Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көптің көңілінен шыққан көрме

0 349

Көркемсурет галереясында «Ұлы даланың қолөнер шеберлері» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі, көркемсурет галереясы және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ұжымы бірлесіп ұйымдастырған көрмеге қаладағы шебер суретшілердің және кейінгі жас өрендердің туындылары қойылды. Ұлттық құндылықтар айшықталған туындыларға қарап қазақ қоғамының өмір салтынан бастап, тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері еске түседі. Қылқалам шеберлерінің ой ұшқырлығын осыдан-ақ тануға болады. Бұл күні бірқатар суретшілер өзінің сурет салатын құралдарымен келіп, шеберлігін көрсетті. Өнерге құштар қауым шығармашыл жандардың талантына тәнті болды.

Көрменің бірінші күнінде облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы Ержан Әмірбекұлы, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров келіп, суретшілердің өнеріне оң бағасын берді.

– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы. Осындай тарихи кезеңде ұйымдастырылып жатқан көрменің тәрбиелік мәні жоғары. Бұл көрменің бір ерекшелігі – оқытушылар мен бейнелеу өнерінің жас шеберлерінің туындылары қатар қойылды. Елімізде талантты жастар көп, бірақ барлығының бірдей танылуы қиын. Демек, бұл көрме арқылы алдыңғы буын мен кейінгі жас толқынның арасындағы байланыстың берік екенін байқаймыз, – деген Махметғали Нұрғалиұлы қылқалам шебері, профессор Мухамет-Умар Паншаевты Жамбыл облысы мәслихатының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Тараздық суретшілердің тамаша туындылары қойылған көрме екі аптаға созылады. Осы уақыт аралығында қала және аудандық колледж, мектептердің оқушыларын шақыру жоспарланыпты. Көрменің негізгі мақсатының бірі – кәсіптік бағдар, яғни университетке болашақ суретшілерді тарту болып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.