Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәрігер қателігі кешіріле ме?

0 90

Дәрігер қателігінен жапа шек­кен­дерге өтемақы көбеймек,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Ісіне салғырттық танытып, сау адамды сал еткен, өмір сыйлаудың ор­нына өлім құштырған медицина ма­ман­дары қылмыстық жауап­кер­ші­лік­тен құтыла ма? Дәрігер қателігін дәлелдеу қиын деп жүргенде жұрт не өтемақы ала алмай, не сотқа ша­ғымдана ал­май, сан соғып қал­май ма? Заң жо­басын ұсынған Ден­саулық сақ­тау министрлігі неге қыз­мет­кер­лерінің бас бос­тандығы үшін шыр-пыр болып отыр?

ЖАЗАДАН ЖАЛТАРА МА?

Соңғы төрт жылда 84 медицина қыз­меткерінің үстінен қылмыстық іс қоз­ғалып, 70-і жазаға тартылды. Дені опера­ция кезінде бұрыс шешім қабылдап, ем-дом жүргізуде немқұрайдылық танытқан.

Мәселен, Қарағандыда үш баланың ана­сы дәрігер қателігінен сал болып қал­ды. Жекеменшік клиникаға өз аяғымен ем іздеп барған келіншек үш жылдан бері төсек тартып жатыр. Айғайым Сейдуа­лиеваның кеудесінде жан бар демесең, тіршілік белгісі жоқ. Сонымен қатар аста­налық Айнұр Нұрасылова дәрігер қа­те­лігінен құрсағындағы сәбиінен айы­рылды. Нәтижесінде, емдеу мекемесінің қызмет­керіне айып тағылып, жұмысынан қуыл­ды. Бала сүю бақытынан айырыл­ғандарға сот шешімімен 5 миллион тең­ге көлемінде өтемақы төленді. Өт­кен аптада қызмет барысында абайсыз­да адам өліміне әкеп соққандықтан ге­ма­толог-дәрігер кәсіби міндетін дұрыс орын­да­мағаны үшін кінәлі деп танылды. 2019 жылғы 25 шіл­деде Шығыс Қазақстан облыстық ауру­ханасына қан ауруы, оның ішінде жедел лейкоз диагнозымен ер адам жеткізілген. Гематолог науқастың төс сүйегінен кеуде қуысына пункция жасау үшін инені қажетінен тереңірек енгізіп, оның жүрегін зақымдаған.

«Науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсету шараларын қолданбай, оны қайтарып жіберген. Тиісті сақтықпен және көрегендікпен ол кеуде қуысының пунк­циясы кезінде екі сәтсіздік болғанын бай­қау керек еді», – делінген қалалық соттың үкімінде. Науқас басқа емдеу мекемесіне жақ-бет хирургінің кеңесіне жүгінген. Сол жерде ауырып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Біраз уақыттан кейін ер адам қай­тыс болды. Дәрігер Қылмыстық ко­декстің 317-бабы «Медицина қызмет­керінің кә­сіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыруы» бойынша екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар үш жылға медицина са­ласынан шеттетілді. Медицина қызмет­кер­лерін жауапкер­ші­лікке тарту Қылмыс­тық кодексте қарас­тырылған. Өз қызметіне салғырт қарау бойынша Қылмыстық ко­декстің 114-бабы бар. «Азаматтардың конс­титуциялық құ­қығына нұқсан келті­ру» бойынша 144-бап, «Дәрігерлік құ­пияны жария ету» бабының 2 бөлімінде қылмыстық жауапкершілік қарасты­рыл­ған. Сондай-ақ Қылмыстық кодекс бо­йынша медицина мамандарына «абай­ламай өлтіріп алу» бойынша 101-бап бар. Статистикаға сүйенсек, Қа­зақстанда жыл сайын медицина қызмет­керлеріне қа­тысты Қылмыстық кодекстің 317-323-бап­тары бойынша 600-800 ша­масында Қылмыстық, Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодекстің 80-бабы бойынша 300-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Заң бар, бі­рақ ол дәрігерлердің қателік жасауына тоқтам болып тұрған жоқ.

