«Grand bazar» сауда кешенінде ұйымдастырылған жәрмеңкеде 35 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланды.
Дәрмен ЕРБОЛОВ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ
Аптаның әр сенбісінде ұйымдастырылатын жәрмеңкеге бұл жолы Талас, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары мен қаланың тауар өндірушілері, сондай-ақ «Алқаптан сөреге дейін» жобасына қатысушы жеке кәсіпкерлер мен тұрақтандыру қорының азық-түлік тауарлары жеткізілді.
Жәрмеңкеге арнайы келген қала әкімі Ержан Жылқыбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Амановпен бірге сөрелерді аралап, тауарлардың бағасы мен сапасын бағамдады. Тамақ өнеркәсібінде табысты еңбек етіп жүрген шаруалармен және тұрғындармен пікірлесті.
Бұл күні өнімдер нарықтағы бағадан 10-20 пайызға арзан бағада саудаланды. Жәрмеңке болатынын естіп, арнайы келген тұрғындар мүмкіндіктен құр қалмағанына ризашылығын білдіріп жатты. Тауарлардың ішінде 4,5 тонна ет, 1,0 тонна шұжық, 0,9 тонна сүт, 3,0 мың дана жұмыртқа, 0,2 тонна кондитерлік, 1,5 тонна макарон өнімдері, 1,3 тонна балық, 3 тонна ұн, 04, тонна бал және 21,8 тонна жеміс-жидек пен көкөністер болды.
Жыл сайын жәрмеңкеге келіп жүрген ірі шаруа қожалықтарының орны бөлек. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданындағы «Шәушен» қожалығы 0,7 тонна жылқы және қой етін, «Ақтоған» қожалығы 1,5 тонна макарон өнімдерін, Жамбыл ауданындағы «Asa Damu» серіктестігі 3 мың дана жұмыртқа, «Әулет» қожалығы 2,2 тонна көкөніс жеткізіпті. Тауар өндірушілер де сапалы өнімге сұраныстың жоғары болатынын біледі. Талас ауданынан сүт өнімдерін жеткізген «Шұғай» қожалығының басшысы Сабыр Каримовтің айтуынша, жергілікті әкімдіктің ықпалымен ұйымдастырылатын жәрмеңкелер өнімдерді делдалсыз сөреге қоюға септігін тигізеді. Бұл шаруалар мен қала тұрғындарына да тиімді.