Қалалық қоғамдық-саяси газет

Заңды жәрдемақыны алу неге қиын?

0 248

Атаулы әлеуметтік көмек айналасында дау-жанжал ушығып отыр. Ақпарат құралдары Қарағанды тұрғыны, көпбалалы ана Дариға Қазанғапованың бар-жоғы 122 теңге, яғни әр балаға 20 теңгеден АӘК алғаны жайында жарыса жазды. Салада басқа да түйткілдер туындаған. Мысалы, кейбір отбасын «АӘК алуға өтініш жазбады» деген сылтаумен көмектен айырған,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл ретте пандемия кезінде өтініш қабылдамай, көмек беру мерзімін автоматты түрде ұзартып келген шенеуніктердің де айыбы болса керек.

Құлақтанбасаң, құр қаласың!

Бұл көмек қаржы отбасындағы әрбір мүшеге шаққандағы орташа табыс өңірлік күнкөріс шегінің 70%-ынан төмен болса, тағайындалады. Бұған қоса, АӘК көрсетудің жаңа тетігі аясында еліміздің барлық өңірінде аз қамтылған отбасылардағы мектепке де­йінгі жастағы балалар кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен (КӘТ) қамтылады. 2021 жылғы 1 қарашада 1-6 жас аралығындағы 247,1 мың балаға осы топтама берілген. Ол топтамаға азық-түлік және тұр­мыстық химия жиынтығы кіреді.

Былтырдан бері мемлекет осы көмекке өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты: АӘК алушыларға тағайындалған көмекті 2020 жылдың II, III, IV тоқсандарында, сондай-ақ 2021 жылғы І және ІІ тоқсандарда автоматты түрде ұзартты. Еңбекмині мұны азаматтарға деген қамқорлық ретінде насихаттады. Әрі осы арқылы карантин шектеулері кезінде адамдардың үлкен кезегі мен дүрлігісінің туындауына жол берілмейтіні атап өтілді.

Дегенмен бұл қамқорлықтың соңы кейбір азаматтың алдануына соқтырған көрінеді. Себебі АӘК тағайындалатын мерзім ұзартылатыны туралы естігенімен, ол ұзар­тудың аяқталғанынан және ары қарай қай­тадан өтініш беру керегінен хабарсыз от­басылар көмектен қағылды. Олар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгінуге немесе eGov.kz «электронды үкімет» порталы арқылы электронды түрде АӘК тағайындауға өтініш беруі тиіс екен.

«Отбасым аз қамтылған санатқа жатады. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Бұған дейін АӘК төленіп келген. Алайда шілде-тамыз айларында одан айырды. Себебі «өзіңіз өтініш бермегенсіз» дейді. Шенеуніктер әртүрлі тәсіл ойлап тауып, біздің көмегімізді талан-тараж етуде. Өтініш қабылдаудың қай­та басталғаны туралы дұрыс құлақ­тан­дырмады. Енді өтініш бермеген өзің кінәлі деп жауапкершілікті адамдарға ысыра салуда. Ауру адаммын, өтініш түгіл, кейде дәрі-дәрмекті уақытында қабылдауды ұмы­тып кетемін. Әрбір азаматтың мәліметі мем­базада бар, кімнің мұқтаж екені белгілі, ен­деше шенділер бұл міндетті неге аза­мат­тардың мойнына артады!» – деп ашынады Ақтөбе тұрғыны Дмитрий Анатольевич.

Әділін айта кету керек, бұл – заң та­ла­бы: «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңына сәйкес, АӘК тағайындау тәртібі өтініш беру сипатында болып ке­ле­ді. Яғни, өтініш беруші өзі не отбасы аты­нан жұмыспен қамту орталығына, ауылдық жерде – кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне АӘК көрсету туралы өтінішпен жүгінуі тиіс.

Бірақ 2020 жылдың ІІ тоқсанынан бас­тап, төтенше жағдайға және карантин шек­теулеріне орай өтініш берушілер мен жұ­мыспен қамту орталықтарының мамандары арасындағы тікелей байланысты болдырмау үшін былтырғы І тоқсанда тағайындалған көмектің мерзімі еш өтінішсіз, бірнеше рет ұзартылды. 2021 жылғы ІІІ тоқсаннан бас­тап, өтініштерді пролонгациялау рәсімі тоқтатылды. Содан бері өтініш беру қолда­ныстағы заңнамаға сәйкес бұрынғы фор­матта жүргізілуде екен.

