Дәрігер қателігінен жапа шеккендерге өтемақы көбеймек,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Ісіне салғырттық танытып, сау адамды сал еткен, өмір сыйлаудың орнына өлім құштырған медицина мамандары қылмыстық жауапкершіліктен құтыла ма? Дәрігер қателігін дәлелдеу қиын деп жүргенде жұрт не өтемақы ала алмай, не сотқа шағымдана алмай, сан соғып қалмай ма? Заң жобасын ұсынған Денсаулық сақтау министрлігі неге қызметкерлерінің бас бостандығы үшін шыр-пыр болып отыр?
ЖАЗАДАН ЖАЛТАРА МА?
Соңғы төрт жылда 84 медицина қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 70-і жазаға тартылды. Дені операция кезінде бұрыс шешім қабылдап, ем-дом жүргізуде немқұрайдылық танытқан.
Мәселен, Қарағандыда үш баланың анасы дәрігер қателігінен сал болып қалды. Жекеменшік клиникаға өз аяғымен ем іздеп барған келіншек үш жылдан бері төсек тартып жатыр. Айғайым Сейдуалиеваның кеудесінде жан бар демесең, тіршілік белгісі жоқ. Сонымен қатар астаналық Айнұр Нұрасылова дәрігер қателігінен құрсағындағы сәбиінен айырылды. Нәтижесінде, емдеу мекемесінің қызметкеріне айып тағылып, жұмысынан қуылды. Бала сүю бақытынан айырылғандарға сот шешімімен 5 миллион теңге көлемінде өтемақы төленді. Өткен аптада қызмет барысында абайсызда адам өліміне әкеп соққандықтан гематолог-дәрігер кәсіби міндетін дұрыс орындамағаны үшін кінәлі деп танылды. 2019 жылғы 25 шілдеде Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасына қан ауруы, оның ішінде жедел лейкоз диагнозымен ер адам жеткізілген. Гематолог науқастың төс сүйегінен кеуде қуысына пункция жасау үшін инені қажетінен тереңірек енгізіп, оның жүрегін зақымдаған.
«Науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсету шараларын қолданбай, оны қайтарып жіберген. Тиісті сақтықпен және көрегендікпен ол кеуде қуысының пункциясы кезінде екі сәтсіздік болғанын байқау керек еді», – делінген қалалық соттың үкімінде. Науқас басқа емдеу мекемесіне жақ-бет хирургінің кеңесіне жүгінген. Сол жерде ауырып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Біраз уақыттан кейін ер адам қайтыс болды. Дәрігер Қылмыстық кодекстің 317-бабы «Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыруы» бойынша екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар үш жылға медицина саласынан шеттетілді. Медицина қызметкерлерін жауапкершілікке тарту Қылмыстық кодексте қарастырылған. Өз қызметіне салғырт қарау бойынша Қылмыстық кодекстің 114-бабы бар. «Азаматтардың конституциялық құқығына нұқсан келтіру» бойынша 144-бап, «Дәрігерлік құпияны жария ету» бабының 2 бөлімінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ Қылмыстық кодекс бойынша медицина мамандарына «абайламай өлтіріп алу» бойынша 101-бап бар. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 317-323-баптары бойынша 600-800 шамасында Қылмыстық, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 80-бабы бойынша 300-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заң бар, бірақ ол дәрігерлердің қателік жасауына тоқтам болып тұрған жоқ.
ДӘРІГЕР БОЛУҒА ҚОРҚАДЫ
Енді Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде дәрігердің немқұрайдылығы салдарынан науқас көз жұмса, отбасына 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы төленбек. Министрлік тиісті заңнаманы өзгерту мақсатында арнайы сақтандыру қорын құруды ұсынып отыр. Науқасқа келтірілген залал үшін өтемақы төлеуді Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған жағдайлар бойынша сақтандыру компаниясы жүргізеді. Өтемақы алған емделуші сотқа шағымданбайтыны туралы құжатқа қол қоюы тиіс. Сонда адам өміріне жауапты сәтте қателік жасаған дәрігердің жазасы өтемақымен ғана шектеле ме? Өтемақы төлеу туралы заң қабылданса, дәрігерлер қылмыстық жауапкершіліктен босатыла ма?
