Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қозықұйрықты қолы жеткен жейді

0 544

Тамақ өнеркәсібінде саңырауқұлаққа сұраныс жоғары болғанымен, осы істі мықтап қолға алған кәсіпкерлерді көп кездестірмейтініміз рас. Мамандардың айтуынша, саңырауқұлақ өсіріп, көл-көсір табыс табуға болады. Әрі бұл кәсіпке қаржыны үйіп-төгудің де қажеті шамалы. Ендеше, саңырауқұлақ өсіріп, отандық өнімдердің үлесін арттыруға не кедергі?

Сәндібек ПІРЕНОВ

Көктемде аудандар мен елді мекендерде саңырауқұлақ жинау маусымы басталады. Сәйкесінше қала базарларында өнім көбейіп, баға да төмендейді. Бұл – жылда қайталанатын жағдай. Сонда ел тұрғындары тек осы айда саңырауқұлаққа қарық болады дегенге сайып келеді ме деп ойлаған едік. Бірақ нарықтық заманда сұранысқа қарай өнім де табылады. Қазақстанда саңырауқұлақтың үлесін арттырып отырған – «КазЭкоФуд» серіктестігі. Аталмыш өндіріс саңырауқұлақтан басқа да жеміс-жидектерді келісімшарт арқылы ірі сауда нүктелеріне жеткізеді. Бірақ бір ғана компанияның өнімі сұранысты қанағаттандырмайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан елімізде саңырауқұлақ нарығында жетекші орынды Польшадан келетін өнімдер алып отыр.

Аудандар мен елді мекендерде жергілікті тұрғындар қызанақ пен қияр, картоп секілді өнімдерді көптеп отырғызады. Сәйкесінше оны күтіп-баптауды да жақсы меңгеріп алған. Бұл – бізге таныс жағдай. Сол секілді Ресейде саңырауқұлақ өсіруді білмейтіндер кемде-кем. Тұрғындар өзіне үйреншікті ісінің төңірегінен шыға алмай, жаңашылдыққа бағыт бұрмайтынын осыдан-ақ біле берсек болады. Дегенмен саңырауқұлақ өсіру бізге жат екен деп қолды бір-ақ сілтеуге де болмайды. Бүгінде осы кәсіпті бастап, табыс тауып жүргендер санаулы болса да бар. Саңырауқұлақ тұқымын жеткізіп, оны күтіп-баптаудың әдіс-тәсілімен бөлісіп жүрген азаматтардың бірі – Мұқағали Халилаев. Ол саңырауқұлақтың қозықұйрық пен «вешенка» сортын жеткізуді қолға алған жас кәсіпкер. Өнеркәсіптің дәл осы түрі нарықта тапшы екенін әуелден біліп, саралаған соң ғана жылдың ішінде тәуір нәтиже көрсетіп отыр. Мұқағали саңырауқұлақ тұқымдарын Ресейдің Саратов қаласынан өзі тасымалдайды. Оны үй жағдайында өсірудің тәсілін жетік меңгерген. Сол үшін де іс бастаймын дегендерге саңырауқұлақтың тұқымын жеткізіп, кейін өнім бергенше ақыл-кеңесін айтып, жол сілтеп отырады. Әрине, кез келген жұмысқа бел сыбана кіріспес бұрын тәжірибе жасап, оң-солды бағамдау артық етпейді. Мұқағали да саңырауқұлақ тұқымын бірінші Нұр-Сұлтанға апарып, өзі күткендей, сұраныстың жоғары екеніне көз жеткізген. Кейінірек тапсырыс та арта бастаған. Тіпті әлеуметтік желінің мүмкіндігін кеңінен пайдалана отырып, Бішкек пен Ташкент қалаларына да саңырауқұлақ тұқымын шығара бастаған.

– Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, қалаларында мейрамханалар басқа аймақтарға қарағанда әлдеқайда көп. Олардың барлығында дерлік саңырауқұлақтан жасалатын тағамдар бар. Жергілікті халық бұл өнімді көбіне өзге ұлт өкілдері пайдаланады деп ойлайды. Бірақ еліміздің барлық өңірлерінде саңырауқұлақтың сұранысын арттырып отырған қазақтар десек қате айтпаймыз. Мысалы, бір ғана Алматы қаласының өзінде тұрғындар орташа есеппен күніне 4 тоннадан астам саңырауқұлақ пайдаланады. Оның ішінде үлкен сұранысқа ие – қозықұйрық пен «вешенка». Саңырауқұлақ өсірудің тиімділігі – жыл он екі ай бойы өнім беруінде. Бірақ қыстың көзі қырауда тұқымның бір килограмы үш мың теңгеден асып түседі. Бұл кезде өнімнің де бағасы өседі. Саңырауқұлаққа сұраныс қай мезгілде болса да төмендемейді. Қазір менің көмегіммен осы істі бастап, табыс тауып отырғандар баршылық. Олармен үнемі байланыстамыз. Тіпті маған өтініш жасап, бірге жұмыс жүргізейік деп қолқа салатындар да бар, – дейді Мұқағали.

