Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дарынды балалардың дайындығы жақсы

0 851

Еліміз жыл өткен сайын өркендеп, экономикалық ахуал тұрақталып келеді дейміз. Бұған мысал ретінде түрлі саладағы жетістіктерді атап өтіп, соның ішінде өндірістегі өрістің кеңейгенін мақтанышпен айтамыз. Мемлекетіміздің алға қойған басым бағыттарының бірі – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, озық үлгідегі технологияларды игеруден шет қалмау. Осы ретте қала аумағында білімді жастардың біліктілігін арттыруға барынша қолдау көрсетіп жүрген қалалық білім бөліміне қарасты Техникалық шығармашылық орталығын атап өтпеске болмайды. Орайы келгенде біз де орталықтың директоры Марат Ибраимовпен сұхбаттасқан едік.

– Өңірлерде мектептен тыс қосымша білім беру орталықтары соңғы жылдары гуманитарлық мамандықтардан гөрі балалардың техникалық жағынан қабілетін арттыруға ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде Техникалық шығармашылық орталықтың негізгі бағыты қандай?

– Мекемеде негізінен техникалық, сәндік-қолданбалы, әлеуметтік-экономикалық және биология-экологиялық бағыт бойынша 28 үйірме бар. Аталған төрт бағыт бойынша 302 топта 3458 бала тәрбиеленуде. Басты мақсат – жас өрендердің мамандық таңдауына ықпал ету. Орталықтың бас ғимаратынан бөлек, №10, №2, №4 мөлтек аудандарда филиалдар жұмыс істейді. Шалғай аудандарда орналасқан 12 мектепте қалалық білім бөлімінің ұсынысымен үйірмелер аштық. Мекеменің аты айтып тұрғандай, біз негізінен техникалық бағыттағы үйірмелерге жоғары мән береміз. Соның ішінде «Әуе үлгілеу», «Кеме үлгілеу», «Зымыран үлгілеу», «Автокөлік үлгілеу», «Компьютерлік графика» (анимация) және «Робототехника» сыныптарында атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Үйірмелердің көбінде балалар 2 жыл білім алады. Ал жоғарыда аталған бес бағыт бойынша білімін жетілдірсем дейтін балалар үш жылға дейін оқиды. Орталықтың бас ғимараты 2008 жылға дейін өндірістік комбинат болған. Онда балалар көлік жүргізуді, тағам әзірлеуді, медициналық көмек көрсетуді және тігін тігуді үйренген. Техникалық шығармашылық орталығы құрылған тұстан бастап ата-аналардың ұсынысымен өндірістік комбинатта болған үйірмелер қайта ұйымдастырылған.

– Орталық құрылған жылы-ақ балалардың біліктілігін арттыратын үйірмелер көп болған сыңайлы. Сол кезеңдерде техника жағы шетте қалып кетпеді ме?

– Мен 2016 жылы мекеменің басшылығына келдім. Сол үшін де өткен сегіз жыл туралы айта алмаймын. Дегенмен орталықтан шыққан үздік түлектер бар-жоғын сұрастырып көргенмін. Бірақ әлі де техникалық бағытта үлкен жетістікке жеткен тәрбиеленушілер жайында дерек таба алмадым. Шындығын айтсақ, орталық құрылған тұста да, кейінгі сегіз жылда да техникалық үйірмелер ақсап тұрды. Оның негізгі себебі өңірдегі жоғары оқу орындарында әуе, кеме, зымыран үлгілеу бойынша мамандықтар жоқ. Сондықтан аталған бағыт бойынша мамандардың барлығын өзім іздеп тауып, орталыққа шақырдым. Мәселен, кеме үлгілеуде қолдан желкенді қайық жасап сатумен айналысатын Нұрмахан Ахметов деген жасты тарттым. Өзім бағыт-бағдар беріп, жол сілтедім. Қазір Нұрмаханның шәкірттері байқауларда тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Ал әуе үлгілеуге бұрын АН-2 (Антонов) ұшағын тізгіндеген Александр Лысенко деген азаматты шақырдым. Ұшақ үлгілеудің қыр-сырын ұшқыш біледі ғой. Ол 2019 жылы облыстың үздік қосымша білім беру педагогы атанып, қаржылай сыйақыға ие болды.

– Төрт жылда болашақ технократтарды даярлайтын үйірмелердің базасы жаңарған екен. Нәтиже қалай?

