Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осы уақыт аралығында қалада бой көтерген ерекше үлгідегі ғимараттардың бірі деп 2013 жылы ашылып, бүгінде үздік спортшылардың шеберханасына айналған Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайын айтсақ болады.
Жалпы ауданы 7,7 гектарды алып жатқан орынның келешекте басқа да ірі спорт алаңдарын салуға орайластырылғаны байқалады. Төрт қабаттан тұратын кешеннің жалпы ауданы 25 мың шаршы метр болса, соның 17 мың шаршы метрінде спорт залдары бар. 12 спорт залында тәулігіне 2500 спортшыға дейін шынығуға мүмкіндік қарастырылған. Спорт сарайына дзюдо, еркін күрес, ауыр атлетика, таэквондо, бокс залдарынан бөлек, тренажер, спорттық би залы, тир ату, жүзу бассейндері келемін деушілерге әрдайым ашық. Барлық жаттығу залдары заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қаладағы 14 спорт мектебінде жаттығатын балалар да кешенде тегін дайындалады. Мұнда Бейбіт Ыстыбаев, Елдос Сметов сынды балуандар, жүзуден әлемнің алты дүркін чемпионы Зульфия Габидуллина, таеквондошы Руслан Жапаровтар да шыныққан.
Облыс әкімінің ұсынысымен «Тараз-Арена» спорт сарайының аумағына жабық теннис корды мен мұз айдынын салу жоспарланыпты. Мекеме басшысы Нұрлан Саурықов көп ұзамай құрылысы басталатын екі нысанның сызбасы сызылып, нобайы жасалып қойғанын айтты. Бұл жоба «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген. Демек «Тараз-Арена» спорт кешенінің тараздықтарды тағы бір үлкен жаңалығымен таңғалдыратын күн жақын.
Сәндібек Піренов