Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүйесіздік жүйке жұқартады

0 416

Бірізділік экономикаға, саясатқа ғана емес, біздің әлеуметтік, рухани дамуымызға да зор серпін береді. Бір ізге түспеген тірліктің түбі болмайды. Баспасөз ақпарат құралдары, компьютер, теледидар, телефондардағы әлеуметтік желілер жоғарылы-төменді, оңды-солды, қарама-қайшылықты тәрбиенің қазіргі басты аспабы болып тұрғандықтан осы мәселені қаперде мықтап ұстауымызға тура келеді.
Қазір көрерменнің сан алуан талғамына сай ана тілді арналарымыз бен ұлттық тіліміздегі түрлі бағдарламалар жетіп артылатын кең заманда теледидар уақытының басымын халқымыздың әдет-ғұрпынан алшақ реалити-шоу дегендер алуда. Оның көрермені көбінесе қыз-келіншектер қауымы. Шіркін-ай, елді қырқыстырып, қыз бен жігітті шаш жұлыстырып, ене мен келінді жауластырып, ауызы бардың аузына келгенін оттатып қойып, жұмыстан шаршап келетін отағасына дәм дайындап, ыстық шай әзірлеп үлгеруге тиіс әйелдердің, жылтырақтың бәріне елігіп, жарқырағанның бәріне желігер жастағы жас қыз-келіншектердің ойын бұзып, санасының пәрше-пәршесін шығарған «Қалаулымның» әләуліміне, «Кел, келінімнің» еркелігіне шығын болған қайран сағаттар-ай!.. Сол шоудың шуына елітіп, түк бітірмей бірнеше уақытын кетіретін, емізулі баламен декреттік демалыста үйде отырған жас келіншектердің жұмысбасты күйеулерінен жеп жатқан таяғын санағандар бар ма екен. Эфирге дайындап шығаратын аутсорингтік компаниялардың айтуынша көрермен қауымның басым көпшілігінің «сұранысына ие» ойын-сауықтық, танымдық форматтағы мұндай жобалардың «қолдан айқай-шу ұйымдастырып, адамдардың жеке ішкі өмірін талқылап, сары басылым әдістерін қолданбай», аудиторияны барынша жағымды дүниелермен баурауға күш салып, халыққа мейлінше интеллектуальды, танымдық-сараптамалық, ақпараттық өнім ұсынатын бағдарламаларының да барын жоққа шығару обал болар. Бірақ керісінше, солардың өкінішке орай кейбірінің ғұмыры жыл, жыл жарымнан ары аспай, қысқарып, тоқтап қалатыны қынжылтады. Ұлттық арнамызда бір кездері жап-жақсы ұйымдастырылып, көрермені қалыптасып қалған «Сырғаның» тағдыры осылай болды. «Әйел бақыты» да жаңа қамзол киіп, кимешегін ауыстырды. Бір жағынан, түсінеміз. Меншіктік, зияткерлік құқық жөніндегі заңдылықтарды сақтау, идея авторы, жобаға бөлінген қаржының мөлшері мен оның жұмсалуға тиіс уақытының көлемі, т.с.с., – бәрі-бәрі жатқан есеп, жатқан жоспар. Оның үстіне бір жыл, екі жылға ғана белгіленген бұлардың қозғар проблемасы «түгесіліп», тақырыбы «ескіріп қалатыны» тағы бар. Сосын келесі телемаусымға, эфирге тағы бір «тың» жоба «шығарылады». Ол «тың», «жаңа» жобалардың денінің, орысшалағанда, «Все, что новое это – хорошо забытое старое» – «Жаңа» дегеніміз – ұмыт қалған ескілер», тек аты мен атауы «азан шақырылып», қайта қойылып, затының ішкі мазмұны мен формасының оңы мен терісі түрлі-түсті бояуға малынып, өңін ғана аударған «бұрынғылар» екенін ел байқамайды деп «ойлаймыз». Киім үлгілерінің үлкен нақылына айналған осы сөзді айналшықтап жүріп, айналып өтіп кеткісі келетінін өздері де байқамайтын осындай «идея авторларының» кейбіреуі өздерін тыңнан түрен салып, жаңалық ашып, жоқтан бар жасаған гений-ұлыға теңейді. Басшысы ауыстырылған сайын жұмыс стилі де өзгеріске ұшырап жататын әлдебір ұйым, мекемелердің «ішкі кухнясындағыдай» ахуал бастан кешірілген соң, «Бұрын-соңды болмаған!» бұл «жаңалықтан» «сенсация» іздеп тауып алғысы келетін де тұратын қоғам мүшелерін «тәрбиелеп» жатқанымыз өтірік емес. Ізденімпаздықты, жаңашылдықты «креативті» деген жаңа терминмен алмастыра қолданғанымызбен, оның нәтижесі сол деңгейге лайық болмай қалу қаупі де бары ескеріліп жатқан жоқ. Неғұрлым жоғары деңгейге, жоғары рейтингке қол жеткізу шараларын қарастырғанда, соғұрлым жалаң жаңашылдықтан аулақ болуға тырысқанымыз абзал болар еді. Әйтпесе, қазір не көп –«тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан» жоғарыдағыдай тірлік көп.