– Жыл сайын Білім және ғылым министрлігінің қаулысымен бекітілген негізгі бес бағыт бойынша және «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» деген екі ірі инновациялық байқау ұйымдастырылады. Дәл осы білімділер бәсекесінде еліміздің барлық аймақтарының дайындығы пысықталады десек те болады. Расын айтсақ, көп жылдар бойы шығармашылық орталықтың өрендері ірі байқауларда топ жармаған. Біз 2018 жылы 9 номинация бойынша өтетін «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» байқауында бірінші орын алдық. Бұл орталықтың алғашқы жетістігі еді. Жарыста үздік шыққан шығармашылық орталық ретінде 2019 жылы республикалық байқау біздің өңірде өтті. Айта кету керек, сол дүбірлі жарысты облыстық білім басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Конкурста облыстың намысын екі бірдей команда қорғады. Өңірде алты шығармашылық орталық болған соң, қала өз алдына бір команда болса, екінші команда аудандардан жасақталды. Жарыс қорытындысы бойынша біздің орталық үздік болса, екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласы алып, үздік үштікті ақтөбелік өрендер түйіндеді. Өткен жылы аталмыш жарыс елдегі карантиндік жағдайға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. Онда да жамбылдық балалар топ жарды. Сонымен жас технократтардың жарысында біздің орталықтың балалары екі жыл қатарынан алдына жан салмады. Тағы бір үлкен жетістігіміз «Робототехника» үйірмесінің тәрбиеленушісі Дмитрий Торопов пен Ағаділ Серіков Қытайдың халықаралық лагері ұйымдастырған жобада үшінші орын алды. Осыдан бірер апта бұрын «Робототехника» үйірмесінің тәрбиеленушілері «KazRobotics» қазақстандық білім беру және робототехника федерациясы ұйымдастырған жарыста командалық есепте бірінші орын алды. Бұл жеңістің барлығы ең әуелі білім басқармасының қолдауының арқасында келді десек қателеспейміз. Себебі жыл сайын орталықтың жұмысын ілгерілету үшін қаражат бөлінеді. Оған үйірмеге қажетті құрал-жабдықтар алып, мүмкіндікті тиімді пайдаланып жатырмыз. Сол үшін де алаңдауға себеп жоқ, дарынды балалардың дайындығы жақсы деп марқайып айта аламыз.

– Карантин режимі көптеген салаға тұсау болғаны белгілі. Осы тұста орталықта қашықтан оқыту форматы қалай ұйымдастырылды?

– Орталыққа биыл келген балалардың әуелі теориялық білімін жетілдіру мақсатында қашықтан оқытып жатырмыз. Білім және ғылым министрінің бұйрығымен қосымша білім беру мекемелері жоғарыда атап өткен негізгі бес бағыт бойынша дәстүрлі оқытуға көшті. Себебі дәл осы біз басымдық беріп отырған үйірмелерді нысанның сыртында өткізуге болады. Санитарлық нормаларды қатаң сақтап отырмыз. Нақ қазір балалардың 40 пайызы дәстүрлі, ал 60 пайызы онлайн оқып жатыр.

– Үздік шәкірттеріңіз бар шығар?

– Орталықта білікті балалар баршылық. Соның ішінде әуе үлгілеуде тәрбиеленген Николай Алиев дейтін көпбалалы отбасыдан шыққан баланың қабілетін байқадым. Мектеп бітірген соң, Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне оқуға түсіріп, орталыққа жұмысқа алдым. Қазір осы сала бойынша мамандар тапшы болған соң, өзіміздің шәкірттерге сенім артуға тура келіп отыр. Бірер жылда әуе үлгілеуге тағы бір талапты жасты тартуды көздеп отырмыз. Гуманитарлық бағытта алғашқы қадамын бізден бастаған балалардың жетістігін де ерекше атап өтуіміз керек. Сол жастардың алды түрлі салада жұмыс істесе, кейінгі толқын да әуелден таңдаған мамандығы бойынша еліміздің маңдайалды оқу орындарында білім алуда. Біз оларды орталыққа шақырып, тәрбиеленушілермен кездесу ұйымдастырамыз. Бұл да болса балғындар үшін тәрбиелік мәні жоғары іс-шара деп білеміз. Енді бірер жылдан кейін техникалық бағыттағы балалардың да жетістігін көретін күн алыс емес деп ойлаймын.

– Орталықтың директоры ретінде жаңа технологияларға әуес балаларға қандай қолдау қажет деп ойлайсыз?

– Мектептерде республикалық пәндік олимпиадаға қатысып, төбе көрсеткендерге жағдай жасалады. Жоғары оқу орындарынан білім гранты беріледі немесе жеңілдіктер беріледі. Ал қосымша білім беру орталықтарында мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Бүгінде түрлі деңгейдегі байқауларда топ жарып жүрген дарынды балалар баршылық. Солардың қарымын байқап, қажетінше өзінің саласы бойынша білім алуға мүмкіндік жасағанымыз дұрыс деп ойлаймын. Қазір осы мәселені көтеріп, Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығына ұсыныс жасағанбыз. Бірақ ол жақтан әлі хабар келмеді. Алдағы уақытта бір жағымды жаңалық болады деген үміттеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.