Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Бұл – халық игілігі» қайырымдылық акциясы аясында «Балаларға базарлық» кітап сыйлау шарасы ұйымдастырылды.
Диляра ДАРХАН
Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Кәрібек Дәулет, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қатысты.
Халықтың рухани байлығын дамытып, кітап қорын әдебиеттермен толықтырып, жалпыұлттық құндылықты әрбір жастың бойына сіңіру мақсатында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және 2021 жыл – Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына орай ұйымдастырылған шара барысында кітап оқу насихатталды. Кітап мәртебесін көтеру мақсатында Еркінбек Бейсенбекұлы бастаған бір топ қоғам қайраткерлері өз шығармаларын тарту етті. Шараға қатысушылар өскелең ұрпаққа ең үлкен мұра екендігін ескертіп, кітап оқуды әдетке айналдыруға шақырды.
– Игі рухани шарасы 2021 жыл – Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына орай бастау алды. «Қазақстанның оқитын ұрпағы» атты жалпыұлттық акциясы аясында 200-ден астам кітап қорына толықты. Жамбыл облысының Құрметті азаматы Аманкелді Кәрентаев өзінің «Шаруағұмыр» атты кітабының 40-қа жуық данасын кітапханаға сыйлады, – дейді аталмыш кітапхана директоры Гүлфайруз Дидарбекова.
Акция барысында «Балаларға базарлық» көрмесі таныстырылып, кітапхананың тұрақты оқырмандары әннен шашу шашты. Шараны тамашалауға ең жас оқырман 7 жастағы Ләззат Алтынбаева да қатысып, кітап қорының үлкейгеніне ризалығын білдірді.
– Қазір мен екінші сыныпқа көштім. Кітап оқыған сондай қатты ұнайды. Бұл кітапханадан балаларға арналған түрлі кітап алып тұрамын. Әжеме оқып беремін. Бауырларыммен бірге таласып оқимыз. Әр кітапты оқып бітіргенде, әжем бізге түсінік айтқызып, соңынан балмұздақ алып береді, – деді Ләззат.