«Nur Otan» партиясының мәжіліс залында партияның Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясының алғашқы отырысы өтті.
Арайлым ШАБДЕНОВА
Жиынға қала әкімі Айтқазы Қарабалаев пен партия атынан сайланған қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты.
Ағымдағы жылдың 15 қаңтары күні өткен Тараз қалалық мәслихатының сессиясында «Nur Otan» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясы тіркеуден өткен болатын. Бүгінгі таңда фракция құрамына Тараз қалалық мәслихатының 24 депутатының арасынан 20 «Nur Otan» партиясының мүшесі еніп отыр. Ал фракцияның ең басты мақсаты – өңірдің өркендеуіне үлес қосу және партияның алдағы 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасының орындалуына барынша ықпал ету. Күн тәртібіне шығарылған «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың жол картасын талқылау бойынша хабарламаны қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев жасады.
– Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың жол картасы әзірленіп, орталық аппаратпен келісілді. Аталған жол картасы 107 іс-шарадан тұрады. Жалпы партияның сайлауалды бағдарламасында бесжылдықта Тараз қаласын дамытудың жеті басымдылығы қарастылған. Басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсартып отыру үшін жағдай жасау. Бірінші басымдық – экономикалық тұрақты қала, екінші – жайлы қала құру, үшінші – әлеуметтік бағдарланған қала, төртінші – жастар үшін қала және бесінші бағыт – тарих және мәдениетті дамыту, алтыншы – ашық және жауапты жергілікті органдар, жетінші – қауіпсіз қала, – деген Алмас Қадырбекұлы әр бағытқа жеке тоқталды.
Сондай-ақ жиында Сайлауалды бағдарламаны жүзеге асырудың жол картасы жобасын талқылау барысында №5 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры Мұрат Бердалиев пен Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясының директоры Ләззат Қызылқұлова сөз алып, ойларын ортаға салды. Сонымен қатар фракция отырысында «Nur Otan» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясы жетекшісінің орынбасарын сайлау туралы, «Nur Otan» партиясының Тараз қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясы төралқа құрамын бекіту туралы және депутаттық фракциясының 2021 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелер қаралды. Жиынды қорытындылаған қала әкімі депутаттарға тұрғындармен кездесуде құрғақ уәде берудің қажеті жоқтығын баса айтты.
– Тараз қалалық мәслихаты депутаттарының құрамы 70 пайызға жаңарды. Депутаттардың орташа жасы 46 жасты құрады. Әйел азаматтарымыз 30 пайызға және жастардың үлес салмағы 17 пайызға жетті. Сайлаудан бері партияның Тараз қалалық филиалы бірқатар ұйымдастыру шараларын іске асырды. Партиялық тізім бойынша жаңа депутаттар корпусын қалыптастырдық. Тараз қалалық мәслихатындағы тұрақты комиссиялардың жаңа құрамы жасақталды. Тараз қаласының алдағы бес жылға арналған сан салалы қызметтерінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси бағыттарын айқындаған жол картасының жобасын әзірледік. Өңірді дамыту жол картасының үлкен ерекшелігі – 2025 жылға дейінгі атқарылатын барлық шаралар толығымен қаржылай қамтамасыз етілген. Бұл «Nur Otan» партиясының Тараз қалалық филиалы мен қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясына үлкен міндеттер жүктейді. Ол – бірінші кезекте, бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына партиялық бақылау жасау. Екінші, құрылыс сапасын қадағалау мен құрылыс нысандарын белгіленген мерзімінде өткізуге барынша ықпал ету. Үшіншіден, бұл бағыттағы жұмыстар барысында сыбайластық әрекеттерге жол бермеуді тиісті органдармен бірге жіті қадағалау. Төртіншіден, «Nur Otan» партиясының сайлауалды үгіт кездесулерінде халыққа берген уәделерінің орындалуына ашықтық жағдайын қалыптастыруды басты назарға алған дұрыс. Сондай-ақ тұрғындармен кездесу барысында алдын ала жоспар құрып, жұмысты жүйелеп алыңыздар. Тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдарды жеткізуші – сіздерсіздер, сондықтан бекітіліп қойған жоспарға сай жұмыс істеп, аймақтағы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын дұрыстап жүргізіңіздер. Себебі түсініспеушіліктің салдарынан үлкен дау-дамай тууы мүмкін. Оның алдын алу үшін биыл қандай көше жөндеуден өтетінін, жалпы жоспарда не бар, не жоқ екенін біліп алғандарыңыз өздеріңізге жақсы, – деді Айтқазы Дәулетқұлұлы.