласып, аз-кем тілдескен едік.
– Қоғамдық көлік саласының мамандары тек қана қара басының ғана қалтасын ойлайтын азаматтар емес. Өз басым, мәселен, халықтың қаражатын ғана емес, батасын қоса алғым келеді. Қазіргі таңда бізде «Әулие-Ата ТрансПасс» ЖШС-інде 200-ге жуық қоғамдық көлік бар. Біз 1984 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Облыс әкімі болған Қанат Бозымбаевтың кезінде қолдау көргенбіз. Одан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2020 жылы біздің мекемемен жіті танысқан болатын.
Қолма-қол ақшамен төлем жасаған кез қиын болды. Қаражаттың жетпеген жерін дәлелдей алмай келдік. 2020 жылы қазан айында электронды билет жолға қойылды. Бұл сұрақты мен бұрын да көтерген едім. Кейбір мекемелер қарсы болғанын естіп келеміз. Бірақ мен өз басым қолма-қол ақшаға қарсы болғанмын, айлыққа жұмыс істеуді қолдадым. Интернеттің қосылмауына байланысты жылдың басында қоғамдық көлік саласы үлкен кедергіге тап болды. Картаға салған ақшалар түспей қалды. Сол уақыттарда «қаражатым картада, «TulparCard»-пен ғана төлеймін» деп, сөзімізге сенбеген қала тұрғындары тегін қатынады. Ал тегін тасымалдау біздің қоғамдық салаға салмақ болды. Жанар-жағармайға берген ақшамыздың 3\1-ін де шығара алмадық. Жолақы негізі қазіргі кезде 200-250 теңге болу керек еді. Өз-өзін ақтау және 3-5 жыл сайын жаңа көлік ұсыну үшін. Бірақ бұл ақшаны қоятын болсақ, халықтың шамасы жетпейді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бір айда 165 теңгені субсидиялау керек. Алматы қаласында жолақы – 80 теңге. Бірақ мемлекет тарапынан бір жылда 32 миллиард субсидия бөлінеді. Нұр-Сұлтан қаласында жолақы 90 теңге болса, мемлекет тарапынан жылына 24 миллиард субсидия қарастырылған. Сондықтан ол қалаларда сыйымдылығы үлкен, жайлы қоғамдық көліктер халыққа қызмет етуге мүмкіндігі бар, – дейді «Әулие- Ата ТрансПасс» ЖШС-нің директоры Рашид Пірманов.
«City-Bus» ЖШС директорының орынбасары Еркебұлан Сметов те өздерінің тасымалдау қызметі туралы кеңінен әңгімелеп берді.
– Тараз қаласы бойынша 8 бағыттағы он автобус қатынайды. Қозғалыс аралықтары он минуттан бекітілген. Таңғы 7:10-да ең бірінші график жұмысқа бағыт алады. Кеші 21:20 кеткенде соңғы автобус тоқтайды. Медициналық сараптамадан өтіп, құжаттарын тексертіп, қағаздарын алып, денсаулығында ақау, қан құрамында алкоголь көрсеткіші болмаса, жұмысқа қарқынды беттейді. Біздің тасымалдау мекемесінде айтарлықтай проблема жоқ. Тек халыққа құлаққағыс ретінде айтарымыз, қоғамдық көлікті ластамай, мүмкіндігінше жолақыны төлесе болды. Халыққа айтар басқа өтініш, назымыз жоқ. «TulparCard»-ты қолға алып, электронды төлемге көшкеніміз сондай тиімді болды. Қоғамдық көлік пен жолаушы қарым-қатынасы сыпайы һәм мәдениетті болғанда, қызмет сапасы қашанда алға жылжып, ісіміз өрге басады деп ойлаймын, – дейді Еркебұлан Қанатбекұлы.
Ең басты байлық – халықтың саулығы мен амандығын сақтап, кең дүниені дөңгеленген дөңгелегіне сыйдырған қоғамдық көліктер мен қарашаның назы реттеліп, бір арнада тоғысқаны құба-құп. Кәсіпкерлер арасында адал бәсекелестік орнап, қызмет көрсету сапасы жақсарып, тасымалдау саласындағы мамандардың әлеуметтік мәселелері оң шешілсе, өгіз өліп, арба да сынбас.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.