ДӘРІГЕР БОЛУҒА ҚОРҚАДЫ

Енді Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған «Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне ден­саулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы шеңберінде дәрігердің немқұрайдылығы салдарынан науқас көз жұмса, отбасына 1 000 айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде өтемақы төленбек. Министрлік тиісті заңнаманы өзгерту мақсатында арнайы сақтандыру қорын құруды ұсынып отыр. Науқасқа келтірілген залал үшін өтемақы төлеуді Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған жағдайлар бойынша сақтандыру компаниясы жүр­гізеді. Өтемақы алған емделуші сотқа ша­ғымданбайтыны туралы құжатқа қол қоюы тиіс. Сонда адам өміріне жауапты сәтте қателік жасаған дәрігердің жазасы өтем­ақымен ғана шектеле ме? Өтемақы төлеу туралы заң қабылданса, дәрігерлер қыл­мыстық жауапкершіліктен босатыла ма?

«Елімізде жыл сайын 6 мың студент жоғары білімді дәрігер атанады. Сонда да елімізде медицина мамандары тапшы. Себебі жастарымыз дәрігер болудан қор­қады. Халық қит етсе, дәрігерлерді кінәлап шығады. Сотқа сүйрейді. Ақ халатты­ла­рымыз тәуекелге барғысы келмейді, себебі бір қателіктен сотталып кетуі мүмкін. Дәрігерлерді қорғау керек», – деп ха­барлады Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

ЗАҢ БӘРІНЕ БІРДЕЙ

Қош, дәрігерлерді қорғау керек екен. Конституцияда заң алдында жұрттың бәрі тең деп жазылған. Мәселен, көлік жүргі­зушісі абайсызда адам қағып кетсе, ол сотталады да, неге дәрігер өтемақы төлеп құтылып кетуі тиіс деген сауал туады. Дәрігерді өтемақы төлеу арқылы жауапқа тарту бұрыннан заңда бар. Ол бап бойынша адам қылмыс­тық жауапкершілікке тар­тылса да, тар­тылмаса да өтемақы төлейді. Бұл бастама­ның астарында шу шығарған науқасты өтемақымен алдап, қылмыстық істі жылы жауып қою жатқан жоқ па?! Заңгер Әлімжан Жұбатханов кінәлі жа­засыз қалмауы керек екенін айтады.

«Сонда дәрігерлер адам өлтіріп, «мен бұған жауап бере алмаймын, сақтандыру компаниясына жүгініңіз» деп тұра ма? Қателік жасады ма, дәрігер ме әлде по­лицей ме, бәрі де жазалануы тиіс. Себебі заң алдында бәрі бірдей», – дейді заңгер.

ҚАМҚОРЛЫҚҚА МҰҚТАЖ

Егер дәрігерлер заңмен қорғалса әрі өтемақыны қалтасынан емес, жұмыс істеп отырған мекеме төлесе, дәрігер іс-әре­ке­тіне сенімді болар ма еді? Сәйкесінше, қателік жасауы азаюы мүмкін. Ал меди­циналық мекеме біліксіз маманды жұмыс­қа ал­майды, себебі олар да өтемақы тө­леуге ынталы емес. Сонымен қатар жүз­деген адам­ның өміріне араша болып, кездейсоқта науқасы операция үстелінде көз жұмғаны үшін сотталып кете берсе, білікті мамандардан айырылып қалу қаупі де бар. Себебі қателік кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Өмір болған соң қате-кемшіліктер де кездесіп қалатыны рас. Қазақстандағы репродуктивті ме­ди­цина қауымдастығының президенті Вя­чеслав Локшин бір дәрігерді бас бос­тандығынан айырсақ, қаншама науқасты аман алып қалу мүмкіндігін жоғалтамыз деген пікірде.

«Әрбір дәрігер қателігі арқылы тәжі­рибе жинайды. Қателік жасамаған дәрігер жоқ. Америкада жыл сайын дәрігер қате­лігінен 1 000 адам көз жұмады. Бірақ ол елде дәрігерлер де, науқастар да сақтан­ды­рылған. 30-40 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігерлерде де науқас өлім құшады. Тіпті, тәжірибесі көп дәрігерде де запа шегетіндер көп болуы мүмкін. Қазіргі медицина адамды аман алып қалуға кепілдік беруге қауқарлы емес. Мұны да ескеру керек. Дәрігерлер қамқорлыққа мұқтаж», – дейді В.Локшин.

ШЕТЕЛДЕ ЗАҢ МЕН ЖАЗА ҚАЛАЙ?

