Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сергектікті серік еткен қарттарым

0 735

Ақсақалдар – ұлағат мектебі, ардагерлер тұғырлы тұлға. Олардың әрбір тағылымды ісі жастарға үлгі-өнеге болып келеді. Солай болып та жүр. Қоғамда қандай шара болмасын жасы үлкендердің ақылымен, бағыт-бағдарымен жүзеге асырылуда. Сергектікті серік ету жас талғамайды.

Біздер бұған Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі аясында белгіленген «Сергектікті серік еткен қарттарым» атпен қызықты спорт ойындарының бірі – бильярдтан турнир өткізу барысында көз жеткіздік.
Бұл сайысқа қаланың 8 ардагері қатысты. Осы тартысты бәсекеде облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаевтың бағы жанып, жеңімпаз тұғырына көтерілді. Полиция ардагері Ораз Шералин екінші орын иеленсе, денсаулық сақтау саласының ардагері Түгелбек Медетбеков пен облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы Әкелер кеңесінің төрағасы Қонысбай Ильясов үшінші орынды қанағат тұтты.
Мерекелік бағдарлама «Туған жерім – дархан далам» атты ардагерлер ансамблінің концертімен жалғасты. Айтулы іс-шараны қорытындылаған Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова шаһардың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан белсенді ардагерлер А.Үсенбаев, Ж.Сарыбекова, Д.Ильичев, А.Савченко, А.Байдашев және К.Жолдасоваға «Тараз қаласының Құрметті ардагері» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар бильярд турнирінің жеңімпаздарын және бір топ өнерлі ардагерлерді Алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Алдаберді МЕҢЛІБАЙҰЛЫ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.