Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жерге жатқызып басымнан тепті» – Полиция департаментінде көз жұмған Жұмабаевтың досы оқиғаның мән-жайын айтты

0 320

Шымкентте Полиция департаментіне өз аяғымен кірген күдіктінің мәйіті шықты. Жақындарының айтуынша, Нұрболат Жұмабаев Қостанайдан досымен бірге Шымкентке қалыңдығын әкетуге келген екен. Дәмханада түстеніп отырған екеуді арнайы жасақ қолына кісен салып алып кеткен,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі  КТК арнасы сілтеме жасап.

Алайда полиция ғимаратынан 31 жастағы Қостанай тұрғыны тірі шықпады. Қостанайдан дереу жеткен әкесі мәйітханада жатқан ұлымның денесінің сау-тамтығы қалмаған дейді.

Ал Полиция департаменті таратқан ақпаратта қалыңдық туралы сөз жоқ. Шымкентке көлік ұрлауға келді деген күдіктінің денсаулығы дімкәс болуы мүмкін деп отыр тәртіп сақшылары. Нұрболат Жұмабаев досымен бірге Қостанайдан Шымкентке бес күн бұрын келіпті. Қалыңдығын үйіне апару үшін келген жігіті жанындағы досымен дәмханада отырған жерінен арнайы жасақ қолын қайырып әкеткен.

«Көлікке отырғызғаннан бастап басымызға қапшық кигізіп ұра бастады», – дейді Сергей Петров. «Департаментке жеткізгенде тепкі үдей түсті», – деп отыр денесі мен басынан жарақат алған марқұмның досы.

Жәбірленуші Сергей Петров: «Мен досымды соңғы мәрте көргенде полицейлер ұрып жатқан. Одан соң екеуімізді бөлек әкетті. Менің қолымды кісендеп, жерге жатқызып басымнан тепті. Бір мәрте басыма кигізген қапшықты шешіп, түрін жаттап үлгердім. Олар 3-4 жедел уәкіл мен тағы арнайы жасақтың жігіттері. «Сендер көлік ұрладыңдар, сондықтан мойындаңдар, көрші кабинеттегі досың мойындауға шақ қалды» деп күштеді. «Өз еркіңмен қол қоймасаң, денсаулығыңнан айрыласың» – деп қорқытты.

Бірақ жедел уәкілдермен кіргізілген Нұрболат Жұмабаев кабинеттен тірі шыққан жоқ. Тергеу кезінде жағдайы күрт нашарлаған 31 жастағы жігіт жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Қостанайдан жедел келген әкесі бүгін мәйітханада ұлының мүрдесін көріп шошып отыр. Айтуынша, шаңғы спорты, бокспен айналысқан ұлының денесінің сау-тамтығы қалмаған.

Марқұмның әкесі Ерқара Жұмабаев: «Маңдайы, құлағы, ернінің іші жыртылған. Асты да, үсті де, мойны қарайып кеткен. Аяғының ортасы, шаты, сосын қолын кәдімгі темірмен ұрған секілді, қанталаған емес, терісі жыртылған. Аяғының да. Сап-сау бала ғой. Сағат 12-де ұстаған. Сағат 4-5-ке дейін ұстаған. Соның ішінен өлігі шықты», – дейді.

Марқұм Нұрболат Жұмабаевтың адвокаты да полицейлер өрескел заңбұзушылыққа барғанын айтады.

Адвокат Талғат Есімов: «Үш сағаттан астам заңсыз ұстапты. Неге бұл уақытта адвокат бермеген? Одан соң жедел уәкілдер неге тергеушіге дейін жеткізбеген? Тергеу мен заңды шешім қабылдау тергеушінің құзырында емес пе? Қылмыс жасаған күннің өзінде неге арнайы жасақпен ұстайды? Бұлар қылмыстық топтың мүшесі емес қой. Неге заң бойынша шақырту қағазын жібермеген?», – дейді.

Ал бұл сұрақтарға жауап беру үшін Полиция департаменті бастығының өзі шықты. Генералдың сөзінше, адвокат шақыртылған екен. Ал Нұрболат Жұмабаевпен серігі Сергей Петров бірнеше көлік ұрлау дерегі бойынша күдікті ретінде өтіпті. Тіпті бұлтартпас дәлелдері де бар екен. Ал тергеу кабинетінде «камералар бар» деген ол мән-жай тек сараптама қорытындысынан кейін ашылады деп отыр.

Шымкент қаласы ПД бастығы Ералы Жұмаханбетов: «Дәлізде орнатылған, кабинетте бар. Кабинетте сөйлескен, сол жерде жігіттерге «мазам болмай жатыр» деген. Кешіріңіздер, біз дәрігер емеспіз. Әркімде әртүрлі жағдай болады. Енді сараптама шешімін күтейік», – дейді. Қазір бұл іспен қалалық прокуратура мен министрліктің өзіндік қауіпсіздігінен келген лауазымды шенділер айналысып жатыр.

«Шымкенттің сот сараптамасына сенбейміз» деген марқұмның жақындары тәуелсіз сараптаманың көмегіне жүгінбекші. Ал бір аптадан соң үйлену тойы болады деп күтіп жүрген Нұрболат Жұмабаевтың денесі бірер күнде туған қаласы Қостанайда жерленеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.