Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тұлпар мініп, ту алған!» Байқауда бағыңды сына, жас өрен!

0 217

  Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесіп «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялады. Байқауға 6-10 сынып оқушылары қатыса алады,- «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Бұл туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте хабарлады. Байқау шартына сәйкес, оған қатысуға ниет білдірген 6-10 сынып оқушылары «Едіге батыр» жырын жатқа айтуы тиіс. Үміткерлер қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты, қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтарға жауап беріп, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіруі керек.

– Бірегей байқау биылғы 25 қыркүйек пен 5 қараша аралығында өтеді. Жеңімпаз оқушылар қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Шара туралы толық ақпаратпен www.qazaqepos.com сайтынан танысуға болады. Қосымша жаңалықтар мен мәліметтер «Nur Otan» партиясы филиалдарының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланатын болады, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Брифинг барысында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов оқушылар арасындағы байқаудың жүлдесі де қомақты екенін мәлімдеді. Айталық, аудандық кезеңде бірінші орын алған үміткер 150 мың теңгемен марапатталады. Ал екінші және үшінші орын алғандар 100 және 50 мың теңге иеленеді. Облыстық немесе қалалық кезеңдердің бірінші орын жүлдегері 750 000 теңге (біреу) еншілесе, екінші орыннан көрінген екі үміткердің әрқайсысы 350 000 теңге қанжығалайды. Үшінші орын алған екі қатысушы да 200 000 теңгеге қол жеткізеді.

Спикердің айтуынша, облыстық немесе қалалық деңгейдегі жеңімпаз оқушылардың мұғалімдері де қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Нақтылай айтқанда, бірінші орын алған оқушының жетекшісі 1 500 000 теңге, екінші орын иегерінің ұстаздары 700 000 теңге, ал  үшінші орыннан  көрінгендердің  мұғалімдері  400 000 теңгеге ие болады.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.