Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Сақалды» құрылыстан құтылатын күн жақын

0 208

Облыста, соның ішінде қала аумағында құрылысы тоқтап тұрған нысандар баршылық. Мұндай келеңсіздікке қатысты тұрғындар талап-тілектерін ашық білдіріп жатады. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев былтыр да осы олқылықтың орнын толтырудың маңыздылығын айтқан еді. Ал биыл қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың бастамасымен «сақалды» құрылыстар бірізділене бастады.

Сәндібек Піренов

Қалада былтырғы зерделеу қорытындысы бойынша 35 «сақалды» құрылыс нысаны анықталған-ды. Олардың басым бөлігі кәсіпкерлік бағытта болатыны айтпаса да түсінікті. Сонымен, қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі шаһардағы құрылысы тоқтап тұрған нысан иелерімен келіссөз жүргізіп, үйлесімді жұмыс қолға алынды.

Жамбыл даңғылы, №128 мекен-жайының иесі Ж.Кабирова бұған дейін түрлі себептермен құрылысы тоқтап тұрған нысанды аяқтау мақсатында несие алуға бекінген. Нысанның ішкі әрлеу, қайта жоспарлау, сыртқы мандайшасын орнату жұмыстары жүргізіліп, оған жапсарлас орналасқан тағы бір нысанның қабырғасы қаланған. Ендігі кезде қос қабатты ғимараттың сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Желтоқсан көшесі, №6 мекенжайындағы және «Салтанат» шағын ауданындағы «Ширинкомшарг» ЖШС-не қарасты нысандардың да сыртқы қасбеті ажарлана бастаған. Онда қураған ағаштарды кесіп, биіктерін аласарту, сондай-ақ көгалдандыру мәселесіне «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі ықпал етуде. Қаланың шырайын аша түсетін келелі бастаманың екі жаққа да тиімді тұсын қарастырып, ортақ шешімге келуден оңтайлысы жоқ тәрізді. Содан болар, жаңарған аумақтардың айналасын абаттандыру мәселесі шаруаны толықтай шешудің түйіні болған.

Әрине, қолда бар қаржыға қарай жоспары құрылып, мақсаты белгіленген нысандардың жылдар бойы қараусыз қалуына түрткі болған мәселелер көп. Мысалы, қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, «Қарасу» шағын ауданы, №17 «Б» мекенжайындағы құрылыстың бұрынғы иесі өзіне тиесілі учаскені келісімшарт бойынша сатқан. Нысанның қазіргі иесі Ұ.Әбдімәулен (сенімхат бойынша М.А.Нұрмағамбетов) қос қабатты медициналық орталық салу үшін рұқсат құжатын алып, жұмысты бастаған. Ол құрылыс жұмыстарын қарашаға дейін толық аяқтауды көздеп отыр. Осындай мақсатты жұмыстар «Қарасу», «Мыңбұлақ» шағын аудандарында, Жамбыл даңғылы, Қарахан, Бауыржан Момышұлы, Рысбек батыр, Қ.Қойгелді, Исатай, Қазыбек би көшелерінде де басталып кетті. Демек, жыл соңына дейін аталған нысандар пайдалануға берілсе, халық жиі қатынайтын орындарға айналуы бек мүмкін.

Кез келген істің тиімділігі мен кемшілігі бар. Мәселен, Абай даңғылы №12 «А» мекенжайындағы (Көшеней көшесінің қиылысындағы) әмбебап дүкеннің құрылысы үшін берілген жер телімінің иесі Абулхориз Омаровтың қайтыс болуына байланысты туыстары арасында өзара келіспеушілік туындаған. Бұл дау ары қарай жалғасса, іс сотта қаралуы да ғажап емес. Сондай-ақ Қойбақов көшесі, №6 мекенжайындағы көппәтерлі тұрғын үй құрылысы үшін Жанар Ахмедоваға берілген жер телімінің аумағында қазылған шұңқырдың қайта жабылуына байланысты меншік иесі «сақалды» құрылыстардың тізімінен алып тастауды сұранып отыр. Жауғаш батыр көшесінің бойындағы жанармай бекетінің маңынан дүкен, көлік жуу және техникалық қызмет көрсету пунктінің құрылысын жүргізуге бекініп, жер телімін алған Абдрашид Арифбаевтың да айтатыны – осы.

Биыл қала аумағында оннан астам қараусыз қалған нысандардың құрылысы қайта басталды. Солардың қатарында бірнеше жылдан бері көпшіліктің көңіліне күдік пен күмән ұялатқан «Жеңіс» саябағы мен теннис кордының ортасындағы ескі нысан бар. Бұл ауқымды жұмыс облыс әкімдігінің білім басқармасы тарапынан инвесторлар тарту арқылы жүзеге асып, онда колледждер мен жоғары оқу орнының студенттеріне арналған 1 100 орындық жатақхана бой көтереді. Қаладағы жатақханалардың жай-күйін зерделеу барысында ең алдымен орынның жетіспейтіні сөз болатын. Осы күрмеулі мәселені оңтайлы шешу мақсатында өңірдегі жоғары оқу орындары да батыл қадамға барып, студенттерді жатақханамен қамтуға барынша тырысты. Бірақ ол да аздық еткендей. Бұл тізімге колледж студенттерін қоссақ, жатақхана тапшылығы жастарға айтарлықтай салмақ салып отырғаны байқалады. Бүгінде аталмыш нысанның меншік иесімен және елордадағы қаржы орталығымен келісім жасалған. Жобаны жамбылдық инвестор жүзеге асырады. Қазіргі уақытта құрылыс жоспары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұл – республикадан қаржыландырылатын жоба. Енді осы мәселе жуық арада оң шешімін тапса, жатақхана келер жылдың 22 наурызында пайдалануға берілмек. Осылайша, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Жамбыл жоғары медициналық колледжі мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері жатақханамен қамтылады.

Әрине, аталған жұмыстардың барлығы қала аумағында құрылысы тоқтап қалған нысандарды қайта жаңарту бағытында. Осы бастамамен биыл 27 нысан бой көтереді деп жоспарланған. Бұл дегеніміз – қаладағы «сақалды» құрылыстардың басым бөлігінде жұмыс басталып, мәселе оң шешімін тауып жатыр деген сөз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.