Аустрияның Линц қаласында хирург қателесіп, 82 жастағы науқастың сол аяғының орнына оң аяғын кесіп таста­ған. Дәрігер сот шешімімен 2 700 еуро (1 337 000 теңге көлемінде) айыппұл төлеп, жазадан оңай құтылып кетті. Сот алдында көз жұмған науқастың жесіріне 5 000 еуро көлемінде өтемақы төленді. Германияда әр дәрігер сақтандыру компаниясымен кәсіби жауапкершілік шартын жасайды. Егер арбитраждық комиссия дәрігердің қателігінен науқасқа келген шығынды өтеп беру туралы шешім қабылдаса, ол шығынды дәрігер үшін сақтандыру ком­паниясы төлейді. АҚШ-та да осы тәжіри­бе қолданылады. Жапонияда дә­рігер кі­нәлі болса, қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылады, бірақ абақтыға жа­­былмайды. Тек дәрігердің кәсіптік қыз­ме­тіне нүкте қойылады. Бірақ біздің мәсе­леміз тереңде. Германияның даму деңге­йі­не жеттік пе? Шетелдегі сияқты өтем­ақы­мен шекте­луге қаншалықты дайын­быз? Себебі медициналық мекемелер тек білікті кадрларды жұмысқа алады деп се­німмен айта алмаймыз. Дәрігер маман­ды­ғын ақылы оқитындар бар, ілініп-салынып емтихандарын тапсырады, оқуын төмен бағамен бітірсе де жұмысқа тұрады.

«Дамыған елдерде дәрігерді дипломына қарап жұмысқа алмайды. Біліктілігін дәлелдейтін сертификаты болуы керек. Соған қарап қызметке алады. Ол серти­фикатқа қол жеткізу екінің бірінің қолы­нан келе бермейтін қиын шаруа. Ал бізде оқу орнын бітірмей тұрып, емханаларға жұмысқа орналасады. Арасында система сала алмайтыны да бар», – деп налыды елорда тұрғыны Алмас Отарбаев.

Елімізде дәрігер қателігін дәлелдеу қиын. Білікті сот медициналық сарап­шылар аз. Бұл ойымызды медициналық сот сарапшысы Тахир Халимназаров қолдап отыр.

«Бұл сала мамандарының жалақысы аз, жұмысы көп. Күніне 15-20 мәйітті тіліп, сараптама жүргізуі тиіс. Соның шешімінен бір адамның тағдыры шешіледі. Білікті кадр аз. Алматыда жылына 20-30 сот сараптамасын жүргізсек, өңірлерде 2-3 сараптама ғана жүргізіледі. Сот және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің медициналық білімінің болмауы көп кедергі келтіреді. Заң жобасы күшіне енсе, дәрігерлерге сене бермейтін халықтың күдігін одан сайын көбейтіп алуымыз мүмкін», – дейді Т.Халимназаров.

Қорыта айтқанда, зардап шеккен нау­қас өтемақыға өтініш беруі үшін дәрігер қателігін дәлелдеу керек, әйтпесе сақтан­дыру қоры міз бақпайды. Бұл жерде қа­телескен дәрігер мен сақтандыру компа­ния­сы арасында жемқорлық болып, өтем­ақы төлемеудің амалын жасамай­тынына ке­пілдік бар ма? Ақ халатты қате­лігінен нау­қас о дүниеге аттанса, іс өтем­ақымен жа­былса, сонда адам құны ақ­ша­мен өлшене ме? Дәрігер салғырт­тығынан жақынынан айырылған адамның жан жарасын өтемақы емдей ме? Сау адам сал болып қалса, 1 000 айлық есептік көрсеткіш мүгедектігін емдеуге де жетпес… Жұмы­сы­на атүсті қа­раған дәрігер айыбын ақша­мен өтесе, қателігін қайталамауына кім кепіл?

Қысқасы, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі ұсынған  заң жобасында пысықтауды қажет ететін тұстар аз емес. Жауабы та­былмаған сауал да көп. Дегенмен дәрі­герлердің жауапкершілігін арттыру қажет екені айдан анық. Сонымен бірге дәрі­герлерді қоғамның қысымға алуы да мүм­кін екенін жоққа шығармаймыз. Заң жобасын талқылау барысында мұның барлығы ескерілсе дейміз. Әйтпесе, дәрі­герлерді қолдаудың жөні осы екен деп жауапкершіліктен жалтару мүмкіндігін қолдан жасап беруіміз ықтимал.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.