«Бұл іс-шара енді жыл сайын өткізіліп тұратын болады» деп жаңалық ашқандай жұртты сендіретін жаңа басшы өзінің келесі жылы осы лауазымдық орнында отырмай қалуы мүмкін екенін қайдан болжап білсін. Оның орнына келген келесі басшы өзінен бұрынғының ісін жалғастырса, қайталаған болып саналады. Басталған істің аяғы сиырқұйымшақтанып, көбінің «одноразовый» шара болып қалатыны содан. Міне, бірізділік осылай сақталмаған жерде жүйесіздік орнайды. Жүйесіздік – қоршаған орта мүшелерін шаршатады. Жүйкелерін жұқартады. Бұл дертпен қоғам болып күресетін кез жетті.


Іске қосылғанына бірталай уақыт болған республикалық «Балапан» телеарнасына балаларымыз тәп-тәуір-ақ бауыр басып қалғанына қуанып жүрміз. Жап-жақсы танымдық-тағылымдық көрсетілімдері де жетерлік. Басқа арналардай бұл «Балапан» да түнгі «жабылуын» (және таңсәрілік «ашылуын») еліміздің Әнұранымен түйіндеп, Әнұранымен бастайды. Әнұран ойнала бере-ақ үлкен бөпеміз үйдегілердің бәрін тік тұрғызады. Қолымыз кеудеге қойылып, «Менім еем, менің жеем» («Менің елім, Менің жерім!») деп мақтанышпен, xормен айтып шығамыз!


Немерелеріміз осы арнаның түнгі ұйқы алдындағы бесік жырын – «Әлдиін» де мұқият көріп отырып, зейін қоя тыңдайды. Телеарна ашылғалы бірнеше рет ауыстырылған «Ана әлдиі» мен бейнебаянын күнде қайталап, көргенмен, сол әнді жаттап айта қоюға сәбилер құлықсыздық танытты. Ал Ресейдің «Карусель» телеканалынан берілетін «Спокойной ночи, малыши!» атты хабарды да жібермеуге дағдыланған олар «Спят усталые игрушки, книжки спят, Одеяло и подушки ждут ребят»…-деп келетін «Баю-бай» әні дәстүрлі түрде бастала бергеннен бар «ісін тоқтатып», лезде тынышталып, осы әнге тілі келсін-келмесін, ыңылдай қосыла кетеді. Аяқталғанша тапжылмай тыңдап, бірге былдырлап айтып шығады. Біздің «Әлдиіміздің» «Баю-бай» әнінен қай жері осал екенін он ойланып, мың толғанып таба алмай таңданып, үлкендер отырамыз…


Бұдан жиырма бес-отыз жыл бұрын естіп, балаларымыз да жаттап өскен әлгі «Баю-бай» әнінің қазіргі балапандарымыздың да сүйікті әніне айналуының себебі ұрпақтан ұрпаққа тарап, әлі күнге шейін мүлтіксіз, өзгеріссіз, эфирден түспей келе жатқан жүйелілігінде шығар, бәлкім. Ресейлік «КВН», «Капитал-шоу–Поле чудес», «Утренняя почта», тағы да басқа телебағдарламаларының да тұрақты өмір сүріп келе жатқанына алды жарты ғасырға жуықтап қалды. Көрерменді көбейтіп, уақыттан ұтқан олар жүйеліліктен ештеңе жоғалтқан жоқ.

Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қаратау қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.