Қалалық қоғамдық-саяси газет

Б.Сапарбаев: Байзақтағы қаза тапқан марқұмдардың барлық несиелері өтелді

0 206

Байзақ ауданында орын алған төтенше жағдай салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылардың отбасыларына тиісті барлық әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, марқұмдардың және олардың отбасыларының банктегі, қаржы ұйымдарындағы берешектерін өтеу бойынша жұмыстар жүргізілгенін жеткізді.

– Үкімет, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Жамбыл облысының әкімдігімен, банктермен және өзге де қаржы ұйымдарымен бірлесіп қаза тапқандар отбасыларының борыштық жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылдады.

Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізілген жұмыс нәтижесінде қайтыс болған қарыз алушылар мен қалған жесірлердің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім қабылданды. Бүгінгі таңда 47 қарыз бойынша барлық берешектер өтелді,- деді Б. Сапарбаев.

Бұдан бөлек қаржылай түрдегі көмектер көрсетілген.

Атап айтсақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және республикалық бюджет қаражаты есебінен 14 отбасына асыраушысынан айырылу бойынша 76-мыңнан 260 мың теңгеге дейінгі ай сайынғы жәрдемақы тағайындалды. Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап белгіленген бұл жәрдемақының мөлшері отбасы асырауындағы адамдар санына қарай төленеді.

–  Үкіметтік қордан қаза тапқандардың әр отбасына 10 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетуге жалпы 170 миллион теңге сомасында қаражат бөлінді. Сол секілді, облыстық бюджет (әрбір отбасына 5 миллион теңге) есебінен материалдық көмек көрсетуге 85 миллион теңге қаралды. Бұл қаражаттар толық көлемде қаза тапқандардың шоттарына аударылды,- деді облыс әкімі.

 Қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан әскерилердің соңғы атқарған лауазымы бойынша еңбекақысына байланысты бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде мұрагерлеріне біржолғы өтемақы төлеу жүргізілетін болады.

Барлығы 176 жылжымайтын мүлік зардап шеккен десек, оның ішінде 159 тұрғын үй, 12 коммерциялық, 4 әлеуметтік және 1 инфрақұрылымдық нысан (жол) бар. 35 үй мен 12 коммерциялық нысан айтарлықтай бүлінген. 48 нысан бойынша қорытынды алынған.

Бүгінде қалпына келтіру шараларына 12 мердігерлік ұйымның 22 бірлік техникасы мен 187 жұмысшысы жұмылдырылған. Жеңіл зардап шеккен 124 тұрғын үй мен 3 әлеуметтік нысан толығымен қалпына келтірілді.

Бұл туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифинг барысында хабарлап, жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстары туралы баяндады.

«Зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстар Мемлекет басшылығының бақылауында»,-деді Б.Сапарбаев.

Үкіметтік комиссияның тапсырмасына сәйкес нысандарды  тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдарынан 5 жұмыс тобы құрылып, құрылыс басқармасының, ҚазҚСҒЗИ, жобалау ұйымдарының және ТЖ қызметкерлері енді.

Сейсмикалық қауіпті жағдайдағы Жібек жолы ауылының №5 орта мектебіне 150 орынды жаңа ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Құрылысы қызу жүріп жатқан жаңа білім ошағы 2022 жылдың қаңтар айында пайдалануға беріледі деп көзделуде.

– Жалпы 150 миллион теңге көлеміндегі демеушілік қолдау есебінен 127 нысан қалпына келтірілді. Ал, айтарлықтай зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін  Үкіметтік қордан 1,2 миллиард теңге бөлінді. Қалпына келтіру жұмыстарын ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін аяқтау жоспарлануда,- деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, демеушілерден «Сенім Байзақ» қорына түскен қаржыға қосалқы шаруашылық құрылыстар мен жолдар жөнделеді.

Бұдан бөлек, Бердібек Сапарбаев мертіккен 87 әскери қызметшілерге, төтенше жағдайлар департаменті мен прокуратура қызметкерлеріне облыс әкімінің резервінен 100 айлық есептік көрсеткіш немесе 291,7 мың теңге мөлшерінде жалпы сомасы 25,4 миллион теңге материалдық көмек бөлінетіндегін жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.