Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүйелі жоспар, нақты жұмыс

0 287

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың онлайн форматта халыққа есеп беру кездесуі өтті. Жиын жергілікті телеарналар, облыс әкімдігінің сайтында, «Instagram», «Facebook» және «YouTube» ресми парақшаларында тікелей эфир арқылы көрсетілді. Сондай-ақ өңір басшысы тікелей эфир кезінде әлеуметтік желілер, «109» қысқа нөмірі бойынша Сall-орталыққа және «Skype» қосымшасы арқылы түскен облыс тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Зере ҚУАНЫШ

Алдымен Бердібек Машбекұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша әңгімелеп берді. Мемлекет басшысының қолдауымен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуының аясында жергілікті билік халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындаған.

– Біздің кәсіпорындардың, кәсіпкерлердің қиындыққа, дағдарысқа, індетке қарамастан істеген жұмыстарының нәтижесінде 2020 жылы өңірдің ішкі өнімі былтырғы жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға өсті. Барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда жоғарылаған. Республиканың көрсеткіштерінен төмен емес. Өткен жылы кәсіпорындардың шығарған өнімі жарты триллион теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы саласының өнімі де 5,3 пайызға жоғарылаған, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Былтыр бізде жаңа экономикалық сала пайда болды. Ол – фармацевтика саласы. Қазір індетке байланысты үш фармацевтика өнімдерін шығаратын кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың өткен жылғы шығарған өнімдері 2019 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өскен. Енді осы қарқынды сақтай отырып, биыл ең кем дегенде 2,6 миллиард фармацевтикалық өнім шығару басты міндет болып тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес індетті тезірек тоқтату мақсатында Отар елді мекенінде биофарм зауыты салынып жатыр. Оған мемлекеттік бюджеттен қосымша 8 миллиард теңге бөлінген. Жоспар бойынша оның құрылысы биыл аяқталуы тиіс. Сәуір айында ол зауыттан 50 мың дозалық вакцина шығарылады. Жалпы бұл зауыттың қуаттылы-ғы – жылына 30 миллионнан 60 миллионға дейін доза шығару. Ол жерде негізінен ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері жұмыс істейді. Оларға жағдай жасау үшін Үкіметтің қолдауымен 60 пәтерлі бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Маусымға дейін тағы қосымша екі 60 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ. Яғни 180 пәтерлік үй пайдалануға беріледі. Сонымен қатар спорт және мәдениет кешендері салынатын болады.

Экономиканы дамытудағы облыстың басты тірегінің бірі – «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы. Бұл корпорация аймақтағы 2 мыңнан астам нысанмен бірлесіп жұмыс істеуде. Былтыр корпорация кәсіпорындар мен шаруашылықтарға 13 миллиард теңгенің көмегін көрсетті. 15 мыңдай адам осы корпорацияның қолдауына ие болды. Мұндағы негізгі мақсаттардың бірі – баға бағамына байланысты құрылған тұрақтандыру қорын ары қарай дамыту. Яғни қолдауды, көмекті қажет ететін көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға арзан бағамен азық-түлікті сатып алуды қамтамасыз етеді. Бұл мақсатта 15 әлеуметтік дүкен ашуды жос-парлап, оның 13-і ашылды. Ол жерде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары төмен бағамен өткерілуде. Онда жұмыс істейтіндер де аз қамтылған, көпбалалы отбасының мүшелері.

– Ирригациялық жүйелер туралы айтатын болсақ, арықтарды, канал, лотоктарды тазалау, жөндеу жұмыстары ары қарай жалғасады. 2019 жылы механикалық отряд құрылған. Бұл да облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған. Өте дұрыс. Біз ол жұмысты да ары қарай жалғастырамыз. Тараз қаласында 8 канал, 2 дренаж бар. Былтыр оларды тазалау жұмыстарын бастадық. 180 миллион теңге бөлінді. Таразда 51 километр лоток бар, соның 21 шақырымы жөнделді. Оған 300 миллионнан астам теңге бөлінді. Біздің мақсат – арық, каналдарды жөндеу арқылы суармалы алқаптарды көбейту, – деді өңір басшысы.

Тағы бір келелі мәселенің бірі– тұрғын үй. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір қазақстандыққа қолайлы өмір сүру жағдайын жасау керек деген болатын. Бірінші кезекте тұрғын үймен қамту қажет. Өткен жылы 670 мың шаршы метр тұрғын үй салу мақсат етілсе, биыл 700 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған. 880 жамбылдық тұрғын жалдамалы тұрғын үйден пәтер алды. Енді биыл оны мың адамға жеткізу мақсаты тұр. Тұрғын үй кезегінде 32 мың адам бар. 2446 пәтер пайдалануға берілді. Бұл әлі де аз.

