Дүкен иелері ұрланған тауарды сатып алғандар қандай тәуекелге баратынын айтты, – деп хабарлайды “Jambyl-Taraz” ақпарат агенттігі Tengrinews.kz тілшісі.
Technodom Operator АҚ өкілінің сөзінше, Алматыдағы тәртіпсіздіктерден кейін әлеуметтік желілерде түрлі күмәнді тауарлар өте төмен бағамен сатылатыны туралы хабарландырулар пайда бола бастаған.
«Бұл үнемдеуден гөрі проблемаларға әкелуі мүмкін: кепілдіктің немесе қайтару мүмкіндігінің болмауы, алаяқтық және ең бастысы, тауарды кейін құқық қорғау органдары ақшасын қайтармай дәлелдеме ретінде алып қою қаупі бар, сонымен қатар сізден тергеу барысында ұрлық дерегі бойынша куәгер ретінде жауап алынады», – дейді компания өкілі.
Тұрмыстық техника мен электроника дүкеніндегілер өзіңді мұндайдан қорғау оңай екенін айтып отыр, ол үшін тартымды ұсыныстарға сенбей, ресми дүкендерден сатып алу керек.
«Бұл жағдайда ең бастысы – қызметкерлердің ешқайсысы зардап шекпейді. Дүкендерді қалпына тез келтіріп аламыз, олардың көбі қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр», – деді компания өкілі.
OLX электрондық хабарландыру порталы өкілі де қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату Қазақстан Республикасының заңы бойынша қудаланатынын түсіндірді. OLX Қазақстан модерация қызметі қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны да хабарланды.
«Біз қолданыстағы заңнама шеңберінде жедел-іздестіру қызметі органдарымен әрдайым бірге жұмыс істейміз», – деді ұйымдағылар.
OLX портал пайдаланушыларына қауіпсіздік үшін сатушыдан әрдайым түбіртек, келісімшарт және байланыс деректерін сұрауға кеңес береді.
«Күдікті хабарламалар анықталған жағдайда, ақпаратты бізге дереу кері байланыс арқылы жолдауыңызды сұраймыз. Қылмыстық жолмен табылған тауарды сатып алған болсаңыз, жергілікті полиция бөлімшесіне барып, тергеу үшін барлық қажетті ақпарат пен материалды ұсынуыңыз керек», – деді олар.