Қалалық қоғамдық-саяси газет

Беделі бекем Бердалы

0 590

Халықтың ұлттық рухын көтеруде, қоғамдық сананы жаңғыртуда, ұрпақ тәрбиесін жолға қоюда баспасөздің алар орны зор. Мерзімді басылымдар – қоғам мүшелерінің күнделікті ақпараттар ағынынан хабардар болып отыруына, адамдардың рухани жан дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтуге ықпал ететін маңызды насихатты құрал.

Қазіргі кезде газет-журналдардың қоғамдағы орнын интернет пен теледидар басты. Бірақ қолыңа алып, өз көзіңмен көріп, оқыған газеттің орны бір бөлек. Газет оқығандай интернет бетінен материалды тұшынып оқи алмайсың. Бір жағынан, жүйке қысымы, көз жанарына зиянды екенін ескерсек, интернеттің тиімділігі өз міндетін толық атқара алмайтындығын аңғаруға болады. Сондықтан да өзіңнің бой үйреткен газетіңнің иісінен-ақ ләззат алғанға не жетсін?!
Осы орайда пошта саласында жұмыс істейтін хат-хабар тасымалдаушылар жөнінде бірер ауыз жылы лебізімді білдіргенді жөн көрдім. Олар жылдың төрт мезгілінде – қақаған аяз, боран, жауын-шашын, аптап ыстыққа қарамастан, хат-хабарды, газет-журналды оқырман қолына дер кезінде жеткізуге тырысады.
Сол ардақты да абзал жандардың бірі Тараз қаласындағы 7-ші шағынауданда орналасқан №19 пошта бөлімшесінің хат-хабар тасымалдаушысы Бердалы Ширанов дер едім. Қашан көрсең жылы жүзбен амандасып, алып келген газет-журналдарын ұсынып жатады. Мен өзім республикалық «Егемен Қазақстан», «Ардагер айнасы» газеттерінен бастап, облыстық «Ақ жол», «Ғұмыр-Дария», «Ауыл аймақ», қалалық «Жамбыл-Тараз» басылымдарын аламын. Осы айда «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы ғимаратында баспасөзге жазылу акциясы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мен ардагер ретінде осы айтулы іс-шараға қатысып, тағатсыздана күтетін бірнеше басылымға жазылдым. Сол Бердалы бауырымыздың тиянақты жұмысының арқасында басылымдарды тұрақты түрде аптасына үш рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері) үзбей алып, сүйікті газеттерім қолыма тигенде, өзімше рухани рахаттанып қаламын.
Бірде бас қосып қалып, жұмысы жайында сұрағанымда, ол өз ой-пікірін білдірген еді.
– Қазіргі кезеңде зейнеткермін, сонымен бірге пошта саласында еңбек етемін. Жалақымды ай сайын алып отырамын. Алып отырған айлығыма қанағатшылықпен қараймын. Жалпы жұмыстың оңайы жоқ. Біздер күннің суығына, жауын-шашынға, қыстың қаһарлы боранына қарамастан, түрлі басылымдарды, хат-хабарларды үйді-үйге таратуға асығамыз. Сонымен қатар кәсіпорындар мен тұрғындар арасында газет-журналдарға жазылуды насихаттап, ұйымдастырып отырамын. Соның нәтижесінде маған бекітілген аумақта газет-журналға жазылу басқа жаққа қарағанда біршама ауқымды, – деді ол.
1960 жылы дүниеге келген Бердалы Тұрдалыұлы ішкі істер органында 25 жыл лауазымды қызметтер атқарып, «майор» шенімен отставкаға шығады. Кезінде ауыр да абыройлы қызметтері бағаланып, Құрмет грамоталарымен және медальдермен марапатталған.
2009 жылдан бері пошта бөлімшесінде газет тасымалдау- шысы болып еңбек етіп келеді. Сонымен қатар оның жары Әлия Ширанова да бірге жұмыс атқарады. Ол кезінде Ташкент байланыс политехникумын бітірген. Осы салада бірқатар қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін үйде қарап отыруды жөн көрмеген Әлия Жарқынбайқызы пошта тасымалдаушысы жұмысын жалғастырады.
Қазіргі кезде үйдің отағасы Бердалы екеуі бірлесіп қала тұрғындарына хат-хабарларды уақытылы жеткізіп, өздеріне бекітілген тұрғындардың ілтипатына бөленуде. Мекемеге жұмысқа келген жас буындарға тәжірибелерін үйретіп, үлгі-өнегелерін көрсетіп келеді.
«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы басшылығы және салалық кәсіподақ ұйымы тарапынан бірнеше рет Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталған. Сондай-ақ беделі бекем тұлға ретінде олардың суреттері басқармадағы Құрмет тақтасының төрінен орын алған. Бұл күнде ұлағатты отбасы ұлды ұяға, қызды қияға қондырып отырған бақытты ата-әже.
Жуырда республикалық «Қазпошта» АҚ басқармасы (төрағасы – Серік Саудабаев) мамандықтың маңыздылығын ескере отырып, компанияда 2022 жылды «Пошташылар жылы» деп жариялады. Бұл – мерзімді басылымдарды таратушыларға көрсетілген үлкен құрмет. Осыдан-ақ аталмыш мамандардың еңбегі өлшеусіз екенін аңғаруға болады.
Бүгінде оқырмандар алғысына бөленіп, жұптары жарасымын тауып отырған Бердалы мен Әлияның жұмысқа деген жауаптылығы мен адалдығының бір белгісі десек артық айтпағандық болады.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қаласының Құрметті ардагері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.