Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жасыл Ел-Тараз» тазалай ма, әлде ластай ма?

0 363

«Тазалық таза ұстаған жерде орнайды» дейді. Алайда тазалыққа жауапты мекемелердің өзі тазалық сақтамай отырса қайтеміз? Біздің сөз етіп отырған мәселеміз «Жасыл Ел-Тараз» мекемесіне қатысты.

Саян ТІЛЕУЖАН

Аталған ұйым қаладағы тұрмыстық қалдықтардың денін шығаруға жауапты екені белгілі. «Арай-2» алқабындағы №8 және №11 тұрғын үйлердің алдындағы қоқысты да осы мекеменің жұмысшылары шығарады. Әрине, олар өз жұмысын уақытылы атқармай жатыр деуден аулақпыз. Алайда аталған мекеменің қызметкерлері қоқыс жәшіктерінен тұрмыстық қалдықтарды алып кеткеннен кейін артынан қолқаңды қабатын иіс қалады. Оған себеп, жүк көліктерінің моторы тесілген бе, әлде қоқыс салатын тіркемелерінің бүтінінен бүлінген жері көп пе, әйтеуір қоқыс салып біткенше жерге аққан лас сұйықтықтан үй тұрғындары сыртқа шыға алмай қалатын күйге түскен. Әлгі су аралас сұйықтық кебемін дегенше балалар оны аяғымен басып, үйлеріне апаруда. Тұрғындар редакциямызға хабарласып, баян еткен бұл жағдайды көзбен көргеннен кейін «Жасыл Ел-Тараз» мекемесіне хабарластық.

– Бұл негізі қауын, қарбыз қалдығынан болып жатқан дүние. Қоқысты жүк көлігіне тиегеннен кейін осы көксөктер езіліп, оның суы ағып жатады. Бұл мәселені біз назарға алып, жақын уақытта реттейтін боламыз, – деп қысқа қайырған мекеме басшысы Талғат Зауырбеков аталған тұрғын үй тұрғындарымен тілдесіп, мәселені оңды шешуге уәде етті.

Әрине, жауапты мекеме бұқара базынасына құлақ асып, олқылықтың орнын толтырып жатса құба-құп.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.