Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Соғымың арзан болсын!»

Ет тіске емес, түске де кірмейтін болды

0 271

Әлімсақтан бері мал шаруашылығын ата кәсібіне айналдырған қазақтың бір күнін етсіз елестету мүмкін емес. Қоңыр күз түсісімен-ақ қорасын сайлап, ірі қарасын байлап, соғымның қамына кірісетін халқымыз әлем бойынша ет тағамын көп тұтынатындардың қатарында. Алайда үйіне келген сыйлы қонағына да ет асып, бас пен жамбас тартатын халқымыздың игі дәстүрі жуық арада ұмыт болатындай. Олай деуімізге шарықтаған ет бағасы себеп.

«Energyprom» сайтының статис- тикасына сүйенсек, жыл басынан бері қой еті – 14,6, жылқы еті – 9,4, сиыр еті 7,8 пайызға өскен. Сондай-ақ қаңтар-қыркүйекте ет өндірісі 43 мың тонна болса, бұл былтырғы 8 айдағы көрсеткіштен 4,6 пайызға аз екен.
Азық-түлік ең арзан деп саналатын өңірімізде биылғы соғымның бағасы қандай болмақ? Облыс орталығындағы сауда орындарын аралағанда, біраз нәрсеге көз жеткіздік. Ең алдымен «Қайқармет» базарына ат басын бұрдық. Мұнда ет мол, тұтынушы аз екені байқалады. Сатушылар өнімін жарнамалап, талғамыңа сай таңдап аласың деп бірінен-бірі қалысар емес. Сойылған мал етінің кешікпей өтіп кеткені абзал. Сонымен мұндағы бағаға зер салсақ, жылқы еті – 3000, сиыр еті – 2500, қой еті – 2200, тартылған ет 2000 теңгеден саудалануда. Қалауын тапсаң, саудагерлер бағасын төмендетіп беруге әзір. Бұл енді қызыл тіліңнің «қызметіне» байланысты.
– Ет бағасы көтерілгелі тұтынушылар азайды. Бұрынғыдай сауда жоқ. Өнімнің өзі бізге қымбатқа келіп жатыр. Үстіне тек нәпақамызды қосып отырмыз. Тұрған орнымызға да ақы береміз. Мұның бәрі оңай емес. Тіпті кейде аудан орталықтарына өзіміз шығамыз. Шығыны көп. Жол жүру, малды арнайы алаңдарға сойдыру дегендей. Тұтынушылар тарапынан реніш болып жатады. «Бағаны қолдан жасап, халықты қанап отырсыңдар» деп ұрысып кететіндер де бар. Қымбатшылық қос бүйірден қысып, қалтаны қағып тұрған кезеңде оларды да түсінеміз. Бірақ біздікі де күнкөрістің қамы болған соң, нарық талабына көнуге тура келеді, – дейді ет сатушы Мұхит Айдарбаев.
Бұдан кейін біз аялдаған сауда орындары мен арнайы ет дүкендерінде де баға бір деңгейде. Дегенмен сом етке деген сұраныс төмендегенімен, малдың ішек-қарны, бауыр, бүйрегі мен сорпа жиынтығына (суп набор) тұрғындардың аңсары күрт ауғандай. Мұны сауда орындарында халықтың осы өнімдерді талап әкетіп жатқанынан байқадық. Шаһар тұрғыны Сапура Мансұрованың сөзінше, мұның бір ұшы тағы да сол қымбатшылыққа келіп тіреледі.
– Несін жасырайық, етті аз тұтынатын болдық. Маңыздысын сыйлы қонаққа сақтаймыз. Тіпті қазы, қарта, жал-жаяны ұмыта бастадық. Бара-бара ет жемейміз бе, қалай өзі? Мал бар, бірақ неге қымбат екенін түсінбедім. 5 келі жылқы етін алдым. Бағасы 15000 теңгеге бір-ақ шықты. Бұрын ауылдан соғым келетін еді. Қазір соғымның да бағасы базар нарқына жетіп қалды. Сондықтан, амал жоқ, тартылған ет, ішек-қарын немесе сүйек-саяқты талғажау етуге мәжбүрміз, – дейді зейнеткер.
Әрине, жұртшылық базардан келілеп сатып алғаннан гөрі бордақыланған малды сойып алғанды жөн санайды. Қолында төрт түлігі жоқтар мал базарын жағалайтыны белгілі. Сол үшін біз де Қостөбе ауылы маңында орналасқан мал базарындағы бағаларды барлап көрдік. «Ас-Ер» мал базарында сиырлар 250-300 мыңның, ірі жылқы 450-550 мыңның, жабағылар 170-200 мыңның, қой мен ешкі 30-70 мыңның арасында сатылымға шығарылған. Бұл – біз көрген күнгі баға. Соғым науқаны жақындаған сайын малдың құны еселеп артатынын да ескерген абзал. Төрт түліктің құны оның қоңына байланысты екені тағы бар. Сол үшін «базарда мал біз ойлағаннан арзан екен» деп ол жаққа асықпаңыз. Себебі бүгінгі күні саудаланып жатқан малдар тек қораңызды толтырады демесеңіз, әзірге сойып алуға жарамайды.
– Бұл мезгілде мал толық семіріп үлгермейді. Оның үстіне төрт түлікті бордақылаудың машақаты өз алдына бір төбе. Семіз мал соямын десең, қораңдағы малыңа екі есе күтім керек. Қазіргі таңда төрт түліктің соңында жүретін малшы табу да қиынға соғып тұр. Биыл жем, шөптің де бағасы шамадан тыс шарықтап кетті. Бұған елімізді жайлаған қуаңшылықтың зардабы аса ауыр тиді. Сондықтан шаруалардың көпшілігін «малымды қыстан аман алып шыға аламын ба» деген ой маза- лауда. Қақаған қыста малды аштан қырып алғанша, осылай арзанға болса да сатып жіберген барлығымызға да тиімді болып тұр. Өзім де мал бордақылаумен айналысамын. Баға құбылмалы болып тұрғандықтан, нақты құнын кесіп айта алмаймын. Осы кәсіптен ризығымызды айырып отырғандықтан, өзімізден артылған етті сатып, пайдаға кенелгіміз-ақ келеді. Бірақ күн сайын өсіп бара жатқан баға бұған біраз қолбайлау болатын түрі бар, – дейді ата кәсіппен сан жылдан бері айналысып жүрген Бекболат Балабеков.
Әрине, соғым десе ту биені жығып салатын ауыл халқы еске түседі. Әйтсе де, бұл жақта да жағдай мәз емес. Былтыр бір жылқының құны 600-700 мың теңгеге бағаланса, биыл оның құны 800-900 мың теңгеге жетіп жығылуда. Бұрын «соғымың шүйгін болсын» дейтін ауылдағы жұртшылық бүгін бұл мәтелді «соғымың арзан болсын» деп өзгертуге мәжбүр.
Қалай десек те, баға бұлай бетімен кете берсе, «ет жеуден қасқырдан кейін екінші орынды аламыз» деп қалжыңдайтын қазақтың ендігі ас мәзірі тек көкөніспен ғана көмкерілетін секілді. Атқамінерлер шұғыл шаралар қабылдап, бағаны ауыздықтамаса, ұлттық тағамды тек түсімізде ғана көретін түріміз бар.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.