Жас кәсіпкердің айтуынша, кәсіп бастауда тәжірибесіз азаматтар алғашқы қадам жасауға жүрексінеді екен. Көбісі жұмысты бастаудан бұрын қорытынды жасауға бейім келеді. Болмаса, Кеңес үкіметі тұсында ел аумағында саңырауқұлақ өсіріп, өнім алғандар аз емес-тін. Сол істі қайта жандандыруға болады ғой. Қазіргі технологиялар дамыған заманда саңырауқұлаққа жайлы орынды жертөледен іздеп әлекке түспейсің. Үйде немесе жылыжайда тұқым егіп, өнімді еселеп алуға болады. Бұл үлкен жер телімі мен бастапқы капиталы жоқ азаматтарға да тиімді. Бірақ тәжірибе болмаса іске кірісу қиын. Саңырауқұлақ кәнігі аулада өсетін өнімдерден өзгеше, оған бөлек күтім қажет. Машақаты да жоқ емес.

– Саңырауқұлақ өндірісі жайында ақпарат іздеп, кейін жоспарын жүзеге асыру үшін аумағы үлкен орындарды сайлайтындар аз емес. Бірақ мен оларға әркез әуелі аздап егіп, сынап көруге кеңес беремін. Кейбір қалталы кісілер бірден бастап, істі алып кетіп жатады. Саңырауқұлақ екпес бұрын, ең алдымен, дайындалған орынның температурасы қалыпты деңгейде болып, өскінге үздіксіз ауа келіп тұратындай жағдай жасау қажет. Осы тірлік біткен соң, құнарлы топыраққа тұқымды отырғызуға болады. Оны суғару кезінде судың таза болғаны маңызды. Кейін өскін 45 күнде өнім бере бастайды. Ал осымен іс бітті деуге де болмайды. Оны жинаудың да өз әдісі бар. Саңырауқұлақтың қалпағын жай бұрап, тамырынан ажырату керек. Артынша саңырауқұлақты алып, орнында тамырының қалып кетпеуін қадағалаған жөн. Бұл өте маңызды. Себебі топырақта тамыр қалып кетсе, ол жетіліп жатқан саңырауқұлақтың бұзылуына әкелуі ғажап емес. «Ауыра» бастаған қозықұйрық көгеріп, солғын тартып, дақтар пайда бола бастайды. Оның сапасын бір қарағаннан-ақ ажыратуға болады. Арнайы экспертизадан өткізудің де қажеті жоқ. Өнімді жоғарыда аталған ережелерді қатаң сақтай отырып үш айға дейін теруге болады. Ал қалған айларда өнім көлемі азая бастайды. Бірақ кәсіпкерлер жақсы табыс табу үшін саңырауқұлақты екі ай егіп, топырақты қайта ауыстырады. Бұл – ұңғыл-шұңғылы көп шаруа. Саңырауқұлақ жылуды сүйеді, бөлмедегі болмашы ғана ауа өзгерісіне де сезімтал. Кездейсоқ бактериядан қырылып қалуы да мүмкін. Көп адамның саңырауқұлақ өсіруде бойын аулақ салатыны да содан, – дейді Мұқағали.

Саңырауқұлақтың сырын білмейтіндерге жоғарыда атап өткен сұранысқа ие қозықұйрық та, «вешенка» да бірдей. Негізінде бұл екі сорттың айырмашылығы жер мен көктей. Екеуінің түрі, дәмі тіпті бағасында да айырмашылық бар. Ең өнімдісі әрі нарықта сұранысқа ие – қозықұйрық. Егер кәсіпкер өндірістің көзін тапса, 1 килограм қозықұйрықтың өзінен 5-тен 45 килограмға дейін өнім алуға болады. Ол үшін саңырауқұлақ өсетін аумақтың таза болуы маңызды. Біз де бұған дейін жылыжайлардағы саңырауқұлақ өндірісін «Youtube» арналарынан қарап, зерделеп көрген едік. Бейнежазбаны мұқият бақыладық та, таңғалдық. Онда мамандар арнайы ақ халат киіп, резеңке қолғаппен саңырауқұлақты баптап жүр. Мұқағалимен пікірлескенде, мұндай бейнежазбаның талайын көргенін айтқан еді. Ол жұмыс барысында шаруалардың көбісі мұндай қадамға тек бейнежазба түсіріп, жарнама жасау үшін барады дейді. Сонда іс жүзінде тазалықты сақтайтындар некен-саяқ. Саңырауқұлақ өсіруде өнімге ешқандай химия қосылмайтынын білетін мейрамхана иелеріне өнім қайдан жеткізілгені маңызды емес. Бастысы – саңырауқұлақтың өзі болса болғаны. Осыған қарап-ақ сұраныстың жоғары екенін білуге болады. Ендігі кезекте кәсіпкерлер мүмкіндікті барынша молынан пайдаланып, іс бастап, нарықта отандық саңырауқұлақтардың үлесін арттырса, тамақ өнеркәсібінде жаңа серпіліс болатыны анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.