Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түлектер орталығы ашылды

0 332

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт түлек» жобасы қолға алынған болатын. Осы орайда түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, танымал жамбылдықтардың туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында Түлектер орталығы ашылды.

Жиынның ашылу салтанатына қала әкімдігі білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев және ардақты ұстаз Гүлзия Заурбекова, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Ринат Нұрақбаев және №51 орта мектептің түлектері қатысты. Осы күні орталықта түлектерді достыққа, адамгершілікке, елінің мұрасын жалғастырушы азамат болуға тәрбиелеу, елін, жерін, тілін, әдет-ғұрпын құрметтейтін, өз Отанын сүйетін тұлға қалыптастыру мақсатында «Менің идеалым» жобасы бастау алды. Жобаның негізгі мақсаты – білім алушылардың әр салада жетістікке жеткен табысты тұлғаға еліктеу арқылы бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп, болашақта елге үлгі болар азамат пен азаматшаны тәрбиелеу.

Салтанатты жиында оқушылармен өткен тәрбие сағатында әркім өзінің идеалды бейнесімен бөлісіп, келген қонақтармен пікір алмасты.

– Менің өмірдегі идеалым – барша қазаққа белгілі ұлы ақын Абай Құнанбайұлы. Мен бала кезден ақындыққа құмар болдым. Менің ақындық қабілетімді шыңдауым, шығармашылыққа бет бұруым, қаламымды қару етуім Абай атамыздың арқасы деп ойлаймын, – дейді мектеп түлегі.

Іс-шара барысында бірнеше жылдар бойы ұстаздық қызметте еңбек еткен ардақты ұстаз Гүлзия Заурбекова 11-сынып түлектеріне лебізін білдіріп, өз идеалды тұлғасының қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Темірбек Қожакеев екендігін жеткізді. Оның педагогикалық білім беру шеберлігін, мұқалмас жігер мен қайратын үлгі етіп, өзінің мұғалімдік қызмет жолында сол кісінің образын бойына сіңіруге тырысқандығын айтты. Ал қаламыздың бас ұстазы Саясат Керімбекұлы жиынның маңыздылығына тоқтады.

– Биыл Жамбыл облысында 909 түлек мектеп бітіріп, оның ішінде 95 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Мектепті аяқтаушыларға түлектердің ізін жалғар жарық жұлдызы болар деген ниетпен орталықтың жұмысын жандандыратын боламыз, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы.
Жиын соңында Гүлзира Заурбекова ханымға гүл табысталып, оқушылармен естелікке суретке түсті.
Аяулым ЖАМАНҚАРА,
М. Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.