Ал Дмитрий Анатольевичке уақытында өтініш бермегені үшін шілде-тамызда ақ­шалай көмек төленбеген. Рас, кейін қал­пы­на келтіріліпті. Бұған ұқсас деректер же­тер­лік. «Әлеуметтік көмек» ақпараттық жү­йе­сінің дерегінше, оған қыркүйек айын­да 38 500 теңге АӘК тағайындалды. Ал IV тоқ­санда 157 554 теңге атаулы әлеуметтік кө­­мек алады: қазанда – 52 518 теңге, қара­шада – 52 518 теңге, желтоқсанға – 52 518 теңге.

Қарапайым тілмен айтқанда, жете хабардар етпегені үшін жауапты шенеу­ніктердің ештеңесі кетпейді, екі ортада сабылатын – бұқара.

Көмек алу жасанды қиындатылған ба?

Осал топқа жататын отбасылардың шағымы ұқсас болып келеді: атаулы көмекті алу қиын. Мысалы, Талдықорған тұрғыны, көпбалалы ана Гүлнәз Бейбітқазиеваның жұбайы қайтыс болып, кәмелетке толмаған 4 баламен жалғыз қалыпты. «Үйде отыр­мын, жұмысқа шыға алмаймын. Себебі кенжем екі жаста, үлкені сегізге енді толды. Оларды мен жоқта бағатын адам жоқ. Асы­раушыдан айырылуға төленетін жәрдем­ақы­ға, 4 баланың жәрдемақысына қарап отыр­мыз. Жауапты органға барып едім, АӘК таға­йындаудан бас тартты», – дейді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігінің түсіндіруінше, АӘК жүйесі – өмірлік қиын жағдайға тап болған аз қамтылған азаматтарға, отбасыларға ұсынылатын көмектің негізгі түрі.

«АӘК тағайындау критерийі – кедейлік шегі, оның мөлшері ең төменгі күнкөрістің 70%-ына тең. Егер отбасының әрбір мү­ше­сіне шаққандағы табыс осыдан төмен бол­са, оның айырмашылығынан АӘК мөлшері құралады. Осыған байланысты АӘК со­масы әрбір нақты отбасы үшін же­ке-жеке ай­қындалады. Аталған отбасы­ның жәр­дем­ақы түріндегі жан басына шақ­қан­дағы ор­таша айлық табысы 31 797 теңгені құрады. Ал Алматы облысы бо­йын­ша 2021 жылғы IV тоқсандағы кедейлік шегінің көлемі – 27 346 теңге. Яғни, бел­гіленген ке­дейлік шегінен асып кетуіне бай­ланысты бұл кісіге АӘК тағайындау мүм­кіндік бол­майтынын хабарлаймыз», – деді министрлік.

Шенеуніктердің 27 мың теңгеге бір ай өмір сүру мүмкін болмайтынын түсін­бей­тіні, түсінгісі келмейтіні қынжылтады.

жәрдемақы

Пандемия, карантин шектеулері, кәсіп­орындардың тоқтауы, экономиканың ре­цес­сиясы, дағдарыс, теңгенің тоқтаусыз құнсыздануы қатар келіп, бұқараның тұрмысын күрт төмендеткені, осал отбасы­лардың санын ұлғайтқаны сөзсіз. Жауапты органдар болса, статистика мен есепті қолдан көркейту үшін мұқтаж жандардың меселін қайтарудың түрлі тәсілін ойлап табатынға ұқсайды.

«АӘК алуға құжаттарымды тапсырдым, алайда жұмыспен қамту орталығы Прези­денттің бастамасымен сонау 2019 жылы кешірілген кредитімді менің табысыма жатқызып отыр. Мамандары неге олай істейтінін дұрыс түсіндіре алмады: «Ел­ордадағы министрліктегілер мемлекет берген барлық ақшаны табысқа есептеңдер деп тапсырды» дегенді айтады», – дейді Шымкент тұрғыны Құралай Д.

Еңбекминінің түсіндіруінше, Прези­денттің 2019 жылғы 26 маусымдағы Жар­лығына сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы қарызды біржолғы өтеу қағидаларының 8-бөлімінің 22-тармағына сәйкес, отбасының жиынтықты табысын есеп­теу кезінде мұндай кредит жеке тұл­ға­ның табысы ретінде қарастырылмайды. Де­мек, өңірлердегі мамандар сылтау-себеп­терді өз білгенінше ойлап табатын сыңайлы.

