Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мектеп асханалары талапқа сай ма?

0 617

Өскелең ұрпаққа қамқорлық – «Нұр Отан» партиясының алға қойған негізгі мәселелерінің бірі.

Толғанай АТАБАЙ

Осыған байланысты партиялықтар оқушылардың тамақтану сапасын жақсартуға бағытталған «Мектеп асханалары» әлеуметтік жобасын қолға алған болатын. Апта басында партия облыстық филиалының ұйымдастыруымен аталмыш жоба аясында ведомствоаралық сарапшы топ қаладағы мектеп асханаларын зерделеді.


Арнайы топ әуелі қаладағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің асханасымен танысты. Білім ордасында бүгінгі күні 485 оқушы білім алып жатыр. Ал оқу орданың асханасы 150 орынға арналған екен. Мектептің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі Мадияр Шүмбековтің айтуынша, оқушылар аптаның әр күніне түрлі ас мәзірі бойынша тамақтанады. Сондай-ақ 8 оқушы ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілген екен. Олардың күндік асының құны 250 теңгені құрайды. Ал ата-аналар есебінен тамақтанатын оқушылар үшін ыстық тамақтың құны 200 теңге болып бекітілген. Алты жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен асхана талапқа сай жабдықталыпты. Одан кейінгі сарапшылар тобы ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатына ат басын бұрды. Мұнда 325 оқушы жатып білім алатындықтан олардың тамақтануына ерекше мән берілген. Білім алушыларды тәулігіне 5 мезгіл тамақтандыратын аспазшылар аз мәзіріне жіті мән береді. Өз кезегінде оқушылар 130 орынға шақталған асханадан 3 ауысым бойынша тамақтанады.
– Әр оқушының күнделікті ішіп-жеміне мемлекет тарапынан 1704 теңге бөлінген. Бұл қаржыға 5 мезгіл ас ішетін олардың бізге ешқандай шағымы түскен емес. Біз мұнда тамақты жалпы білім беретін және интернаттық ұйымдарды тамақтандыруды ұйымдастыруға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар негізінде әзірлейміз. Балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетін азық-түліктер жіті бақылауымызда, – дейді мектеп-интернаттың бас аспазы Галина Матогилова.


Бұдан өзге, арнайы құрылған топ орта мектеп асханаларындағы ахуалды біліп қайтты. Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектебінде 1100 бала білім алуда. Ал оқу ордасында тәулігіне 260 балаға шақталып ыстық тамақ әзірленеді екен. Екі ауысым бойынша білім беретін мектеп ескі ғимаратта орналасқаннан кейін асхана жабдықтары да топ мүшелерінің назарына ілікті. Мәселен, ұн өнімдерін қоятын табақшалар жаңалауды қажет етсе, оқушылар қолын жуатын орындар санитарлық талапқа сай келмей тұр. Онда талапқа сай бір реттік орамалдар мен қол кептіргіш құрылғылар орнатылуы тиіс екен. Алайда бұған мектеп директоры Баймұрат Жақсыбеков білім ошағында қол кептіргіш құралды алуға қаржы жоқ екендігін айтып, демеушілер тарту арқылы мәселені реттейтінін жеткізді. Дегенмен мектеп асханасы ағымдағы оқу жылындағы тамақтандыруды ұйымдастыру және сапасын бақылауға арналған комиссияның жұмыс жоспарымен, әкімшілік және медицина қызметкерлерінің кезекшілік кестесімен, сондай-ақ бекітілген асхана мәзірімен танысуға арналған бұрышпен жабдықталыпты. Үстел басындағы үйлесімді тәртіпке бағыттайтын анықтамалар да көрсетілген. Сондай-ақ, зерделеу жұмысы №7 мектеп пен Қ.Тұрысов атындағы №53 мектептің асханаларында жалғасын тапты. Қос мектеп асханаларында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары мемлекет тарапынан ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Бастысы тағамдардың құрамында балалардың денсаулығына кері әсерін тигізетін қоспалар қолданылмайды әрі аспаздар өз жұмыстарына ұқыпты.


– Бала – біздің болашағымыз. Сол үшін олардың білім ошағында дұрыс тамақтануына да баса мән берген абзал. Бүгінгі зерделеу жұмыстары барысында оқушыларға тегін және ақылы түрде берілетін тағамдарды қарап шықтық. Оқушыларға тегін ыстық тамақ мемлекет тарапынан беріліп жатыр. Ол әрқашан бақылауда болуы қажет. Жалпы тағамдардың құрамына, сондай-ақ асхананың тазалығына көңіл бөліп, ондағы құрал-жабдықтардың жай-күйіне назар аудардық. Біз болған білім ошақтарының асханаларында ешқандай мін таға алмаймыз. Бірақ кемшіліктердің бар екендігін айта кеткен жөн. Ол жөнінде жауапты мамандарға ескертілді, – дейді ведомствоаралық сарапшы топтың мүшесі Сембек Сейдәзімов.


Сарапшы топтың зерделеу жұмыстары мұнымен тоқталып қалмайды. Алдағы уақытта партияның қалалық және аудандық филиалдары тарапынан құралған топ мүшелері мектептердің асханаларында болып, ондағы қызмет сапасын зерделейтін болады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.