Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қазфосфаттың» тамаша тартуы

0 125

Биыл «Таразға тарту» жобасы аясында қаладағы бірқатар саябақтар жөндеуден өтіп, аулалар абаттандырылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жүзеге асып отырған игі бастамаға «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де үн қосып отыр.

Серіктестіктің бас директоры Нұрлан Нұрхановтың айтуынша, олар демеуші ретінде «Зербұлақ» көлінен Қонаев көшесіне дейінгі «Үшбұлақ» каналының жағалауын абаттандыруды қолға алғалы отыр екен. Жоба қараша айынан бастау алып, Үшбұлақ жағалауына ені екі метрлік жаяу жүргінші жолы төселеді. Сондай-ақ көлден Қонаев көшесіне дейін жол төселіп, қоршау ауыстырылады. Сол аумаққа пирс пен платформалар орнату да жоспарда бар екен.
Канал жағасына ағаштар отырғызылып, аспалы көпір де қайта жөндеуден өтеді. Қысқасы онда балалардан бастап егде жастағы азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Жалпы құрылысты мердігер «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі қолға алып, бүгінде нысан басында 25 жұмысшы жаңарту жұмыстарына кіріскен.

Бұдан бөлек «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қаратау қаласындағы филиалында 72 пәтерлі тұрғын үй қайта жаңартылады. Облыстағы ең ірі өндіріс орны қызметкерлердің әлеуметтік мәселесіне бей-жай қараған емес. Серіктестік басшылығы ең әуелі жұмысшылардың материалдық қажеттілігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Қаратау қаласындағы қызметкерлерге арналған көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілсе, бұл мамандарға үлкен көмек болатыны рас. Ендігі кезде көптен күткен пәтер кілттері компанияның әлеуметтік осал санатындағы қызметкерлеріне табысталмақ. Құрылысты мердігер «Интеграл Строй» жауапкершілігі қолға алған. Әлеуметтік жобаны уақтылы аяқтау үшін аталмыш серіктестіктен 120 жұмысшы тартылған. Егер барлық шаруа жоспарға сай орындалса, жөндеу жұмыстары қараша айының соңына дейін аяқталады.
«Қазфосфат» серіктестігінің басшылығы алдағы уақытта қарамағындағы басқа да филиалдардың жұмысшыларына арнап тағы жаңа үйлер салынатындығын айтады.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.