Маңғыстау облысында еңбек дауы күннен күнге ушығып барады. Мұнай саласында қызмет ететін компания қызметкерлері бірінен соң бірі жалақыны көтеруді талап етіп, билікке үндеу жариялап жатыр. Бұған дейін наразылыққа шыққан «Кезби» компаниясының 500 жұмысшысынан кейін «Бозащы оперейтингтің» мұнайшылары бас көтерді. Олар еңбекақыны көтеріп, сыйақы төлеуді сұрайды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұнайшылардың сөзінше, осыдан 6 жыл бұрын мұнай бағасының төмендеуіне байланысты компания сыйақы беруді тоқтатқан. Оның үстіне, былтыр компания басшылары қызметкерлермен келіспей жалақыны да қысқартты дейді. Бұдан бөлек «Бозащы оперейтинг» директорлары жер қойнауын пайдалану үшін келісімшартты 2046-жылға дейін ұзартпақ болғанын айтады. Егер ол рас болса, компанияның жұмысы тұрақты деп топшылайды жұмысшылар.
«2020 жылғы 1 қаңтар айынан бастап кәсіподақпен жасасқан келісімге сәйкес барлық жұмыскерлерінің жалақысы елеулі түрде көбейтілді. 2020 жылғы мамыр мен желтоқсан аралығы мұнай бағасының күрт төмендеуіне байланысты өндірістік сыйлықақы 50%-ға төмендетілді», – дейді «Buzachi Operating Ltd» компаниясының заң бөлімінің басшысы Әлібек Телеуов.