Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мереке қарсаңындағы мерейлі сәт

0 154

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында тараздық 135 отбасы баспаналы болды.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Жыл сайын елімізде «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы аясында көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көппәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілуде. Жалпы қай өңірде болмасын тұрғындарды ең бірінші кезекте баспана мәселесі алаңдатады. Үй алу үшін кезекке тұратындардың үлесі де жыл сайын артып келеді. Ал «Бином» ЖШС салған 135 пәтерлі тұрғын үйде алдағы уақытта жалпы 27 жетім бала, 66 әлеуметтік аз қамтылған отбасы және 42 бюджеттік ұйым қызметкерлері тұрады.

Мереке қарсаңында алғысқа кенелген қала тұрғындарына пәтер кілтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев табыстады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өзекті. Облыста тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте 30 мыңнан астам азамат тұр. Былтыр Тараз тұрғындарына екі мыңға жуық пәтер берілді. Осы жылы біз көрсеткішті арттырып, кезекті барынша қысқартуды жоспарлап отырмыз. Жуырда облыс кәсіпкерлері мен кәсіпорын басшыларын жинап, солардың есебінен үй салу да жоспарда бар. Жыл өткен сайын 15-ші шағын аудандағы оң өзгерістерге өздеріңіз куә болып келесіздер. Көп ұзамай мұнда екі мектеп, балабақша, фельдшерлік пункт, полиция бөлімшелері ашылады. Ал жол мәселесі аумақтың инфрақұрылымдық жүйелері толығымен реттелген соң шешіледі. Барлық аруларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын. Ана – отбасының жүрегі. Сондықтан біз оларды жан-жақты қолдауымыз керек, – деді Бердібек Сапарбаев.

Бұл күні кезегі келіп, үйлі болған отбасылар риза болысты. Мәселен, 15 жасар мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған Әмина Якубжанованың үй кезегіне тұрғанына 10 жылдан асыпты. Өмірлік жолдасы дүниеден өткен. Осы уақытқа дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген. Өзі облыстық перинаталдық орталығында медбике болып жұмыс істейді. Ақжүрек ана: «Маған берілген екі бөлмелі пәтердің ішін әлі көргенім жоқ. Кеше жұмыс уақытында үйлі болғанымды естіп, қуанышым қойныма сыймады», – деп қуанышын жасыра алмады.

Осы күні пәтерлі болған барлық отбасылар мереке қарсаңындағы тосын жаңалыққа дән риза болысып, облыс әкімдігіне алғыс айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.