Қалалық қоғамдық-саяси газет

Күрделі кезеңдегі қорытынды тестілеу

0 152

Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты көптеген салада тың өзгерістер болды. Соның ішінде білім беру жүйесінде қашықтан оқыту форматын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Оқу жылы аяқталар тұста онлайн оқыған түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеуі мен студенттердің жазғы емтиханы да басталып кетті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Жаңа форматтағы ҰБТ
Өткен аптада облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырованың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында өңірде Ұлттық бірыңғай тестілеу мен жазғы мектеп жұмысының қалай ұйымдастырылатыны жан-жақты айтылды.

Биыл мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысатын түлектер үшін 6 мамырдан басталған ҰБТ 30 маусымға дейін жалғаспақ. ҰБТ бірінші рет электронды форматта тестілеу орталықтарында ұйымдастырылуда. Сонымен, мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниетті үміткерлер бірінші кезеңде жиған балына қанағаттанбаса, ҰБТ-ны екінші рет тапсыра алады. Білімін сынап, жоғары балл жинауға үміттенген оқушы тестілеу орталығындағы компьютер алдына жайғасқан соң, өзін растайтын логині мен паролін енгізеді. Кейін негізгі және өзінің таңдаған пәні бойынша тапсырмаларды орындауға кіріседі. Талапкер сұрақтарды кез келген пәннен бастай алады. Әр оқушыға төрт сағат уақыт беріледі. Тестілеуді аяқтамай тұрып, оқушы жауап берген сұрақтарға қайта оралып, қателескен жерін түзетуіне болады. Талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін тестілеу барысында мониторда калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері ұсынылады. ҰБТ басталған соң, алғашқы 60 минутынан кейін оқушыларға арнайы көз және дене жаттығуларын жасауға екі минуттық үзіліс берілсе, 120 минуттан кейін 15 минут тынығуына болады.

– Бірінші мүмкіндігінен-ақ жақсы балл жинадым деп есептеген оқушылар екінші мүмкіндігін пайдаланбаса да болады. Тестілеудегі жаңа өзгерістер бойынша оқушылар наурыз айынан бері дайындалды. Бүгінде облыс бойынша тест тапсыратын екі орталық бар. Бірі Тараз қаласында, екіншісі Шу ауданында. Онда оқушыларға жақсы жағдай жасалған. Карантин талаптары қатаң сақталады. Орталықтарда медицина қызметкері және жергілікті полиция болады. Сондай-ақ білім саласының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен «Адалдық алаңы» офисінің мүшелеріне тестілеу барысын қадағалауға рұқсат берілген, – дейді Жәмилә Елеуқызы.

Биылғы тестілеудің тағы бір ерекшелігі – әр оқушы нәтижесін сынақ аяқталғаннан кейін бірден біле алады. Яғни оқушының жинаған балы мониторға шығады. Онда талапкер қай сұраққа дұрыс жауап бергенін және қателескен жауабын қарап біледі. Осы тұста ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келер күнді күтпей-ақ, апелляцияға өтінішін сол мезетте қалдырады. Баспасөз конференциясында тестілеудің ережелерін ретімен баяндаған Жәмилә Бекбатырова ҰБТ-ның шекті балындағы өзгерістерге тоқталды.

– Педагогикалық мамандықтар бойынша білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның шекті балы 75-ке дейін ұлғайды. Ал денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина) саласы бойынша оқуға түсуге ниетті оқушылар 65 балдан төмен нәтиже көрсетпеуі керек. Сондай-ақ түлектер «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша 60, Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл жинауы қажет. Ал басқа жоғары оқу орындарына тапсыру үшін 50 балл жеткілікті. Мұның ішінде педагогика саласындағы мамандықтарға басымдық берудің басты себебі – білім сапасын арттыру мақсатында қолға алынған шара деп білеміз. Шекті балдың жоғары болуына қарамастан, биыл педагогика бағытын таңдап отырған «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есеге артқан, – деді Жәмилә Елеуқызы.

