«Атырау» футбол клубы өз алаңында қостанайлық «Тобылдан» 1:0 есебімен жеңілгеннен кейін жергілікті жанкүйерлер шу шығарды. Олар клубты тоқырауға түсірген басшылықтың қызметтен кетуін талап етті. Өйткені жеңілістен көз ашпаған ойыншылардың сәтсіздігіне тікелей клуб басшылығы кінәлі деп есептейді,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.
Команда жанашырлары армениялық жаттықтырушының жергілікті ойыншыларды шеттетінін, ал бас бапкер сенім артқан 6 легионердің жыл басынан бері қарсыластың қақпасына жарытып гол соға алмай жүргенін айтып ашынды. Біз осы мәселелерді клуб басшылығынан сұрамақ болып хабарласқанымызда Қонысбай Шпанов телефонын көтермеді, ал Азат Қазиханов қояр сауалымызға кейін жауап беретінін жеткізді.
Мұнайлы қаланың намысын қорғайтын команданың төңірегіндегі бұл даулы мәселе маусым басталғалы осымен екінші рет көтеріліп отыр. Өйткені сенімгерлік басқаруға өткелі командасының жағдайы еш жақсармай қойған. «Атырау» футбол клубын 2018 жылы 10 жыл бойы сенімгерлікке алған адамның аладопқа еш қатысы жоқ. Сондықтан олар жеңілістен көз ашпай келеді. Ал ондағы легионерлердің алатын жалақылары 2 миллион теңге көлемінде», – дейді жанкүйерлер.
40 жылдан бері «Атырау» командасының тұрақты жанкүйері екенін айтқан Жалғас Күзембаев командада дұрыс селекцияның жоғын, Армениядан келген бас бапкердің тек өз жерлестерін ғана жарылқап жүргенін, одан кейін нәтиже де болмайтынын жеткізді.
– Армениялық жаттықтырушы Восканян жергілікті футболшыларды ойнатпайды. Сегіз «келімсекке» сенім артып алған. Командаға да өзінің жерлестері армяндарды алады. Айтпақшы, бұрын жаттықтырушылар штабында болған Қуаныш Қабдуловтың орнына Восканянның 24 жастағы баласын шақырды. Жас бала бүгінде футболшылардың физикалық дайындығын қадағалап жүр. Клуб сапында ТМД елдерінен келген ойыншылар да жетерлік. Олар Еуразиялық одақ елдерінің азаматтары, сол себепті легионер саналмайды. Ал легионерлер кілең бразилиялықтар. Жағалауда мини-футбол ойнағандар. Күні кеше Қазақстан біріншілігіндегі чемпиондыққа талас кезінде «Атырау» командасы өз алаңында «Тобылдан» жеңілді. Сол ойында футболшылардың қарқыны бәсеңдеп қалғанына жанкүйерлер анық көз жеткізді. Жергілікті балаларды ойнатса да жеңіледі, ойнатпаса да жеңіледі. Легионермен ойнаса да сол. Біріншілікте өнер көрсететін 14 команданың арасында 10-орында тұрмыз. Біздің алдымызда жүрген Оралдың «Ақжайығының» бюджеті – 600 миллион. Яғни, бізден екі есе аз. «Каспийдің» де бюджеті бізден әлдеқайда төмен. Бірақ нәтижелері көңіл көншітерліктей. Себебі екі клубтың да бас бапкері білікті мамандар. Біздің басшылықты толық ауыстыру керек, – деп ашуланды жанкүйер Жалғас Күзембаев.
Ал мұнайлы команданың бас бапкері Арам Восканян жеңілістен көз ашпаудың себебін карантин мен жанкүйерлердің аздығына арта салды.
– Бізге жанкүйерлер қолдауы жетіспейді. Содан да болар, командамыз ылғи жеңіліске ұшырап жүр. Қолдау жоқ. Карантин де оларға қатты әсер етті. Ал дайындыққа келетін болсақ, бәрі стандартқа сай. Жергілікті ойыншылар керек десеңіз, командада жаттығып жүр. Даудың басы неден шығып тұрғанын түсіне алмадым, – деп ақталды армениялық жаттықтырушы.
Маусым басында «Атырау» футбол командасының жылдық бюджеті 1 млрд 200 миллион теңге екені жарияланды. Бұл бюджеттегі сома өзге отандық клубтармен салыстырғанда жоғары екенін де айта кеткен жөн. Бірақ желге ұшқан ақшаның өтемін сұраған жанкүйерлердің жанайқайын тыңдар адам жоқ. Олар 10 жылға жасалған сенімгерлік басқару шартын жоюды және футбол клубын қала әкімдігінің балансына кері қайтаруды талап етіп жатыр. «Атырау» футбол клубы жекеменшікке өтіп, оған жергілікті бюджеттен қаражат жұмсалмайынша, клубтың жағдайы оңалмайды деп отыр жергілікті футбол жанашырлары.