Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Кальмар ойыны»: Оқушылардың ойын бұзатын мұндай фильмдерге тыйым салу қажет

0 358

Адамның санасымен ойнау қауіпті. Әсіресе балалардың психологиясына әсер етіп, оның таным-түсінігіне шабуыл жасау орны толмас өкінішке алып келуі мүмкін. Осы орайда бүгінгі таңда ең танымал болған корейлік «Кальмар ойыны» атты фильмі оқушылардың ойын бұзып, ата-ананың жағасын ұстатуда.

Шытырман оқиғалы боевик триллер мен драмаға ұштасып, адамның өмір жолындағы жанталас жанрында суреттеледі. Режиссері әрі сценарий авторы – Хван Доң Хюк. Тоғыз бөлімді сериалда ақшаның мұқтаждығынан өмірін бәске тіккен 456 адамның құпия ойынға қатысқаны баяндалады. Жеңімпаз 45,6 миллиард вон (38,5 млн АҚШ доллары) алатындықтан, адамның бойындағы арамдық, қанішерлік пен қулық-сұмдықтың бәрі оянады. Фильмнің хитке айналуының бірден-бір себебі – онда бәрі шынайы өмірден алынған. Бала ойынын ересектер ойнап, бастарын бәске тігеді. Ерекше ойлап табылған шым-шытырық хикая сценарийімен де көрерменді өзіне тарта түседі. Ал ондағы қарызға батқан адамдарды жинап алып, қауіпті ойын ұйымдастырып, жеңілгендердің ойыннан тек ажал құшу арқылы ғана шеттетілуі жаныңа қанжар сұққандай сойқан әсерге бөлейді.
Өлім-жітім, олардың қан құсуы сенімді көрінгені соншалық, ересектердің өзі өліктің «иісі» мұрнына келгендей тыжырынады. Одан қалса, фильм кейіпкерлерімен қосылып, зәре-құтың қалмай ажалдан қашасың. Бірге уайымдап, беймаза күй кешесің. Міне, осындай адамның жан дүниесінің астан-кестеңін шығаратын азапты бола тұра, өзіне тартып алатын ерекше фильм балалар мен жасөспірімдерге қалай әсер етіп жатыр? Неліктен жұрт жаппай жапырылып осы фильмді аузынан тастамай жүр?
Жуырда бір мектептің төрт қызы бірдей қолдарын өткір ұстарамен тіліп тастағанын көз көрді. Ал қаншама бала көшеде бір-бірін тоқтатып, «Кальмар ойынындағы» өрескел қылықтарды қайталайды. Мен осы орайда өзімнің жасөспірім қызымнан «Кальмар ойыны» фильмі туралы пікірін сұрадым.
– Бұл фильммен қазір бүкіл адамзат ауырып тұр. Мен де қатты қызығып, көргенше асық болдым. Алайда адамдардың өлімі тым көп, қаны көп фильм болғандықтан көтере алмадым. Әйтпесе жасөспірімдерге бұл фильм ерекше ұнайтынын байқап жүрмін. Қазір жастар бұл фильмдегі сөздерді қайталап, сондағы ойындарды ойнап жүр. Өте қызық, егер қаннан қорықпайтын болсам, көріп шығар едім, – дейді Диляра есімді кішкентай қызым.
Ал 16 жасар Марат бұл фильмді үш қайтара көрсе де жалықпағанын айтады.
– Фильм барысы ерекше қызық өрбіген. Ары қарай кейіпкерлердің тағдыры не болар екен деп алып-ұшып отырасың. Біз достарымызбен, сыныптастарымызбен жаппай «Кальмар ойынындағы» қызықты сюжеттерді өмірде қайталауды әдетке айналдырдық. Бұл фильм психикасы әлсіз адамдарға қауіпті деп ойлаймын. Ал біз сияқты ерекше эмоцияны сезінгісі келгендер үшін қызық, – дейді Марат.
Осы орайда арнайы балалар мен жасөспірімдер психологынан фильм туралы пікірін білген едік.
– Балалар өздерінің жас ерекшеліктері мен өзгеше мінездеріне қарай мұндай психологиялық ауыр фильм кейіпкерлерімен бірігуге бейім. Сондықтан қауіпті және жандарын жарақаттап алулары бек мүмкін. Ал әр баланы әртүрлі екенін ескерсек, кей жасөспірім мұндай сериалдан шабыттанып, басқа әлжуаз, психикасы әлсіз балаларды қорқытуы да ықтимал. Көп балалар өзін мұндай психологиялық шабуылдан қорғай алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл кино шынымен әлеуметтік қауіп тудыруы мүмкін. Баланың психикасы әлі жетілмегендіктен, оларға көруге тыйым салу керек. Сериалдың контексті мен әлеуметтік астарын ересектер жақсы түсінеді, бірақ бала мен жасөспірімдердің ми құрылымы енді қалыптасу сатысында тұрғанын есте ұстаған жөн. Жасөспірімдерде мидың префронтальды қыртысы енді жетілуде. Сондықтан мұндай кинолар оларға өте қауіпті, – дейді психолог Айгүл Мұсақызы.
Психологтың пайымы – осы. Қазір фильмдегі сюжетті қайталап, жасөспірімдердің ойнап жүргенін әлеуметтік желілерден де, үй аулаларынан да көріп жүрміз. Ертең іс насырға шауып, «ойыннан шеттетілу тек өліммен аяқталуы керек» деген оймен фильмдегі қатыгездікті жасөспірімдердің қайталамасына кім кепіл?! Осыдан біраз жыл бұрын желілерде жаппай тараған «Синий кит» ойынының соңы суицидке ұласып, жас өскіндерді өз-өзіне қол жұмсауға итермелегенін ел ұмыта қойған жоқ. Сондықтан бірқатар Еуропа елдері сияқты бізде де «Кальмар ойыны» фильмін көрсетуге тыйым салған жөн секілді.
Ал сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.