Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ескерту беріліп, айыппұл салынды

0 215

Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың жетекшілік етуімен жергілікті полиция қызметкерлері мен БАҚ өкілдері бірлесіп, рейд барысында халық көп жиылатын қоғамдық орындарда бетперде тақпаған тұрғындарды анықтады.

Сәндібек Асанәліұлы

Қазіргі уақытта қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған тұрғындар саны күн санап артып келеді. Елде індет тараған тұста ескертілгендей, санитарлық нормаларды сақтау әлі де маңызды болып отыр. Әсіресе, қоғамдық көліктегі әлеуметтік арақашықтықтың сақталмайтынын, маскалық режим ескерілмейтінін көріп жүрміз. Қоғамдық көліктерді зерделеу кезінде №29 және №30 бағытта қатынайтын автобустарда санитарлық нормаларды сақтамаған жолаушылар аз емес екен.

– Бұл рейдтік жұмыстар тұрғындарға айыппұл салу үшін емес, індеттің таралу деңгейін төмендету үшін жүргізіледі. Біз зерделеу жұмыстары арқылы карантин талаптарын сақтау маңызды екенін және жұқпалы індеттің әлі тарап жатқанын түсіндіреміз. Байқағанымыздай, қоғамдық орындар мен автобустарда бетпердесіз жүретіндер көп. Сол үшін де мониторингтік топтың мүшелері күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қызу кірісті, – деді шаһар басшысының орынбасары.

Рейд барысында автобустарда маска тақпаған 20 адам анықталды. Олардың барлығы түсініктеме жазып қалдырды. Мобильдік топ мүшелері түсініктемелерді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдады. Анықталған жағдайлар бойынша кімге ескерту беріліп, кімге айыппұл салынатыны сол мамандардың құзырында.

Осы күні 22:00-де мобильдік топ мүшелері қала аумағындағы мейрамханаларды да тексеруге шығып, «Дубай-Мангал», «KishMish», «Самарканд» және «Park Palas» тамақтану орындарына барды. Аталған кафелердің ішінде 50 адамнан артық қонақтар қабылдағандар болды. Ендігі кезекте олардың әрқайсысына сәйкесінше ескерту жасалып немесе айыппұл салынады. Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев мобильдік топ мүшелері күнделікті рейдке шығатынын және инфекцияның алдын алу мақсатындағы жұмыстардың барлығы тұрғындардың саулығы үшін жасалып жатқанын айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.