Отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші жыл сайын өспесе, кеміген емес. Нәтижесінде күйеуінен зәбір көрген қыз-келіншектер дағдарыс орталығын паналап, күнелтуде. Әрине дағдарыс орталықтары қоғам сұранысынан туындап отырғаны белгілі. Алайда, осы ерлердің өзіне дағдарыс орталығы керек емес пе?!
Облыстық Полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылдың тоғыз айында 22 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген екен. Оның 6-ы әйелдерге қарсы қылмыстық істер. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш бойынша 28 дерек анықталса, оның 9-ы нәзікжандыларға қарсы жасалған. Сондай-ақ 2279 адамға қорғану ұйғарымы шығарылса, 123 азамат ҚР Әкімшілік кодексінің 461-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 268 заң бұзушыға сот үкімімен арнайы талаптар бекітілген. Ал 100-ден астам азамат полиция бөліміне профилактикалық әңгімелесу үшін жеткізілген. Сонымен қатар ауыр, аса ауыр қылмыс жасаған азаматтармен полиция бөлімдерінде арнайы шаралар өткізілген. Бірақ бұдан сабақ алып, қатесін түсініп, әйелі мен баласына қолын көтеретін ерлердің саны азайды дей алмаймыз. Демек оларға да арнайы орталық пен жұмыс істейтін мамандар қажет.
Елімізде әйелдерге арналған дағдарыс орталығы 2014 жылдан жұмысын бастаған. Содан бері күйеулерінен зәбір көрген қыз-келіншектермен түрлі сала мамандарынан кеңес алуда. Бірақ жасалынып жатқан жұмыстар тек бір жақты. Ал мамандар әйелдерге ғана ғана емес, ерлерге де арналған дағдарыс орталықтары ашылса, көп түйіткілдің түйіні тарқатылатындығын алға тартады.
– Орталықтың қызметі – отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасын жүргізіп, жанжал шығарғыш тұлғалармен жұмыс жүргізу. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жамбыл облыстық қиын өмірлік жағдайға түскен әйелдерге арналған дағдарыс орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып 2014 жылдың 22-ші қазанынан ашылды. Сол кезде 25 төсек орны болса, жыл сайын олардың саны артуда. Бүгінде «Аналар үйін» паналап, жәрдем сұрайтындардың саны көбейген. Сегіз бағыт бойынша жұмыс істейтін орталықта әйелдер балаларымен 6 ай тұра алады. 2014 жылдың қазан айынан 2021 жылдың 31 тамызына дейін барлығы 805 азаматша қызметімізге жүгінді. Оның ішінде – 265 әйел, 540 бала. Сондай-ақ сұраныс бойынша мұндай орталық Шу, Жуалы, Меркі аудандарында да ашылды, – дейді «Жамбыл облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Жамал Калыбекова.
Осы ретте бір ескере кетерлігі, республика көлемінде 5 ерлерге арналған дағдарыс орталығы ашылған. Оның бірі – Шу қаласында құрылған. Алайда мамандардың сөзіне сүйенсек, орталыққа келушілер болмағандықтан көп ұзамай жұмысын тоқтатқан.
– Дағдарыс орталығынан шыққан әйелдер үйлеріне қайта барады. Дегенмен олар қайта қысым көріп,бұрынғы жағдай қайталанады. Бұл тұста зәбір көрсететін ер адам болғандықтан олармен де түрлі сала мамандары жұмыс жасау керек. Отбасында болатын келіспеушіліктер негізі екі тараптан бірдей туындайды. Сондықтан әйелмен қатар ер адамдардың да мәселелерін қатар көтеру керек. Ерлер стреске, қиын жағдайға төзе алмайтын болып келеді. Ішімдік ішіп, тіпті кейбірі анаша шегіп, отбасына зәбір көрсетеді. Сондықтан ерлерге арналған дағдарыс орталығын әзірше пилоттық жоба ретінде ашып, жұмыс жасап, нәтижесін көрсетіп барып санын көбейту керек. Себебі екі жақты жұмыс жасалмаса, қоғам бұл «дерттен» айыға алмайды, – дейді психолог Амина Асқарбекова.
Иә, Еуропа елдерінде мұндай орындар «шиелтры», яғни ерлердің мәселелерін шешуге арналған орталық деп аталады екен. Тіпті көршілес Ресей мемлекетінде де мұндай орталықтар көптеп кездеседі. Орталықтарға агрессивті ер адамдар өз еріктерімен және сот шешімімен де жіберіледі екен.
– Бұл маңызды мәселе болып тұр. Дүниенің қым-қуыт тіршілігіне араласып жүріп осы жауапкершіліктерімізді сезінбейтін кездеріміз көп болады. Оны сезінбеу, білмеу бізді жауапкершіліктен құтқармайды. Пайғамбарымыз өзінің бір хадисінде: «Барлықтарың бақташысыңдар, қол астыңдағылардан жауап бересіңдер. Басшы да бақташы. Ер де отбасының бақташысы. Әйел, үйінің және бала-шағаның бақташысы» (Бұхари, Неке 91) деп бұйырады. Демек, біздің қол жеткіздік деп жүрген нәрселеріміз біздің жауапкершілігімізге берілген міндеттер. Түптеп келгенде отбасының тәрбиесі ата-анаға тікелей байланысты. Адам баласы о бастан Алланы танып, отбасы тәрбиесінде Ислам дінінің негіздерін ұстанса, әркім өз орны мен жауапкершілігін біледі. Сондықтан ерлерге арналған орталық бізге керек деп ойлаймын. Оны медресе, мешіттермен бірлесіп ашу қажет. Өйткені орталықтардың көбінде әйелдер ғана жұмыс істейді. Ерлермен ер кісілер жұмыс жасау керек, себебі олардың мәселелерін әйелдер түсінбейді. Тығыз байланыс болғанда ғана жұмыс нәтиже береді, – дейді облыстық «Һибаттула Тарази» мешітінің найб-имамы Ғалымбек Жәппек.
Әрине бұл мәселеге келгенде қоғамның пікірі қақ жарылары анық. Оған қоса ер азаматтар мұндай орталыққа өз еркімен бармайтыны тағы айқын. Десек те шаңырағымыз шайқалмай, балаларымыз жыламасын десек тек әйелдермен ғана емес ер азаматтармен де жұмыс жасалуы керек. Ал, сіз бұған не дейсіз, көзі қарақты оқырман?
Арайлым Шабденова