Жазғы мектеп – жүйелі бастама
Елде жұқпалы індет тарап, салдарынан балалар қашықтан оқуға көшкеніне де жылдан асыпты. Осы уақытқа дейін онлайн оқыту бойынша қоғамда түрлі пікір айтылса да мемлекет тарапынан оқушыларға жеңілдіктер қарастырып, білім сапасының төмендеп кетпеуі үшін жағдай жасалды. Жаз мезгілінде үлгерімі төмен оқушыларды мектепке шақыру да осы бағыттағы тиімді бастама болып отыр. Енді 26 мамырдан 19 маусымға дейін облыстағы барлық білім мекемелерінде жазғы мектеп ұйымдастырылады. Онда үлгерімі төмен оқушылардан бөлек, жақсы оқитын балалардың да ерікті түрде барып, білімін арттыруына шектеу жоқ. Ол үшін баласын жазғы мектепке оқытуға ниетті ата-ана мектепке өтініш қалдыруы керек. Жазғы мектепте педагогтар биылғы оқу жылына бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейді. Сондықтан қосымша қаржы қарастырылмайды.

– Бұл – оқушыға беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Себебі балалар келер оқу жылына сақадай сай дайын болуы үшін биылғы күрделі тапсырмаларды толықтай игеруі қажет. Мұғалімдердің мүмкіндігіне қарай негізгі пәндердің сабақ кестесі бекітіліп қойды. Барлығы дайын. Биыл қыркүйек айында өңірдің шалғай аудандарындағы оқушылар саны 300-ден аспайтын мектептерде оқу процесі дәстүрлі түрде ұйымдастырылды. Енді сол оқушылардың жазғы мектепке бару-бармауы ата-аналардың құзырында. Жалпы биылғы оқу жылында облыс бойынша 11 мыңнан астам бітіруші түлек және 20 мыңға жуық 9-сынып оқушылары бар екен. Сонымен 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 28 мамыр мен 5 маусым аралығында, ал 11-сынып оқушыларының емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді. Биыл жылда тапсыратын пәндердің ішінен бір-бір пәннен кеміген. Сәйкесінше, мамыр-маусым айларында 9-сыныптар үш, ал 11-сыныптар төрт пәннен қорытынды аттестаттаудан өтеді. Сондай-ақ облыстың білім мекемелерінде соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру рәсімі санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілмек. Оған 9 және 11-сыныптар қатысады. Басқа сыныптар үшін бұл салтанат онлайн форматта өтеді. Әрине, ата-аналар бұған байыппен қарап, барлық жағдайды түсініп отыр. Ең басты мәселе – елдің саулығы. Оқушылар мен ата-аналарды демалыс уақытында мерекелік той-думандарға қатыспай, санитарлық дәрігер бекіткен ережелерді сақтауға шақырамын, – дейді Жәмилә Елеуқызы.

Dulaty университетінде сессия басталды
Еліміздегі көптеген жоғары оқу орындарында карантин кезіндегі қашықтан оқыту форматы қиындық тудырмады десек те болады. Себебі бірқатар университетте онлайн оқытатын жүйе бұрыннан бар. Яғни қашықтан оқу жүйесі қалыптасқан. Университеттің негізгі міндеті – тек студенттерді жаппай қашықтан оқуға шақыру болды. Дегенмен еліміздегі пандемиялық жағдайға байланысты оқу орындарының материалдық базасы жаңарып, онлайн оқытудағы мәселелер қажетінше шешілді. Осы ретте М.Х.Дулати атындағы өңірлік университеттің басшылығы қалыптасқан жағдайдың маңыздылығын түсіне отырып, тиімді шаралар қабылдауға күш салуда. Біз бұл туралы университеттің тіркеу офисінің директоры Наталья Чернявскаядан сұрап білген едік.

Университетте жазғы емтихан мамырдың 11-і мен 29-ы аралығында онлайн форматта ұйымдастырылады. Сонымен, сессияның алғашқы екі күнінде 96 пәннен 3112 студент емтихан тапсырған. Осыған байланысты тіркеу офисінің директоры жүйелі жұмыстардың нәтижесінде емтихан кестесі мен техникалық ақаулар бойынша арыз-шағымдар көп түспегенін айтып отыр.

Биыл жазғы емтиханды ұйымдастыру кезінде ішкі нормативтік-әдістемелік құжаттар, бақылауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтар дайындалып, ЖОО сайтына және студенттің порталына жүктелген. Бақылау және мониторинг жүйесінде ең алдымен білім алушыларға жоғары талап қойылып, оқыту нәтижелерін объективті бағалау қағидаттары қолға алынған. Тараз өңірлік университеті академиялық саясатты негізге ала отырып, сессия барысында академиялық адалдық мәселесіне ерекше назар аударады. Бұл ең алдымен жазғы емтиханның ашықтығын сақтауға сеп болмақ. Соның негізінде студенттік омбудсмендермен бірлесіп сессия уақытында «Академиялық адалдық» қағидаларын қабылдау және мүлтіксіз сақтау туралы мәлімдеме-декларация жасалған. Емтиханға кірген әр студент осы құжатқа қол қойып, өзінің ізгі ниетті және парасатты екенін растайды.

