Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түйткілді мәселелердің түйіні шешілмек

0 231

№2 аумақтық округке қарасты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің гидрокешені маңында көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Билік пен халық арасындағы түйткілді мәселелердің оң шешімін тауып, кеңес беріп, ақпараттандыру үшін ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға қала әкімі Ержан Жылқыбаев пен әкімдікке қарасты бөлім басшылары мен мамандар қатысты. 38 тұрғынды қабылдап, халықтың базынасын тыңдаған шаһар басшысы тиісті органдарға тапсырма жүктеді. Кездесу барысында негізінен несие жайы, ағын су, жәрдемақы, жұмыссыздық мәселелері сөз болды.
Қордаланған мәселелердің барлығы тыңдалып, тиісті жауап берілді. Тоқтала кетер болсақ, тұрғындардың сұрағына тиісті жауап іздеп келген «Бурыл» алқабының тұрғыны, зейнеткер Шарафи Қалдарбеков бірнеше мәселе көтерді.

– Мөлтек ауданға тал егілген еді бұрынырақ. Судың жоқтығынан егілген тал-дарақ қурап кетті. Арықтағы су былтырдан бері тоқтап тұр. Көктеп келе жатқан ағаштарға обал болды. Ал №54 мектептің артында бос үй тұр. Құжаты дұрыс емес болды ма, әйтеуір қараусыз қалды. Жасөспірімдер сол қаңырап тұрған үйге үйір. Балалардың бірі болмаса, бірі сәтсіздікке ұшырамасына кім кепіл?! Мектептен шыққан оқушылар сол үйдің айналасында ойнап жүреді. Сол қараусыз қалған ғимаратты біржақты етуді сұраймын, – деді зейнеткер.

Ал Гамалея көшесіндегі №9 үйдің тұрғыны Ләйлә Абдрахманова Гамалея-Қойбақов көшесіне жарық орнатуды сұрағандарына отыз жылдың жүзі болды деп қамықты.

– Гамалея-Қойбақов көшесінде жарық жоқ. Жарық сұрағанымызға 30 жыл. Зейнеткерлер жарықсыз көшеден жүруге әбден зәрезап болды. Одан бөлек, біздің аймақтағы темірден соғылған аялдама алынып тасталды. Оның орнына жаңасы салынады делінген еді. Біраз уақыт болды, аялдаманың не орындығы, не төбесі де бой көтермеді, –деді Ләйлә ханым.

Ұлжамал есімді қала тұрғынының мәселесі мүлдем бөлек. Тұрмысқа шыққан соң қажеттіліктер туындап, несие алыпты. Дүниеге екі баласы келген соң, күйеуі отбасын тастап, айырылысып кетіпті. Балаларына жәрдемдеспейтін көрінеді. «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-інде жұмыс жасайтын жалғызбасты ана несиесін төлеуге көмек сұрай келіпті. Бұл мәселе де оң шешімін тауып, қала әкімінің тапсыруымен «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің басшылары әйелдің айлығынан бөліп төлеп, көмектесуге уәде берді.

Жібек ханым балабақша мәселесімен бас қатырып жүргеніне екі жылдың жүзі болғанын айтып қынжылды.

– 2019 жылы желтоқсан айында 8-ші мөлтек ауданда ашылған 280 орындық жекеменшік «Айым» және «Талчок» жақтан ашылған 145 орындық «Ел дария» балабақшаларының мәселесімен келдік. Барлық құжаттар тапсырылғанмен, бұл балабақшаға Үкімет тарапынан ешқандай қолдау көрсетілген жоқ. Ал тиісті орындар балабақшалардың құжаттары дұрыс болғанымен, заңға өзгеріс енгізілгенін алға тартты, тиісті қаражат та жоқ көрінеді. Енді бұл балабақшалар не мемлекеттік байқауларға қатыса алмаса, не Үкімет тарапынан қолдау көрмесе не істеуі керек? – деген Жібек ханымның мәселесін жауапты орындар қарастыратын болды.

Көшпелі қабылдау барысында тұрғындар тарапынан тіркелген әрбір мәселе бойынша кері байланыс орнатылып, нақты шешім табу үшін комиссия құрылып, жан-жақты зерделенетін болды.

Қабылданған 100-ге жуық сауал ішінде 60% тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, 30% әлеуметтік, қалған 10 пайызы әртүрлі мәселелер. Бұл күні қайтарымсыз гранттар мен атаулы әлеуметтік көмек алу туралы да кеңес берілді. Айта кетерлігі, көшпелі қоғамдық қабылдау тамыз айына дейін әр жұма сайын жалғасады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.