Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар өтініші ескерілді

0 458

«Nur Otan» партиясының қалалық филиалына қарасты «Таразкоммуналкөлік» бастауыш партия ұйымында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті.

Сәндібек Піренов Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қабылдауда партияның облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова, партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Уәлихан Байдуанов, қалалық мәслихаттың депутаттары Эльмира Мырза-Ғали мен Нұрлан Әбілдаев тұрғындардың сауалын тыңдап, шешу жолдарын қарастырды.

«Таразкоммуналкөлік» бастауыш партия ұйымының төрағасы, Тараз сервис және технология колледжінің директоры Бекбол Маймышев азаматтарды тізім бойынша шақырып, мәселелерін баяндап отырды. Депутаттарға бірінші болып қайырылған тұрғын Әділет Жатқанбай электронды еңбек биржасына тіркеліп, сол арқылы қоғамдық қабылдауға келіпті. Негізгі мамандығы – слесарь. Бірақ әлі күнге дейін өз мамандығымен жұмыс істемеген. Қарауыл болып жұмыс істеуге сұранып отыр. Осы ретте колледж директоры Бекбол Маймышев: «Қарауыл болып жұмысқа орналасқандар 60 мың теңге жалақы алады. Тиімділігі – ауысыммен жұмыс істейді. Бос күндері қосымша жұмысына кірісіп кетеді», – деп мән-жайды ашып айтты.

– Мекеменің аумағы үлкен. Сондықтан ең әуелі қарауылдың жауапкершілігіне мән береміз. Енді Әділет Жатқанбай жұмыс барысымен танысып, шаруашылық бөлімінің мамандарымен әңгімелеседі. Штатта қарауылға бос орын бар, өтінішті барынша қанағаттандыруға тырысамыз, –деді Бекбол Маймышев.

Қоғамдық қабылдауға келген «Шөлдала» алқабының тұрғыны Венера Қалбаева аталған колледжде еден жуушы болып жұмыс істеуге сұранған. Ол электронды еңбек биржасына тіркеліп, білім мекемесіне жұмыспен қамту орталығының нұсқауымен келген. Осы ретте депутаттар педагогтар мен кіші және әкімшілік қызметкерлердің арасындағы алшақтық мәселесі туралы ой бөлісіп, Венера Қалбаеваның өтінішін қабылдады. Тізім бойынша көпбалалы ана Сания Айтмахамбетова ақылы топта білім алып жүрген қызын мемлекеттік грантқа ауыстыру бойынша көмек сұрай келіпті.

– Осы жағдай бойынша нәтижелі жұмыспен қамту туралы бағдарлама бар. Соның шеңберінде жыл сайын жастардың кәсіби білім алуына жалпы облыс, қала көлемінде гранттар бөлінеді. Оны көпбалалы, аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар иеленеді. Қала бойынша 2019 жылы 312, өткен жылы 328 бала осы мүмкіндікпен грантқа түскен. Оларға қосымша әлеуметтік қолдау ретінде жолақы, ыстық тамақ және жатақхана қарастырылған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жыл сайын гранттың саны артуда. Тегін білім алуға қарастырылған жолдаманы қала әкімдігінің жанындағы мобильдік топтың мүшелері білім бөлімі арқылы жолдайды, – деді Уәлихан Байдуанов.

Колледж директоры Бекбол Маймышев көпбалалы ананың өтінішін ескеріп, мемлекеттік грантқа бос орын бар екенін және соған сәйкес ұсыныс мобильдік топтың шешімімен қаралатынын айтты. Осыдан кейін колледжге аула сыпырушы болып жұмысқа орналасуды көздеген Николай Сасиннің де өтініші қабылданып, мекеме басшылығы колледж маңында тұратын азаматтың жұмысын үш ай сынақ мерзімінде бақылайтынын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.