Тіркеу офисі мен ақпараттық технологиялар орталығының жемісті бастамасының бірі ЖОО-ның ресми LMS «Сириус» платформасы бойынша бітіруші түлектерге арналған қорытынды мемлекеттік аттестаттаудың «ҚМА» модулін әзірлеу болып отыр. Оның негізгі мақсаты – студенттер, кафедра меңгерушісі, хатшы және басқа құрылымдар арасындағы процестерді автоматтандыру. Осылайша бітіруші студент өзінің дипломдық жұмысын басып шығарып, оны түптетпейді. Тек жұмысының электронды нұсқасын және тиісті құжаттарды ресми платформаға жүктесе, оны кафедра меңгерушісі мен оқытушы да көреді. ЖОО үшін бұл модуль жұмыстың ашықтығын сақтауға бағытталған негізгі өзгерістері деп білеміз. Емтихан кезінде Дулати университеті 1800-ден астам шетелдік студентке қолайлы жағдай жасауды ұмытпаған. Соның негізгісі ретінде емтихан тапсыруға арналған материалдардың түркімен және өзбек тілдеріне аударылғандығын айтсақ болады. Себебі бұл да – күрделі кезеңде атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі.

Университет басшылығы сессияның маңыздылығы мен жауапкершілігін ескере отырып, емтиханға қатысушылардың мүмкіндігін басшылыққа алып, міндетті емтиханнан бөлек, жиынтық бағалау арқылы ортақ нәтиже шығаруға болатын пәндерді нақтылаған. Сонымен, әр студент міндетті түрде 3 немесе 4 пәннен емтихан тапсырады. Ал қалған пәндерді тапсыру не тапсырмау өз еркінде. Тапсырмаған жағдайда ортақ балл шығарылады. Бүгінде күндізгі бөлімнің 600-ге жуық студенті өз күшін сынап әрі жоғары баға алу үшін қосымша емтихан тапсыруға өтініш берген.

– Дулати университеті «Google» платформасы арқылы жазбаша емтиханды қабылдаудың ережелерін әзірледі. Әрбір аудиторияда мониторингтік комиссияның мүшесі және «Таза сессия» штабының өкілі болады. Олар емтихан барысын онлайн бақылайды. Бақылаушыларға студенттің тапсырмалары мен жауаптары қолжетімді. Жазбаша және аралас емтихандар «Ашық кітап» және «Үйдегі емтихан» форматында өткізіледі, олар тапсырмаларды өз бетінше орындайды. Сонымен қатар университетте студенттердің шығармашылық жұмыстары мен жобаларын «ZOOM» платформасында ашық онлайн қорғау тәжірибесі жүргізіледі. Оған аймақтағы жетекші ғалымдар немесе бизнес-қауымдастық өкілдері қатысады, – дейді Наталья Чернявская.

Сондай-ақ тіркеу офисінің директоры сессия қорытындысы бойынша сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде туындаған сұрақтар ұжымның ашық отырыстарында талқыланатынын айтты.

P.S.: Белгілі болғандай, мектептер мен ЖОО-да онлайн оқытудың қорытынды кезеңдері қалыпты деңгейде ұйымдастырылуда. Санитарлық нормалар қатаң сақталған. Дегенмен қоғамда онлайн оқыту бойынша екі түрлі пікір қалыптасып отыр. Бірі қашықтан оқу мектепте немесе ЖОО-да көзге түспейтін студенттер мен оқушылардың жақсы оқуына сеп болды десе, екінші жақ, керісінше, қолдамайтынын айтуда. Не десек те, қоғамдық пікір олқылықтың орнын толтырып, дамуға жол ашатынын ескерсек, бұған да атүсті қарамау қажет шығар. Бастысы, әр студент пен оқушы өзі үшін, кемел келешегін ойлап білім алып, арман-мақсатына бір табан жақындаса, мұның өзі үлкен жеңіс!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.