«Елімізде жыл сайын 6 мың студент жоғары білімді дәрігер атанады. Сонда да елімізде медицина мамандары тапшы. Себебі жастарымыз дәрігер болудан қорқады. Халық қит етсе, дәрігерлерді кінәлап шығады. Сотқа сүйрейді. Ақ халаттыларымыз тәуекелге барғысы келмейді, себебі бір қателіктен сотталып кетуі мүмкін. Дәрігерлерді қорғау керек», – деп хабарлады Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
ЗАҢ БӘРІНЕ БІРДЕЙ
Қош, дәрігерлерді қорғау керек екен. Конституцияда заң алдында жұрттың бәрі тең деп жазылған. Мәселен, көлік жүргізушісі абайсызда адам қағып кетсе, ол сотталады да, неге дәрігер өтемақы төлеп құтылып кетуі тиіс деген сауал туады. Дәрігерді өтемақы төлеу арқылы жауапқа тарту бұрыннан заңда бар. Ол бап бойынша адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса да, тартылмаса да өтемақы төлейді. Бұл бастаманың астарында шу шығарған науқасты өтемақымен алдап, қылмыстық істі жылы жауып қою жатқан жоқ па?! Заңгер Әлімжан Жұбатханов кінәлі жазасыз қалмауы керек екенін айтады.
«Сонда дәрігерлер адам өлтіріп, «мен бұған жауап бере алмаймын, сақтандыру компаниясына жүгініңіз» деп тұра ма? Қателік жасады ма, дәрігер ме әлде полицей ме, бәрі де жазалануы тиіс. Себебі заң алдында бәрі бірдей», – дейді заңгер.
ҚАМҚОРЛЫҚҚА МҰҚТАЖ
Егер дәрігерлер заңмен қорғалса әрі өтемақыны қалтасынан емес, жұмыс істеп отырған мекеме төлесе, дәрігер іс-әрекетіне сенімді болар ма еді? Сәйкесінше, қателік жасауы азаюы мүмкін. Ал медициналық мекеме біліксіз маманды жұмысқа алмайды, себебі олар да өтемақы төлеуге ынталы емес. Сонымен қатар жүздеген адамның өміріне араша болып, кездейсоқта науқасы операция үстелінде көз жұмғаны үшін сотталып кете берсе, білікті мамандардан айырылып қалу қаупі де бар. Себебі қателік кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Өмір болған соң қате-кемшіліктер де кездесіп қалатыны рас. Қазақстандағы репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин бір дәрігерді бас бостандығынан айырсақ, қаншама науқасты аман алып қалу мүмкіндігін жоғалтамыз деген пікірде.
«Әрбір дәрігер қателігі арқылы тәжірибе жинайды. Қателік жасамаған дәрігер жоқ. Америкада жыл сайын дәрігер қателігінен 1 000 адам көз жұмады. Бірақ ол елде дәрігерлер де, науқастар да сақтандырылған. 30-40 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігерлерде де науқас өлім құшады. Тіпті, тәжірибесі көп дәрігерде де запа шегетіндер көп болуы мүмкін. Қазіргі медицина адамды аман алып қалуға кепілдік беруге қауқарлы емес. Мұны да ескеру керек. Дәрігерлер қамқорлыққа мұқтаж», – дейді В.Локшин.
ШЕТЕЛДЕ ЗАҢ МЕН ЖАЗА ҚАЛАЙ?