Көмек үшін мемлекетті алдаушылар көбейді

Әлеуметтік желідегі пікірталас көрсет­кендей, қоғамның бір бөлігі АӘК алушы­ларды жақтырмайды. «АӘК пен жәрдем­ақы­ларға өмір сүретіндер қызмет етіп, та­быс табуға ұмтылмайды. Олар үнемі өзін асырап отырған мемлекетке шағымданып, барған сайын көбірек ақша беруін талап етеді», – дейді бірі. «Бұрындары құрсағы алтын аналарымыз тынбай жұмыс істейтін, балаларын да адал азамат етіп өсіретін. Одан жаман болған жоқпыз», «Балалар да бос уақытында еңбек ететін. Аула сыпы­рудан арланбайтын. Шаруашылыққа кө­мектесетін. Енді аналарының арызданып, ақ­шалай көмекке қол жеткізетінін көріп өс­кен балалар еңбекқорлыққа емес, ма­сыл­дыққа үйренбей ме?», – дейді өзгелері.

Қоғамдық теріс пікірге алаяқтардың, ниеті таза емес адамдардың осы тетікті пай­даланып, заңсыз табыс табуға ұмтылатыны да ықпал етеді. Өткен жылдары коттеджі, қымбат көліктері бар отбасылардың АӘК алып келгені әшкереленген-тін. Сондай-ақ осы көмек түрін алу үшін көптеген ерлі-зайыптының көз қылып, жалған ажырасуы да белең алды.

Өкінішке қарай, бұл қоғамдық кеселдер биыл да қанат жайыпты. Таяуда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов бірқатар өңірде АӘК тағы да заңсыз тағайындалғанын жариялады.

– АӘК тағайындаудың негізділігін тексеру үшін министрлік оңтүстік өңірлерде – Шымкент, Алматы қалаларында және Алматы облысында мониторинг жүргізді. Оның барысында заңнаманы өрескел бұзу деректері анықталды. Мәселен, АӘК та­ғайындау қағидатын бұзуға, жұмысқа орналастыру бойынша тікелей міндеттерді орындамауға жол берілген. Жәрдемақы мемлекеттің қосымша қолдауына мұқтаж емес, ауқатты отбасыларға тағайындалған. Сондай-ақ АӘК заңсыз тағайындау фак­тілері, яғни өтініш беру кезінде жұмысы бар адамдардың кірістері жоқ деп көрсетілгені әшкереленді, – деді Серік Шәпкенов.

Алдын ала есептеулер бойынша, артық төлем 3,4 миллиард теңгеге жеткен. Оларды мемлекет кері өндіртіп алады.

Бұған қоса, кеше ведомство әлеуметтік көмек тағайындауда табысты есептеудің тәртібі өзгеретінін хабарлады. Еңбекмині «АӘК алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бе­кіту туралы» бұйрықты өзгертетін жаңа бұй­рық жобасын жариялады. Оған сәйкес, табыс ретінде есептелмейтін көмектер мен жәрдем­ақылар қатары кеңейтілмек. Бұй­рықтың жа­ңа редакциясында отбасының жиынтық та­бысын есептеу кезінде жеке тұл­ғаның та­бысы ретінде қарастырыл­май­тын табыс түр­лері ретінде кірістің 25 түрі көрсетіліп отыр.

Ұлттық статорганның дерегінше, 2020 жылы елде кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқан азаматтар саны 1,069 миллион адамды құраған. Дүниежүзілік банктің болжамынша, Қазақстанда кедейлер саны 2021 жыл қорытындысында 1,5 миллион адамға жетуі ықтимал.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021 жылғы қарашада 195,3 мың отбасындағы 973,9 мыңнан астам адам АӘК алған. Биыл осы мақсатта бюджеттен 82 млрд теңге бөлінді. Жергілікті бюджеттен оны қоса қаржыландыру 15,2%-ды немесе 12,6 млрд теңгені құрауы тиіс. Әйткенмен, АӘК төле­мін 15%-дан жоғары мөлшерде қоса қар­жыландыруды тек 5 өңір қамтамасыз етті.

Қалай болғанда, мемлекет АӘК тетігі арқылы елдегі кедей отбасылардың басым бөлігін қолдаумен қамтып отыр. Оның үстіне, көмекпен қамтылатындар саны алда артуы мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.