Сондықтан инфрақұрылым жүргізу ісіне әлі де кәсіпкерлерді, компаниялар мен ірі өнеркәсіп орындарын тарту керек. Қазақстанда алғашқы болып «Асарлатып үй салу» жобасы Жамбыл жерінде қолға алынды. Былтыр осы жобамен 98 үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, былтыр 1300 километр жол жөнделді. Осылайша, Жамбыл облысы жол жөндеу бойынша республикада алдыңғы орынға шықты. Биыл 1000 километр жол салынады. Бұл бойынша жергілікті әкімдік Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеуде.

Енді жол салуда жаңа технологияны қолдану керек. «Жасыратыны жоқ, қоғамдық көлік жөнінде түйткілді мәселе бар. Электронды билетті енгізудегі мақсатымыз бекерден-бекер емес. Бәрі ашық болуы керек. Таза болуы тиіс. 100 пайыз билеттендіру керек. Қанша ақша түскенін, қайда кетіп жатқанын қадағалаймыз. Автобустардың жағдайы да көптің алаңдаушылығын туғызуда. Өткен жылы 100 автобус сатып алу жоспарланған. Бірақ ол іске аспай қалды. Биыл 100 автобус сатып алуды қайта жоспарлаудамыз», – дейді облыс әкімі.

Білім сапасын арттыру, колледж бен жоғары оқу орындарын бітіргендерді жұмыспен қамту – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Індетке байланысты оқу методикасы өзгерді. Бүгінде оқушылардың 49 пайызы қашықтан, 51 пайызы дәстүрлі түрде оқытылуда. 22 нысанның құрылысы басталды. Оның 13-і былтыр пайдалануға берілді. Қалғанының құрылысы жалғасуда. Мемлекет басшысы барлық мектептерді бейнебақылаумен қамтуды, әжетханаларын ішке кіргізуді тапсырған болатын. Бұл облыста былтыр толығымен орындалды. Сондай-ақ білім саласы өткен жылы 497 жас маманмен толықты.

Былтыр өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы орын алған еді. Жалпы өткен жылы індетке байланысты өткізілген іс-шараларға 11 миллиард теңге жұмсалды. Оның ішінде дәрі-дәрмек, құрал-жабдық, көлік сатып алу бар. Үкіметтің көмегінің нәтижесінде қазір 2 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталды. Науқастар саны артып кеткен жағдайда 4300 төсек орны дайындалған. Т.Рысқұлов ауданындағы бұрынғы 200 орындық туберкулез ауруханасы, Тараз қаласында қосымша 180 орындық перзентхана ғимараты дайын тұр. Індетке шалдыққандар әзірге аз. Дегенмен өңірде әлі де 257 дәрігер жетіспейді. Індеттің алдын алу мақсатында 183 маман даярланды.

– Өңірдегі медицина мекемелерін дәрігерлермен қамтамасыз ету үшін Алматы мемлекеттік университетімен келісімшартқа тұрдық. Былтыр сол университеттің филиалы ашылды. Филиалға Жамбыл өңірінен барып университетте оқып жатқан 100 резидент тарттық. Олар оқуын №7 қалалық аурухана мен медколледж базасында өткізеді, – деді бұл жөнінде Бердібек Машбекұлы.

Аймақта бұқаралық спортты дамыту 32 пайызды құрады. Былтыр 13 жабық спорт нысаны, 92 спорт алаңы салынды. Енді 8-ін салу жоспарда. Сөйтіп, алдағы жылы бұқаралық спортпен айналысатын халықтың үлесін 35 пайызға жеткізу көзделген. Жастар арасындағы еріктілер жобасы әрі қарай жалғасын табады. Мәдениет және туризм саласында да оң жұмыстар атқарылуда. Цифрландыруға байланысты барлық елді мекендерде интернет жүйесін енгізу, оның жылдамдығын арттыру мәселесі назарда тұр. Бұл бағытта тиісті министрліктермен жұмыстар жасалуда.

– Міне, тәуелсіздік бізге осындай үлкен сый жасап, дамуға кең жол ашты. Еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында осындай қыруар шаруа атқарылды. Алдағы уақытта да ынтымақ-бірлікпен жұмыс істейтін болсақ, биік межелерге қол жеткіземіз, халықтың тұрмысын жақсартамыз, – деген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жиын соңында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.