Аустрияның Линц қаласында хирург қателесіп, 82 жастағы науқастың сол аяғының орнына оң аяғын кесіп тастаған. Дәрігер сот шешімімен 2 700 еуро (1 337 000 теңге көлемінде) айыппұл төлеп, жазадан оңай құтылып кетті. Сот алдында көз жұмған науқастың жесіріне 5 000 еуро көлемінде өтемақы төленді. Германияда әр дәрігер сақтандыру компаниясымен кәсіби жауапкершілік шартын жасайды. Егер арбитраждық комиссия дәрігердің қателігінен науқасқа келген шығынды өтеп беру туралы шешім қабылдаса, ол шығынды дәрігер үшін сақтандыру компаниясы төлейді. АҚШ-та да осы тәжірибе қолданылады. Жапонияда дәрігер кінәлі болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады, бірақ абақтыға жабылмайды. Тек дәрігердің кәсіптік қызметіне нүкте қойылады. Бірақ біздің мәселеміз тереңде. Германияның даму деңгейіне жеттік пе? Шетелдегі сияқты өтемақымен шектелуге қаншалықты дайынбыз? Себебі медициналық мекемелер тек білікті кадрларды жұмысқа алады деп сеніммен айта алмаймыз. Дәрігер мамандығын ақылы оқитындар бар, ілініп-салынып емтихандарын тапсырады, оқуын төмен бағамен бітірсе де жұмысқа тұрады.
«Дамыған елдерде дәрігерді дипломына қарап жұмысқа алмайды. Біліктілігін дәлелдейтін сертификаты болуы керек. Соған қарап қызметке алады. Ол сертификатқа қол жеткізу екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын шаруа. Ал бізде оқу орнын бітірмей тұрып, емханаларға жұмысқа орналасады. Арасында система сала алмайтыны да бар», – деп налыды елорда тұрғыны Алмас Отарбаев.
Елімізде дәрігер қателігін дәлелдеу қиын. Білікті сот медициналық сарапшылар аз. Бұл ойымызды медициналық сот сарапшысы Тахир Халимназаров қолдап отыр.
«Бұл сала мамандарының жалақысы аз, жұмысы көп. Күніне 15-20 мәйітті тіліп, сараптама жүргізуі тиіс. Соның шешімінен бір адамның тағдыры шешіледі. Білікті кадр аз. Алматыда жылына 20-30 сот сараптамасын жүргізсек, өңірлерде 2-3 сараптама ғана жүргізіледі. Сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің медициналық білімінің болмауы көп кедергі келтіреді. Заң жобасы күшіне енсе, дәрігерлерге сене бермейтін халықтың күдігін одан сайын көбейтіп алуымыз мүмкін», – дейді Т.Халимназаров.
Қорыта айтқанда, зардап шеккен науқас өтемақыға өтініш беруі үшін дәрігер қателігін дәлелдеу керек, әйтпесе сақтандыру қоры міз бақпайды. Бұл жерде қателескен дәрігер мен сақтандыру компаниясы арасында жемқорлық болып, өтемақы төлемеудің амалын жасамайтынына кепілдік бар ма? Ақ халатты қателігінен науқас о дүниеге аттанса, іс өтемақымен жабылса, сонда адам құны ақшамен өлшене ме? Дәрігер салғырттығынан жақынынан айырылған адамның жан жарасын өтемақы емдей ме? Сау адам сал болып қалса, 1 000 айлық есептік көрсеткіш мүгедектігін емдеуге де жетпес… Жұмысына атүсті қараған дәрігер айыбын ақшамен өтесе, қателігін қайталамауына кім кепіл?
Қысқасы, Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған заң жобасында пысықтауды қажет ететін тұстар аз емес. Жауабы табылмаған сауал да көп. Дегенмен дәрігерлердің жауапкершілігін арттыру қажет екені айдан анық. Сонымен бірге дәрігерлерді қоғамның қысымға алуы да мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Заң жобасын талқылау барысында мұның барлығы ескерілсе дейміз. Әйтпесе, дәрігерлерді қолдаудың жөні осы екен деп жауапкершіліктен жалтару мүмкіндігін қолдан жасап беруіміз ықтимал.