Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үздіктер марапатталды

0 304

Тараз қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Үздік педагог-2021» байқауының І (қалалық) кезеңі мәреге жетіп, жүлдегерлер марапатталды.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Байқауға жалпы 23 педагог ұсыныс берсе, соның ішінде іріктеуден өткен 13 педагог негізгі кезеңге қатыстырылды. Конкурстың басты мақсаты – мұғалім мәртебесін арттыру және кәсіби қызметте жоғары жетістігі бар шығармашыл педагогтарды анықтау. Мәреге жеткен мұғалімдерді марапаттау рәсімін «Үздік педагог-2021» конкурсының қазылар алқасының төрағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары Шынар Мәлімбайқызы құттықтау сөзімен бастады. Одан соң сөз алған Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Керімбекұлы:

– Өздеріңізге белгілі, «Үздік педагог» байқауы республикалық деңгейде өткізіледі. Біз соның қалалық деңгейін қорытындылағалы отырмыз. Жалпы Тараз қаласында 78 мыңға жуық бала білім алады. 10 мыңнан астам педагог қызмет атқарады. Қаладағы әрбір мектепте оқушылар саны өте тығыз, педагогтар саны өте көп. Ал сіздер әрбір мектептегі 100-ден аса мұғалімнің ішінен үздік шығып, осы қалалық деңгейге жеттіңіздер. Оның өзі – үлкен жетістік. Сіздерге қандай сияпат пен құрмет көрсетсек те лайықсыздар. Осы күнге дейін Тараз қаласы бойынша республикалық деңгейде 5 педагог «Үздік педагог» атағын иеленді, – деді.

Аталған конкурстың нәтижесінде жүлдегерлерге бес Алғыс хат, бес 3-орын, үш 2-орын, бір 1-орын және бір бас жүлде сыйлықтары табысталды. Алғыс хатпен №46 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Роза Нұрланқызы, №28 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ақтоты Тәжікенқызы марапатталды. Ал үшінші орын иегерлеріне «2021 жылдың үздік педагогы» атағымен қоса 30 мың теңге қаржылай сыйлық берілді. Оған Ш.Смаханұлы атындағы № 44 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Балхаш Шелкеева, И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бэла Абдибаева, №19 мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Галина Бровкина, №6 орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Наталья Худякова, №24 гимназияның орыс тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ольга Мистакиди лайық деп танылып, сертификаттар табысталды.

Жүлделі екінші орын иегерлері және «2021 жылдың үздік педагогы» атағымен қоса 50 мың теңге сертификатын №2 орта мектептің өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Айнұр Спатова, №3 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі Замира Турткулбаева, Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Гүлдана Рисбаева алды. Жүлделі бірінші орын «2021 жылдың үздік педагогы» және шипажайда демалуға жолдаманы Төле би атындағы №48 гимназияның экономика және құқық пәнінің мұғалімі Зағира Дүйсекова жеңіп алды. Ал бас жүлде облыстық ІІ кезеңге қатысуға жолдамамен қатар, шипажайға жолдама, сонымен қоса «2021 жылдың үздік педагогы» атағын Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның химия пәнінің мұғалімі Сандуғаш Нұртаева жеңіп алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.